Ал әлем бойынша орташа көрсеткіш небәрі 12,6 Гб. Тек соңғы жылдың өзінде желідегі жүктеме 20%-ға артқан. Осы мәселелерді шешу үшін базалық стансылар санын көбейту керек. Бірақ оны орнату барысында отандық операторлар түрлі кедергілерге тап болатындарын айтты.
Мысалы, қағазбастылық, радиофобия. Соңғысының салдарынан 370-тен астам стансыны алып тастауға тура келген. Speedtest Global Index әлемдік сервистің деректеріне сәйкес, Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша халықаралық рейтингте 6-орынға көтерілгенімен, әлі де болса топ-50-ге кіре алмай отыр.
Ең қызығы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтпақшы біз басып озған Токио орналасқан Жапония рейтингте 57 орынды иемденіп отыр, ал біздің ел 34,06 мб/с орташа жүктеу жылдамдығымен 68-орынға жайғасты. Интернетке кең жолақты қолжетімділіктің тіркелген жылдамдығы бойынша жағдай тіптен нашар – Қазақстан әлемдік рейтингте 94-орынды місе тұтып отыр. Ең сорақысы Қазақстанда әлі күнге дейін интернетке қолы жетпеген елді-мекендер жетерлік, 6 406 ауылдың ішінде 1424-і үшін байланыс қолжетімсіз, ал 1 950 ауыл ескірген ADSL технологиясын қолданады.
Осыған орай inbusiness.kz редакциясы отандық ұялы операторлар өкілдерімен тілдесіп мәселенің түйткілін шешуге тырысты. Сонымен Kcell мен Beeline ұялы операторларының айтуынша, интернет сапасы көптеген факторларға тікелей байланысты.
Күн сайын артып келетін желі жүктемесі, базалық станциялардың тапшылығы, пайдаланушылар саны мен абоненттер тұтынатын интернет-трафиктің көлемінің өсуі. Қазақстанда жан басына шаққанда тұтынылатын интернет-трафиктің орташа айлық көлемі 17 Гб-ты құрайды, ал әлем бойынша орташа көрсеткіш небәрі 12,6 Гб.
Тек соңғы жылдың өзінде желідегі жүктеме 20%-ға артқан. Сондықтан ұялы байланыс операторлары желіге көбірек инвестиция құйып, жаңа базалық станциялар салып, қазіргі станцияларды жаңартуға көшкен, бірақ базалық стансыларды салу немесе жаңарту кезінде қосалқы проблемалар жиі туындайтын көрінеді.
"Осы жерде астын сызып айтатын маңызды мәселе – әрбір операторға ең маңыздысы өзінің базалық станцияларының ауқымын арттыру. Бұл байланыс сапасын арттырады. Абонент те тыныш, операторға да жақсы. Мұндай станциялар бізде қоймада да жетерлік, тек оны іске қосу кезінде түрлі кедергілерге тап боламыз. Базалық станция негізінен ғимараттың шатырына орнатылады. Бір базалық станцияны қою үшін біз бақандай бір ғимараттың құрылысына қажетті құжаттарды жинағандай боламыз, кейде бұған алты айдан бір жылға дейін уақыт кетіп қалады. Рұқсат құжаттарын алған соң, базалық станцияны қою қиын емес, біреуін орнатуға көп болса бір апта кетеді", – делінген Kcell операторының ресми жауабында.
Барлық құжаттар жиналып болғаннан кейін орнату барысында туындайтын екінші мәселе – радиофобтар.
"Осы жерде тағы бір мәселе – радиофобтармен күрес басталады. Қазіргі ереже бойынша тұрғын үйдің бір тұрғыны қарсылық білдірсе, біз ол үйдің шатырына станцияны қоя алмаймыз. Қойып қойған болсақ, алып тастауға мәжбүр боламыз. Өткен жылдың өзінде осындай 30-дан астам кейс тіркелген. Алынып тасталған базалық станцияның салдарынан мыңдаған басқа тұрғын интернет сапасына қатысты зардап шегеді, бұл әрине сансыз шағым, миллиондаған штраф. Астананың өзінде осындай шағым көп айтылатын тұрғын үй кешендерінің бірі –"Манхэттен" тұрғын үй кешені болған, бірақ қазір олармен келісім жасалып, мәселе шешілуде, бұдан бөлек "Аңсар", "Будапешт", "Гранд чемпион", "Бухарест" сынды үйлер тұрғындары өз шатырына базалық станция орнатуға қарсылық білдірген", – деп шағымданады Kcell ұялы операторы.
Мұндай тұжырымдаманы екінші оператор – Beeline компаниясы да растап отыр, олар радиофобия салдарынан 340-тан астам базалық стансынын алып тастауға мәжбүр болған.
