Алматылық клуб соңғы кездесуінде көкшетаулық "Оқжетпестен" күтпеген жерден 1:2 есебімен жеңіліс тапты. Осы матчтан кейін Уразбахтин қызметінен кетеді деген ақпарат желдей есті. Дегенмен, бүгін "Қайрат" клубы мұны жоққа шығарды.
"Қайрат" футбол клубы бас бапкерге қатысты бірқатар БАҚ жариялаған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін айтады. Рафаэль Уразбахтин өз қызметін жалғастыра береді. Клуб та оған толық сенім артады. "Ақтөбе" ФК-ға қарсы матчқа дайындық жоспардағыдай жүріп жатыр. "Қайрат" ФК бұқаралық ақпарат құралдарын тексерілмеген әрі күмәнді ақпаратты таратпауға шақырады", - делінген клубтың баспасөз қызметі таратқан ресми хабарламада.
"Қайрат" ҚПЛ-ның 10 турынан кейін 23 ұпаймен үшінші орында келеді. Келесі турда алматылық клуб "Ақтөбемен" шеберлік байқасады.