Рахмоновтың қарындасы жекпе-жекке шығады

2201

22 жастағы аралас жекпе-жектің өкілі қазақстандық Сора Рахмонова 28-29 қаңтарда өтетін NFC турнирінде кәсіби мансабындағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді.

Рахмоновтың қарындасы жекпе-жекке шығады

Рахмонова ММА-ден Қазақстан мен Азия чемпионы. Оған қоса грэпплингте де біраз жетістікке жеткен. Ал 2019-жылдың тамызында қойын-қолтық төбелестен Әлем чемпионы атанды. Осындай нәтижелерден кейін Сора өзінің кәсіби мансабындағы дебютын өткізбекші. Ол 29-қаңтар күні 61,2 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.

Сораның Sherdog ММА платформасындағы ресми профилінде оның әуесқойлар арасында өткізген жекпе-жегінде төрт жеңіс, екі жеңіліс бар екенін және ол тек төрешілердің шешімінен кейін жеңілгені жарияланған. Оның бұл жолғы қарсыласы панкратионнан әлем чемпионы және бокстан ел чемпионы болған 26 жастағы Қырғызстан өкілі Бегайым Ақбалаева.

Рахмонованың дебюті 29-қаңтарда Алматыда өтетін Naiza Fighting NFC 28 чемпионатында өтеді деп жоспарланған. Кештің қорытындысы бойынша жеңіл салмақтағы лига чемпионы анықталатын болады. Бұл атаққа екі қазақстандық - Маңғыстау облысының өкілі Серікбай Ходжабаев (9-3) және павлодарлық Фанил Рафиков (18-4) үміткер.

Естеріңізге сала кетсек, Сора Рахмонова Шавкат Рахмоновтың қарындасы. Шавкат UFC-мен келісім-шарт жасаған алғашқы қазақстандық спортшы. Ол соңғы жекпе-жекте 24-қазан күні Абу-Дабиде өткен UFC 254 турнирінде бразилиялық Алекс Оливейрамен кездескен еді. Ол уақытта Шавкат қарсыласын алғашқы раундта-ақ қылқындыру әдісімен жеңген болатын.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу