Qazaq Oil жанармай құю станциялары желісінің ұжымы Мемлекет басшысының "Таза Қазақстан" экологиялық бастамасына қосылды. Компания қызметкерлері акция аясында бүкіл ел бойынша 400-ден астам нысанда сенбілік ұйымдастырды.

Жанармай құю станцияларының қызметкерлері өз бекеттерінің аумағындағы жұмыс аймақтары мен маңайдағы учаскелерді тазалады. Компанияның хабарлауынша, мұндай шараларға қатысу бір реттік акция емес, тазалықты сақтауға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.
Qazaq Oil компаниясының Астана және Павлодар облысы бойынша филиал директоры Диас Жұмағазиннің сөзінше, "Таза Қазақстан" бастамасын қолдау компанияның күнделікті жұмысының жалғасы іспеттес.
"Бүгін республика бойынша 400-ден астам жанармай құю станциясында компаниямыздың қызметкерлері сенбілікке шықты. Тазалық – біздің ұстанымымыз әрі жұмысымыздың маңызды негізінің бірі. Күн сайын біздің станцияларымызға мыңнан астам клиент келеді. Біз оларға жайлылық пен тәртіптен тұратын жоғары деңгейдегі қызмет көрсетуге ұмтыламыз", – деді ол.
Желі клиенттері бұл бастамаға оң қолдау білдірді. Жүргізушілер Qazaq Oil-ды жанармайдың сапасы үшін ғана емес, жоғары деңгейдегі қызмет көрсетуі мен тазалығы үшін де таңдайтынын жеткізді.
Компания экологиялық шараларға қатысу бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің көрінісі және қоршаған ортаға қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға қосқан үлесі екенін атап өтті.

