Телефон қуаты таусылса тағам да жоқ: QR-мәзірге жұрт неге наразы?
Әлеужеліде қызу пікірталас өршіді. Жұрт соңғы кезде кейбір мейрамхана мен дәмхана енгізе бастаған "QR-код мәзірден" шаршап, қағаз мәзірді қайтаруды талап етуде, деп жазды inbusiness.kz.
Пікірталасқа қатысушылардың бірі телефонының қуаты жиі таусылатынын жеткізді. Ол дәмханаға тек тамақтану үшін ғана емес, бой жылытып, кейде телефонын қуаттап алу үшін де барады.
Кейде QR-мәзірге қатысты проблема тіпті ақылға сыймас сипатқа ие болады. Мәселен, қонақ үстелге жайғасып, кодты сканерлейді. Бірақ электронды мәзір ашылмайды. Осындай жағдайдың бірінде мейрамханада интернет дұрыс істемегендіктен, бір топ адам тағамға тапсырысты есінде қалғаны бойынша беруге мәжбүр болған.
Тағы бір келуші QR-мәзірді ашпақ болғанда, алдымен 300 теңгеге жазылым сатып алу ұсынылғанын әңгімеледі. Одан кейін жүйе оны дәмхананың WhatsApp аккаунтына бағыттапты.
Threads-тегі осы тақырыпқа арналған сауалнама қазақстандықтардың көзқарасын аңғартты. Қатысушылардың небәрі 15%-ы QR-мәзірді таңдаса, 26%-ы дәстүрлі қағаз мәзірді жақтаған. Респонденттердің басым бөлігі – 59%-ы қос нұсқаның да қатар болғанын қалайды.
Демек, жұрт технологияға қарсы емес. Бірақ таңдау құқығынан айырылғысы келмейді. Әлем жұртшылығы да бұл жаңашылдықты бірдей құптап отырған жоқ. Ipsos зерттеуіне сәйкес, сауалнамаға қатысқан америкалықтардың 58%-ы қағаз мәзірлердің қайта оралғанын қалайды. Цифрлық форматты ұнататындар – 37%.
Цифрландыруға қарсы пікір білдірушілердің уәжі тек телефон қуатының таусылуымен шектелмейді.
"Егер мейрамханада QR-мәзір ғана болса, бұрылып, шығып кетемін. Мұнда не тапсырыс беруге болатынын білу үшін интернетке қосылуға, түрлі техникалық әрекеттерді орындауға міндетті емеспін", – дейді алматылық Марат Садықов.
Қарағандылық Анна Волкова мәселенің өзге бір қырына назар аудартты: "Егер мекеме QR-кодты пайдалануды талап етсе, тіпті тапсырысты соның көмегімен төлеуді міндеттесе, онда ең болмаса тегін Wi-Fi қамтамасыз етсін. Мейрамхана проблемаларын келушінің мойнына артуға болмайды", – дейді ол.
Цифрлық мәзірлердің сапасына да сын көп. Бағдарламашы Даниярдың пікірінше, кейбір электронды мәзірлер баяу ашылады, тағамдарды іздеу мүмкіндігі жоқ, суреттері мен құрамы көрсетілмейді.
"Басшылық сервер қуатын арттыруға ақша жұмсағысы келмейді. Кейде мәзір телефонға емес, компьютерге арнап жасалған PDF файл түрінде беріледі. QR-код арқылы тапсырыс қабылдайтын кейбір сайттардың жүйелік жады мүлде қарастырылмаған. Мысалы, абайсызда браузердегі бетті жауып алсаңыз немесе себеттен шығып кетсеңіз, таңдап қойған бүкіл тапсырысыңыз бір-ақ сәтте жойылады. Қонақтар барлық тағамды бірден таңдап, бір де бір қателік жібермеуге тырысып, әбігерге түседі", – дейді ол.
Пайдаланушылардың ашуын туғызған тағы бір мәселе – кейбір мейрамхананың куар-менюді ашу үшін міндетті тіркелуді талап етуі, жеке деректерді жинауы. Енді бірі тапсырыс рәсімдеуге кіріспей тұрып-ақ телефон нөмірін енгізуге, содан кейін оны бір реттік код арқылы растауға мәжбүрлейді. Бұл ретте азаматтар осы арқылы жарнамалық жолданымдарға жазылудан немесе дербес деректерінің сыртқа ағып кетуінен қауіптенеді.
Threads желісіндегі пікірлерге қарағанда, қағаз мәзірді жақтаушылардың цифрлық жаңашылдыққа қатысты шағымы аз емес:
"Бұрын танымал мейрамханалардың біріне аптасына бірнеше рет түстенетінмін. Қазір бармаймын. Өйткені олар тағамды әкелмей тұрып-ақ, тапсырыстың ақысын онлайн төлеуді талап ете бастады. Қашып кетіп, ақысын төлемей қояды деп қорқатын сияқты".
"Клиенттер QR-мәзірді пайдаланғанын қаласаңыздар, онда ең құрыса әр үстелге арзанқол планшеттен қойыңыздар! Оның үстіне тағамды өз қалауыңша өзгерту мүмкіндігі де қарастырылуы керек қой. Мысалы, сарымсақ немесе бұрыш қоспауды сұрауға бола ма?".
"Алаяқтар QR-кодтарды қолдан жасап, жалған нұсқасын таратады. Автобустарда да осындай жағдай болған. Бір бала көліктегі QR-кодтың үстіне өз кодын жапсырып, жолаушылардан заңсыз ақша жинаған".
"Осы QR-кодтарға деген аяқ астынан пайда болған әуестікті түсінбеймін. Ең болмаса, кодтың астына URL-мекенжайын жазып қойсаңыздаршы. Сонда сілтеменің қайда апаратынын өзім теріп, тексерер едім".
QR-мәзірді жақтаушылар не дейді?
Әрине, цифрлық технологияны қолдайтындардың да айтары бар. Алматылық Дина Ахметова электронды мәзірдің басты артықшылығы – даяшыны күтіп уақыт жоғалтпайтыныңыз деп есептейді.
"Мұндай мәзір болса, қағаз нұсқасын әкелгенше немесе тапсырысыңды қабылдағанша күтіп отырмайсың. Елестетіп көріңізші: залда бір ғана даяшы жүр. Қасыңыздағы үстелде сізден сәл ертерек келген бір топ тапсырыс бере алмай, әлі ойланып отыр. Сіз болсаңыз, олардың не таңдарын күтіп отыруға мәжбүрсіз", – дейді ол.
QR-мәзірді қолдаушылардың тағы бір маңызды дәйектемесі – тазалық пен гигиена. Дәстүрлі мәзір қолдан қолға өтеді, уақыт өте кірлейді, тозады. Оны әр келушіден кейін ешкім тазаламайды.
"Аға ұрпақтың жаңа нәрсеге әрдайым наразы болатынын түсінуге болады. Бірақ сендер, жастар, неге наразысыңдар? Мәзір мен QR-код дегеніміз – жылдам әрі ыңғайлы тәсіл. Даяшының тапсырыстың қате қабылдану ықтималдығы да азаяды. Кір-кір болған қатырманы парақтаудың қажеті жоқ. Менюге оған дейін кімнің қолы тигенін қайдан білесің? Мүмкін, жұқпалы инфекциясы барлар ұстаған шығар. Тамақ ішер алдында бәрің қолыңды жумайсың ғой", – дейді Орынкүл.
Мейрамхана қызметкерлерінің жұмысын да ескерген жөн. Маринаның пікірінше, QR-код арқылы берілетін тапсырыс даяшыларды негізсіз дау-дамайдан қорғайды.
"Осы жүйеге шағымданатындар өмірінде даяшы болып жұмыс істемеген. QR-код арқылы тапсырыс беру үлкен бір проблеманы шешеді. Әйтпесе, қалауы өзгерген клиент: "Мен бұған тапсырыс берген жоқпын, бәрін шатастырып жібердің!", – деп жала жауып, дау шығарады. Мұндай жағдайда даяшы өзін қалай қорғай алады? Қолында еш дәлелі жоқ. Басшылық көбіне клиенттің жағына шығады. Ең сорақысы, мейрамхана иелері "қате" әзірленген тағамның ақысын даяшының жалақысынан ұстап қалады. Онсыз да мардымсыз табысы бар қызметкерге тағы бір соққы", – деп жазды Марина.
QR-мәзірден мейрамханалар жылына 9 млн теңге үнемдейді
Мейрамхана бизнесінің бұл мәселеге көзқарасы мүлде бөлек. Кәсіпкерлер үшін қағаз мәзірді әзірлеу, оны баспаханада басу, мазмұнын жаңарту және ескірген сайын ауыстыру – қосымша шығын.
Баға қымбаттаса, маусымдық өнімдер қосылса, акциялар өткізілсе немесе тағам түрлері жаңарса, дизайнерге қайта жүгініп, баспаханаға тапсырыс беруге тура келеді.
Ескі бағаның үстіне жаңа баға жапсырмасын жапсыра салу – кәсіби тұрғыдан да, мекеменің имиджі тұрғысынан да ұтымды шешім емес. Электронды коммерция саласының сарапшысы Богдан Калиновский технологиялық қолайлылық дәстүрлі қызмет көрсету мәдениетін толығымен ығыстырып шығармауы керек деп санайды.
"Мейрамханалардағы QR-код ыңғайлы: жылдам, заманауи, әрі даяшыны күтудің қажеті жоқ. Дегенмен қағаз мәзір де қонақтың жалпы әсерінің маңызды бөлігі болып қала береді. Оны қолыңа алып, парақтап, безендірілуіне назар аударып, мекеменің атмосферасын сезінуге болады. Романтика ғой. Осындай кішкентай ғана жайттың өзі мейрамханаға барған сәтті ерекше етеді", – дейді сарапшы.
HoReCa саласында 20 жылдық тәжірибесі бар мейрамхана маркетологы Анна Зудова электронды мәзірге қағаз нұсқасының жай ғана баламасы ретінде емес, сатылымды басқарудың тиімді құралы ретінде қарау қажеттігін ескертті.
Оның бағалауынша, дұрыс енгізілген электронды мәзір жүйесі мейрамханаға баспа шығындарын қысқарту арқылы жылына 9 млн теңгеге дейін қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді.
Мұндай жүйенің артықшылықтары аз емес:
• Тағам бағасын жедел өзгертуге болады.
• Сатылымнан алып тасталған тағамдардың стоп-парағы тез жаңартылады.
• Тағамдардың фотосуреттерін, құрамын және граммын толық көрсетуге мүмкіндік бар.
• Қонақ смартфон арқылы тікелей тапсырыс бере алады.
• Қызмет көрсету жылдамдығын 20%-ға дейін арттыруға болады.
• Табысты көп түсіретін тағамдарды алға шығарып, жаңа өнімдерді таныстыруға және түрлі акциялар өткізуге мүмкіндік туады.
• Келушілердің пікірін жинап, олардың қандай тағамдарға көбірек қызығатынын бақылауға болады.
Алайда Анна Зудова бір маңызды жайтты қаперге салды: QR-мәзір кез келген қоғамдық тамақтану орнына бірдей қолайлы емес. Мұндай формат кофеханаларға, қолжетімді мейрамханаларға, фудтрак, барлар мен жылдам тамақтану орындарына көбірек жарасады.
"Ал, қонақ тек тағамға ғана емес, ерекше атмосфераға, гастрономиялық шоуға және жеке қызмет көрсетуге ақы төлейтін премиум санаттағы мейрамханада телефонға шұқшиюды талап ету бүкіл әсерді бұзуы мүмкін. Әсіресе бір адамға арналған гастрономиялық кешкі астың құны 50 000 теңге болған жағдайда. Мұндай жерлерде, керісінше, әрбір тағам топтамасына (сетке) арнап жеке мәзір басып шығарады", – дейді сарапшы.
Мәзір – мейрамхананың жалпы атмосферасын қалыптастыратын, қонақтың көңіл-күйі мен алған әсеріне ықпал ететін қызмет көрсету мәдениетінің бір бөлшегі.
Цифрландыру қызмет көрсету жылдамдығын арттырғанымен, смартфоны жоқ не оны пайдаланғысы келмейтін адамды қолайсыз жағдайға қалдырса, мұндай жаңашылдықтың артықшылығы күмәнді.
Технология адамның өмірін жеңілдету үшін енгізілуі керек. Ендеше мейрамхана қызметінің болашағы QR-кодтың классикалық қағаз мәзірді толық ысырып шығаруында емес, екеуінің қатар өмір сүруінде болса керек. Қонақ таңдауына қарай екеуінің бірі ұсынылғаны жөн.
Қонақ қаласа, телефонын шығарып, кодты сканерлеп, тапсырысын бере алады. Қаламаса, смартфонын шетке қойып, әдемі безендірілген мәзірді қолына алып, тағам түрлерін асықпай таңдай алады.
Өйткені мейрамханаға адам тек қарын тойдыру үшін бармайды. Ол демалуға, жақындарымен әңгімелесуге, жайлы атмосфераны сезінуге және кештің әр сәтінен ләззат алуға келеді. Ендеше, қонақтан телефон қуатын, интернет пакетін, жеке деректерін талап етпей-ақ, оған таңдау еркіндігін қалдырған абзал.