Астанада халықаралық Qazaqstan Hockey Open турнирі аяқталды.
Екі кездесуде жеңіске жеткен Беларусь құрамасы турнирдің жеңімпазы атанды. 2-орынды Ресей құрамасы иеленсе, қола медаль Қазақстанға бұйырды.
Қазақстан мен Беларусь арасындағы матчтың үздік ойыншысы деп қақпашы Максим Павленко танылды.
Қарсылас тараптан үздік ойыншы атағын шабуылшы Александр Скоренов алды.
Сонымен қатар, турнирдің әр амплуадағы үздік хоккейшілері анықталды:
- Үздік қорғаушы – Тамирлан Гайтамиров (Қазақстан)
- Үздік шабуылшы әрі сұрмерген – Александр Скоренов (Беларусь)
- Үздік қақпашы – Иван Кульбаков (Беларусь)
Бүгінгі матчтың алғашқы кезеңінде қонақтар ойыншылар басымдығын тиімді пайдаланып, "Северсталь" клубының хоккейшісі Александр Скоренов есеп ашты. Ал ойынның соңғы секундтарында "Динамо" шабуылшысы Вадим Мороз есепті 2:0-ге жеткізді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Беларуське есе жіберді.
Турнирдің алғашқы ойынында Қазақстан құрамасы Ресейдің 25 жасқа дейінгі жастар құрамасына 1:4 есебімен жол берді. Кейін Беларусь командасы ресейліктерден басым түсті.
Айта кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасы 9-25 мамыр аралығында Данияның Хернинг қаласында өтетін хоккейден әлем чемпионатына қатысады.
Қазақстан В тобында ойнайды. Қарсыластарымыз Швейцария, Чехия, Дания, Норвегия, АҚШ, Германия және Венгрия. Ал А тобында (Стокгольм, Швеция) Канада, Швеция, Финляндия, Словакия, Латвия, Австрия, Франция және Словения құрамалары бақ сынайды.