"Байланыс пен интернеттің сапасын жақсартуға кедергі келтіретін себептер де бар. Негізгі проблемалардың бірі – радиофобия, ол байланыс желілерінің дамуына кедергі келтіреді. Мәселен, соңғы екі жылда Beeline ұялы байланыс операторы радиофобияның кесірінен еліміздегі 340-тан астам базалық станцияны алып тастауға мәжбүр болған. Радиофобия салдарын мегаполистерде ғана емес, аймақтарда да көруге болады. Қостанай және Алматы облыстарында", – делінген оператордың ресми жауабында.
Сонымен қатар облыстар мен шағын елдімекен тұрғындары пайдаланатын байланыс күшейткіштері де (репитерлер) интернет сапасына кері әсер етуде. Солтүстік Қазақстан облысындағы Чириковка елдімекенінде байланыс операторлары әкімдік өкілдерімен бірге осы ауылға барып, репитерлерді қолданбау мәселесін көтерген болатын, делінген Beeline жауабында.
Интернет сапасына әсер ететін басқа да факторлар бар. Мәселен, ауа райы, байланыс желілеріндегі апаттар және әр аймақтың географиялық ерекшеліктері.
Жалпы ұялы байланыс операторлары жағдайды жақсарту үшін желіні дамытуға инвестициялар құйып, жаңа базалық станциялар салуда және қазіргі станцияларды жаңарту үстінде. 2020-2023 жылдар аралығында Kcell осы мақсаттарға 184,4 млрд теңге бағыттаса, Beeline желіні дамытуға 220 млрд теңге бөлген.
Ал ауылдардағы интернет байланыстың қолжетімділігін арттыру үшін бірқатар жаңа заңдар қабылданды, саладағы өзгерістер жайлы Мәжіліс депутаты Екатерины Смышляева айтып берді. Жаңа заң жобасы нақты нені ұсынады?
Бірінші, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде пилот шеңберінде ерекше реттеу енгізіледі және геостационарлық емес жерсеріктерді (StarLink, OneWeb) пайдалана отырып, байланыс технологияларын енгізу үшін мүмкіндік жасалады. Пилоттық жобаның техникалық режимін байланыс саласындағы уәкілетті орган және Ұлттық қауіпсіздік комитеті айқындайтын болады.
Бұл шалғай ауылдардағы әлеуметтік нысандарды интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бірінші кезекте 2000 ауылдық мектеп (2024 жылы) спутниктік интернетпен қамтамасыз етіледі.
Екінші, автомобиль жолдары бойында талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу бойынша міндеттемелер енгізіледі. Байланыс жол жобаларының ажырамас бөлігіне айналады. Бұл шара "соңғы мильді" ұйымдастыру (интернетті тікелей ауылға жеткізу) есебінен жол магистральдары бойындағы ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Үшінші, коммуналдық меншіктегі әуе электр беру желілерінің тіректерін өтеусіз беру. Норма елді мекендерді байланыспен қамтамасыз ету үшін электр желілерінің инфрақұрылымын пайдалану құқығына қосымша енгізіледі.
Бұдан басқа, жеке меншіктегі байланыс құралдарын орналастыру орындарының құнына шекті баға енгізіледі.
Төртінші, жергілікті атқарушы органдарға рұқсат беру және антенна-діңгек құрылыстарын (АДҚ), қос мақсаттағы тіректер мен байланыс тіректерін салуды жүргізу, оларды балансқа жеткізу, күтіп ұстау және операторларды пайдалануға беру бойынша құзырет беру (Қостанай облысында барлық қажетті АДҚ қазірдің өзінде жергілікті бюджет есебінен салынып жатыр, осылайша 2 жыл ішінде бүкіл облыс байланыспен қамтылатын болады. Бұл ретте барлық операторларға инженерлік инфрақұрылымға тең қолжетімділік беріледі).
Бесінші, антенна-діңгек құрылыстарын салу үшін жер сервитуты енгізіледі. Бұл тәсіл мұнаралардың орналасу жиілігін арттырады және ауылдық аймақтардағы байланысты жақсартады.
Алтыншы, үлкен аумақтарды үздіксіз байланыспен қамту үшін виртуалды байланыс операторлары жұмыс істей бастайды, олар барлық операторлардың қолда бар байланыс инфрақұрылымын бір уақытта пайдалана алады.
Жетінші, ауыл шаруашылығында цифрлық технологияларды енгізу мақсатында ауыл шаруашылығы аумақтарының байланыс қызметтерін субсидиялау енгізілуде. Бұл фермерлік шаруашылықтар радиусындағы елді мекендерді сапалы байланыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
"Барлық инновациялар уәкілетті мемлекеттік органдар мен нарық өкілдерінің қатысуымен әзірленді және енгізілді. Осылайша, ауылдарға Интернеттің келуі үшін қажетті құқықтық негіз жасалды. Барлық қабылданған новеллаларды іс жүзінде жүзеге асыру мәселесі қалды", – деді депутат.