"Интер" мен "Қайрат" арасындағы еурокубоктың 4-тур матчы бүгін, 5-нен 6-қарашаға қараған түні сағат 01:00-де Миландағы әйгілі "Джузеппе Меацца" стадионында өтеді.
Матч алдындағы баспасөз мәслихатында "Қайрат" футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин аңыз стадионда өнер көрсетудің маңызы туралы сұраққа былай деп жауап берді.
"Маған бұл туралы жиі сұрақтар қойылады. Әрине, бұл – аңыз стадион, керемет арена! Мен осында 8 жыл бұрын "Қайрат" академиясының командасымен бірге келгенмін, сол кезде турнирге қатысқанбыз. Кейін дәл осы "Джузеппе Меаццада" Чемпиондар лигасының финалын тамашалаған едім – онда "Реал" мен "Атлетико" ойнаған болатын. Ал енді өзім осы стадионда бас бапкер ретінде командамды алаңға шығарамын деп ойлаған жоқпын. 8 жыл бұрын біреу маған "Қайраттың" намысын осында қорғайсың десе, өзім де сенбес едім", – деді ол.
Айта кетейік, "Қайрат" капитаны Александр Мартынович алдағы ойында алаңға шықпайды. Бас бапкердің айтуынша, ол "Астанамен" өткен соңғы матчта жарақат алған. Оның орнына Александр Широбоков алаңға шығуы мүмкін.
Сонымен қатар, бүгінгі ойынды "Челси" клубының скауттары да арнайы бақыламақ. Олар "Қайраттың" ойыншысы Дастан Сәтпаевтың қарымды қарсыласқа қарсы ойынын бағамдамақ.