Рахат Бекболат әлем чемпионы атанды

1153

17 жасар қазақстандық Рахат Бекболат ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды.

Рахат Бекболат әлем чемпионы атанды

Рахат Бекболат 3-12 қазан аралығында Джидда қаласында (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үздік нәтиже көрсетті.

Қоссайыс қорытындысы бойынша біздің спортшы 355 (155+200) келіні бағындырды, екінші орында Түркиядан келген Танер Чаглар (152+185). Үздік үштікті Ирак спортшысы Али Аммар Рубайави (149+185) түйіндеді.

Айта кетейік, Рахат Бекболат 2020 жылы Ташкентте жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында да алтын медаль жеңіп алған болатын.

"Мен қол жеткізген нәтижеме өте ризамын! Барлығы керемет өтті. Қолдау көрсеткендеріңізге рахмет! Сайыс жоғары деңгейде өтті. Бәрі ойластырылған, барлығы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес болды. Алты мүмкіндігімді де сәтті пайдаланғым келді. 195 немесе 197 көтеру мен үшін маңызды емес болды. Сондықтан мен 200 келі көтеруге бел будым. Шынымды айтсам, маған көптеген адамдар, туыстарым мен достарым қолдау көрсетті. Ал ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасы мотивациялық бейнежазба түсіріп жіберген еді. Мен олардың сенімінен шығуға тырыстым. Біз ұзақ уақыт бойы карантинде болдық. Содан кейін мұнда жарыстың атмосферасының өзі үлкен күш береді. Мен достарым мен бүкіл әлемнен келген ауыр атлетшілермен кездескеніме қуаныштымын", – деді жарыстан кейін Рахат Бекболат.

Бүгін, 12 қазан әлем чемпионатының екінші қатысушысы тағы бір қазақстандық ауыр атлетші Руфина Чалкарова сынға түседі. Сайыстар Нұр-Сұлтан уақытымен 14:00-де басталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу