Рахмонов Мэгниге көп соққы бағыттап, бірінші раундты өз еншісіне жазды. Физикалық тұрғыдан қазақстандық қарсыласынан мықтырақ көрінді. Екінші бес минуттық кезеңде Рахмонов тік тұрып та, жерде де аяусыз қарсыласына соққы бағыттап, Мэгниге еш мүмкіндік қалдырмады. Нәтижесінде, раундтың аяқталуына үш секунд қалғанда ол тұншықтыру әдісін пайдаланып, Мэгниді берілуге мәжбүр етті.
Жекпе-жектен кейін Рахмонов UFC-ге сұхбат берді.
"Дана Уайт, менің атымды есіңде сақтап қал. Алдағы бір-екі жылда чемпион боламын. Мен Стивен Томпсонға үндеу тастаймын. Ол менің келесі қарсыласым. Жақсы жекпе-жек болады", – деді Рахмонов сұхбатында.
Шавкат мерзімінен бұрын жеңіске жеткенінің арқасында UFC-ден қосымша сыйақы да алатын болды. Бұл Рахмоновтың қатарынан 16-шы жеңісі. Енді қазақстандық файтер 50 мың доллар сыйақы алады. Сонымен қатар Тиаго Мойзес пен Джош Парися да табысқа кенелді. Ал Арман Царукян мен Матеуш Гамроттың жекпе-жегі "Кештің үздік жекпе-жегі" деп танылды.
Сондай-ақ бұл турнирде қазақстандық Сергей Морозов пен Қытайдан шыққан этникалық қазақ Сайран Нұрданбек те жеңіске жетті. Морозовтың қарсыласы бразилиялық Раулиан Пайва болды. Ол 2020 жылдың шілдесінде тағы бір қазақстандық Жалғас Жұмағұловпен жұдырықтасып, жеңіске жеткен еді. Бірақ бұл жолы ол қарсыласынан айласын асыра алмады. Жекпе-жек жеңіл салмақ дәрежесінде өтті. Бірінші раундта Морозов жақсы соққылар жасады. Бірақ бразилиялық басымдық танытты. Екінші бес минуттық кезеңде қазақстандықтың нәтижесі жақсара бастады. Сергей Пайваға екпінді соққыларды бағыттады. Үшінші раундта бразилиялықтың шаршағаны анық байқалып, шабуылы азайды. Нәтижесінде, тартысты жекпе-жекте Морозов жеңісті жұлып әкетті. Бұл қазақстандықтың UFC-дегі төртінші жекпе-жегі және екінші жеңісі болды. Ал Пайва қатарынан екінші рет жеңіліс тапты.
Ермұхамед Мәулен