Путиннің Пригожин тәрізді жұмбақ тағдырлы жаулары

2528

Олардың қатарында агенттер, саясаткерлер, журналистер бар. Дегенмен, бұл адамдарға жасалған құпия шабуылдарға Мәскеу өзінің қатысы барын жоққа шығарып келеді. 

Путиннің Пригожин тәрізді жұмбақ тағдырлы жаулары

Ресейдің жалдамалы әскерінің басшысы Евгений Пригожин жеке ұшағы апатқа ұшырап, тірі қалған жоқ деп есептеліп отыр.

62 жастағы Пригожин 23-24 маусымда Ресей армиясының қолбасшыларына қарсы көтеріліске мұрындық болды. Оның бұл әрекетін президент Владимир Путин Ресейді азаматтық соғысқа бастайтын жол деп сипаттады.

Путинге немесе оның мүдделеріне қарсы шыққан басқа адамдар да түсініксіз жағдайда қайтыс болды немесе өмірлерімен қош айтыса жаздады.

Сол жұмбақ оқиғалар туралы кейбір мәліметтер төмендегідей:

АЛЕКСЕЙ НАВАЛЬНЫЙ

Ресей оппозициясының жетекшісі Алексей Навальный 2020 жылдың тамызында Сібірде "Новичок" әскери агентінен уланған соң Германияға емделуге жөнелтілді. Ресей бұл оқиғаға қатысы барын жоққа шығарды.  

Навальный 2021 жылы Ресейге өз еркімен оралып, бүкіл әлемді таң қалдырды. Ол еліне жеткен бойда қамауға алынды. Оппозиционер 11 жылдан астам уақытқа сотталып, алаяқтық және басқа да айыптар бойынша түрмеде отыр.  Оның саяси қозғалысы заңсыз деп танылып, "экстремистік" атанды. Жақында Навальныйдың қатаң режимдегі колонияда жаза өтеу мерзіміне қосымша 19 жыл қосылғаны мәлім болды.

СЕРГЕЙ СКРИПАЛЬ

Британ барлау қызметіне құпия мәліметтер берген бұрынғы ресейлік қос агент Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия 2018 жылы наурызда Англияның Солсбери соборындағы сауда орталығының сыртындағы орындықта ес-түссіз табылды.

Олар ауыр халде ауруханаға жеткізілді, ал британдық шенеуніктердің айтуынша, әке мен бала 1970-1980 жылдары кеңес әскерлері жасаған жүйкеге әсер ететін "Новичоктан" уланған. Дегенмен, екеуі де одан аман қалды.

Ресей бұл оқиғаға қатысы барын жоққа шығарып, Ұлыбританияны Ресейге қарсы байбалам көтерді деп айыптады.

ВЛАДИМИР КАРА-МУРЗА

Ресейлік оппозиция белсендісі  Владимир Кара-Мурза өзін біреулердің 2015-2017 жылдары уламақ болғанын айтты. Кейінірек неміс зертханасы оның организмінде сынап, мыс, марганец және мырыштың жоғарылағанын анықтады, деп хабарлайды Reuters агенттігі. Мәскеу бұл оқиғаға да қатысы барын жоққа шығарып отыр. https://letsgophotos.ru/

АЛЕКСАНДР ЛИТВИНЕНКО

КГБ-ның бұрынғы агенті және Путинді ашық сынаған Александр Литвиненко 2006 жылы Лондондағы Millennium қонақүйінде сирек және күшті радиоактивті изотоп - Полоний-210 қосылған көк шайды ішкеннен кейін 43 жасында қайтыс болды.

Британиядағы тергеу 2016 жылы аяқталды. Оның нәтижесіне қарағанда, Путин бұл қастандықты мақұлдаса керек. Алайда Кремль осы қылмыс үшін мойына жауапкершілік алған жоқ.

Британдық жоғары лауазымды судья басқарған тергеу қорытындысына жүгінсек, КГБ-ның бұрынғы оққағары Андрей Луговой мен тағы бір ресейлік Дмитрий Ковтун бұл улау операциясын Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ)  көмегімен жүзеге асырса керек.

АЛЕКСАНДР ПЕРЕПИЛИЧНЫЙ

44 жастағы ресейлік 2012 жылдың қарашасында жүгіруге шыққаннан кейін Лондонның сыртындағы сәнді үйінің жанында өлі күйінде табылды.

Александр Перепиличный 2009 жылы Ресейдің ақшаны жылыстату схемасын Швейцарияда тергеуге көмектескеннен кейін Ұлыбританиядан пана іздеген.

Сотқа дейінгі тыңдалымда белгілі болғандай, оның асқазанынан гельсемий өсімдігінен алынатын сирек кездесетін және өлімге әкелетін удың ізі табылды.

Перепиличный орыстың танымал тағамы – шавель қосылған сорпаны ішкеннен кейін жан тәсілім етті. Ресей бұл әрекетке де өзінің қатысы барын жоққа шығарып келеді.

ВИКТОР ЮЩЕНКО

Сол кездегі Украина оппозициясының жетекшісі Виктор Ющенко 2004 жылғы президенттік сайлау науқаны кезінде мәскеушіл премьер-министр Виктор Януковичке қарсы митингтер өткізіп уланған.

Ол Киевтің сыртында Украина қауіпсіздік қызметі шенеуніктерімен кешкі ас ішіп отырғанда уланды. Ресей бұл оқиғаға қатысым жоқ дейді.

Ющенконың денесінен әдеттегіден 1000 есе көп диоксин анықталды және де уланудан оның беті мен денесі бұжырланып, емделу үшін ондаған ота жасатуға тура келді.

Украинаның Жоғарғы соты Януковичті жеңімпаз деп танығаннан кейін елде "сарғылт түсті реолюция" шерулері өтіп, сайлау қайта ұйымдастырылып, онда Ющенко жеңіске жетті.

АННА ПОЛИТКОВСКАЯ

Адам құқықтарының бұзылуы туралы талай мақала жазған журналист Анна Политковская 2006 жылы 7 қазанда Мәскеуде супермаркеттен үйіне қайтып келе жатқанда оққа ұшты. Екі баланың анасы 48 жастағы Политковскаяның өлімі Батыста үлкен наразылық тудырып, Ресейде жұмыс істейтін тілшілерге қауіп төніп тұрғаны жайлы алаңдаушылықты күшейтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу