Рафаэль Уразбахтин: "Реал" сияқты клубтың кемшілігі көп емес

264

"Қайрат" – "Реал" матчында алматылық клубтың қақпасын 18 жасар Шерхан Қалмұрза қорғайтын болды. 

Рафаэль Уразбахтин: "Реал" сияқты клубтың кемшілігі көп емес

"Қайраттың" бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің екінші турындағы "Реалға" қарсы матч алдында өз ойымен бөлісті.

Рафаэль Радикұлының айтуынша, оның шәкірттері қарсыластың әлсіз тұстарымен танысқан және команда батыл ойнауды көздеп отыр.

"Бұл біз үшін, клуб үшін, футболшылар үшін, бапкерлер үшін тарихи матч. Әдеттегі ойыннан бөлек. Біз асыға күтіп жүрдік. Футбол мерекесі бізге де келді. "Реалдың" Алматыға келгеніне қуаныштымыз. Бұл ойынды үлкен толқыныс пен үмітпен күтеміз.

"Реалдың" соңғы бес кездесуін қарадық. Оның ішінде клубтық әлем чемпионатында ПСЖ-ға қарсы ойыны да бар. "Атлетикодан" жеңіліс? Ондай болады, оған қатты назар аудармадық. Сол ойында сәл жоспар өзгерткен. Бәлкім сондықтан қиындық туған шығар.

Әрине, "Реал" сияқты клубтың кемшілігі көп емес. Бірақ талдау барысында біз өзіміз үшін аздаған осал тұсын таптық. Оны қалай пайдаланатынымыз – біздің мәселеміз. Біз алаңға үмітсіз шықпаймыз, батыл болуымыз керек.

Шынымен де, мен Хаби Алонсоның жанкүйерімін, "Байердің" көптеген матчтарын көрдім. "Реалда" оның шабуылдағы әлеуеті әлдеқайда жоғары. Әлі де өз идеяларын толық жүзеге асырған жоқ деп ойлаймын".

Сондай-ақ Уразбахтин Лиссабонда "Спортингке" қарсы ойында ЧЛ-дағы дебютін жасаған 18 жастағы қақпашы Шерхан Қалмұрзаның жағдайына тоқталды:

"Қалмұрза? Қазір оған бұрынғыдан көбірек назар аударылып жатыр. Жас бала үшін бұл оңай емес. Бірақ ол күресуі керек. Жаттығуларда қатты қысымды байқамадым. Илья Юров онымен көп уақыт өткізеді, оған сенемін. Қақпашылар – бөлек дайындалады. Теориялық дайындық, басқа да әңгімелер бар, оған араласпаймын. Шерхан "Спортингке" қарсы өзін лайықты көрсетті. Оны қобалжығанын байқаған жоқпын. Қақпада бізде Шерхан".

Сонымен қатар бапкер жарақатынан айыққан грузиялық жартылай қорғаушы Георги Зарияның жағдайын айтты:

"Зария жаттығуға кірісті. Ол біз үшін маңызды – оның энергиясы, мінезі. Әзірге бабында емес, бірақ бізбен бірге болғанының өзі дұрыс".

Естеріңізге сала кетейік, "Қайрат" – "Реал" матчы 30 қыркүйекте Алматыдағы "Орталық" стадионда өтеді.

Алғашқы турда "Қайрат" сырт алаңда "Спортингке" (1:4) есе жіберсе, "Реал" "Марсельді" (2:1) ұтқан еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу