Qazaq Oil компаниясында Донор күні өтті

985

Қан тапсыру арқылы жиналған қаражат "Мен тірімін" қайырымдылық жобасына бағытталды. 

 Qazaq Oil компаниясында Донор күні өтті Фото: Qazaq Oil

Дүниежүзілік донорлар күніне орай Qazaq Oil компаниясы кезекті рет Корпоративтік Донор күнін ұйымдастырды. Бұл шара компания қызметкерлері үшін дәстүрге айналған. Биыл да іс-шара Астана қаласында өтті: компания кеңсесінің автотұрағында арнайы жабдықталған жылжымалы зертхана орнатылып, қалаған қызметкер медициналық тексеруден өтіп, қан тапсыра алды.

Биылғы акцияға шамамен 50 қызметкер қатысты. Қан тапсыру процесі Қан орталығының мамандарының бақылауымен өтті. Жиналған қан материалдары Нұр-Сұлтан қаласындағы ауруханаларға жеткізіліп, мұқтаж жандарға көмек ретінде қолданылатын болады.

Qazaq Oil компаниясында донор күні жылына екі рет өткізіледі. Мұндай игі шаралар тек Астанада ғана емес, еліміздің басқа өңірлеріндегі филиалдарда да ұйымдастырылады. HR-менеджер Әсем Әлімованың айтуынша, бұл бастама ұжым арасындағы ұйымшылдықты арттырып, жағымды жұмыс ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.

– Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Өйткені біз жүздеген адамның өміріне көмектесеміз әрі әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетеміз, – дейді Әлімова.

Сонымен қатар, компания биыл да өзінің тұрақты қайырымдылық жобасын жалғастырды. Қан орталығынан түскен қаражат жануарлар паналайтын "Мен тірімін" приютына жем-шөп сатып алуға жұмсалды. Бұл — Qazaq Oil компаниясы үшін адамдар мен жануарларға бірдей қамқорлық көрсету дәстүріне айналған үшінші қайырымдылық акциясы.

Қан орталығының дәрігерлері донорларды тексеріп, қан тапсыру және оны әрі қарай өңдеу процесін жүзеге асырады. Олар мұндай шаралардың қоғам үшін, әсіресе науқастарға дер кезінде көмек көрсету тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.

Мұндай бастамалар ерікті қан донорлығы мәдениетін қалыптастыруға және компания қызметкерлері арасында әлеуметтік жауапкершілік деңгейін көтеруге сеп болады. Сонымен бірге, бұл ұжым ішіндегі бірлікті нығайтып, өзгеге қамқор болу маңызын алдыңғы орынға шығарады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу