Qazkom мен Halyk Bank-тің бірігуі аяқталды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3285

Бұл туралы құжатқа өткен сенбі күні қол қойылды.

Qazkom мен Halyk Bank-тің бірігуі аяқталды

Халық банктің баспасөз қызметі хабарлағандай, Qazkom заң жүзінде және ерікті түрде барлық мүлкін, құқықтары мен міндеттерін қаржы ұйымдарының бірігуі аясында Halyk Bank-ке тапсырды.

"Біз бір жарым айдан астам уақытқа созылған үлкен үдерісті аяқтадық. Келіссөзден бастап кешенді қаржылық тексеруге дейінгі барлық іс-шаралар қажыр мен қайратты талап етті. Halyk Bank пен Qazkom бірыңғай технологиялық платформаға көшті. Қазақстандағы қаржы секторының және Halyk Bank тарихының жаңа кезеңі басталды", – деді "Халық банк" АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова.

Бұдан былай Qazkom мен Halyk Bank-тің клиенттері ортақ болады. Яғни Qazkom-ның клиентіне Halyk Bank, Halyk Bank-тің клиентіне Qazkom қызмет көрсете береді.

"Бас қалада Qazkom мен Halyk Bank-тің 41 бөлімшесі жұмыс істейді. Клиенттерге жаңа қызмет түрлерін ұсынамыз. Qazkom мен Halyk Bank-тің мақсаты мен мүддесі бір болады", – деді abctv.kz тілшісіне Halyk Bank Астана өңірлік филиалының директоры Жанар Рахимова

Halyk Bank-тің директорлар кеңесі өткен жылдың желтоқсанында Qazkom-ды өзіне қосып алу арқылы қаржы ұйымдарын біріктіруді мақұлдады. Шілдеде Halyk Bank Qazkom-ның 86,09% қарапайым акцияларын кәсіпкер Кеңес Рақышевтан, 10,72% акциясын "Самрұқ-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорынан сатып алды. Мұның алдында БТА банк Qazkom-ға 2,4 трлн теңге қарызын қайтарды. Қараша айында Halyk Bank-ті бақылайтын "Алмэкс" холдингтік тобы" АҚ Qazkom-ның 25,02% акциясына ие болды. Қазіргі таңда Halyk Bank Qazkom-ның 69,94% қарапайым акциясын, ал "Алмэкс" холдингтік тобы" АҚ 23,13% акциясын басқарып отыр.

Қазақстан Ұлттық банкінің дерегінше, Halyk Bank 2018 жылдың I жартыжылдығында активтерінің саны бойынша еліміздегі банктердің көшін бастады. Ал екінші орын Qazkom-ға бұйырды. KASE мәліметі бойынша, Halyk Bank орналастырған қарапайым акциялардың құны 12 млрд 688 млн 857 мың теңгеден асады.

Qazkom жұтылмайды, күшейеді
Ұлттық банктің мәлімдеуінше, Halyk Bank пен Qazkom осыған дейінгідей жеке қаржы институты ретінде қызметін жалғастыра береді. Qazkom-ның салымшылардың, клиенттердің және инвесторлардың алдындағы міндеті сақталады. Банктердің атауы өзгермейді, ребрендиг болмайды. Әр банк өзінің брендімен қызмет көрсетеді.

"Qazkom БТА банк секілді жұтылып кетпейді. Ол Halyk Bank-тің еншілес ұйымына айналады. Оның қаржы ұйымы ретіндегі мәртебесіне, осыған дейін ұстанған саясатына нұқсан келмейді. Керісінше қаржылық тұрақтылыққа байланысты Qazkom күшейеді", – деді Halyk Bank АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Әлменов.

Қызмет көрсетуде кінәрат болмайды
Halyk Bank Астана өңірлік филиалының директоры Жанар Рахимованың abctv.kz тілшісіне түсіндіруінше, Halyk Bank-тің интернет-банкингі мен Qazkom-ның Homebank.kz жүйесінде өзгеріс болмайды. Екі қызмет те осыған дейінгідей қалыпты жағдайда жұмыс істейді.

"Банк карталары мен салымшылардың жеке жинақтарына да алаңдаудың қажеті жоқ. Пластикалық карталар қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін пайдаланыла береді. Бұған қоса Halyk Bank-тің банкоматынан Qazkom-ның, Qazkom-ның банкоматынан Halyk Bank-тің карточкасымен ақша алу жалғасады. Клиенттердің депозиттегі салымдарына да ешқандай қауіп төнбейді. Бұған қатысты қызмет осыған дейін жасалған келісімшарт аясында көрсетіледі", – деді Жанар Рахимова.

Оның сөзінше, Qazkom-ның клиенттеріне несиелерін Halyk Bank-ке ауыстырудың қажеті жоқ.

"Біріккен банктер бір-бірінің несиелеріне қызмет көрсете береді",– деді Halyk Bank Астана өңірлік филиалының директоры.

БЖЗҚ мәлімдейді

Halyk Bank пен Qazkom-ның бірігуіне байланысты БЖЗҚ ресми мәлімдеме жасап, мәселенің мән-жайын түсіндірді.

"БЖЗҚ АҚ "Қазақстан Халық банкі" АҚ-ға қосылу арқылы "Қазкоммерцбанк" АҚ-ның ерікті қайта құрылуына байланысты "Қазкоммерцбанк" АҚ және "Қазақстан Халық банкі" АҚ банк шоттарын біріктіру жұмыстарының жүргізілгенін хабарлайды. "Қазкоммерцбанк" АҚ ағымдағы, карталық шоттарына "БЖЗҚ" АҚ-дан зейнетақы төлемдерін алушыларға жаңа банк шотын ашу үшін "Қазақстан Халық банкі" АҚ-ға жүгінудің қажеті жоқ", – деп хабарлады БЖЗҚ АҚ-ның баспасөз қызметі.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу