Рахымбек Жолаев: Шымкент қаласында дипломды бәліш сатқандай сатады

7748

Түркістан облысында мұғалімдердің 80%-дан астамы оқуды сырттай бітірген.

Рахымбек Жолаев: Шымкент қаласында дипломды бәліш сатқандай сатады

М.Нәрікбаев атындағы KAZGUU университеті Басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан модераторлық еткен ADAL BILIM жобалық офисі алаңында мемлекеттік орган өкілдері мен сарапшылар білім саласындағы сыбайлас жемқорлық мәселесін талқыға салды.

Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев қаңтар айында аудандық білім бөлімдерін бақылау құзыреті облыстық білім басқармасына берілген кезде ең алдымен не істейтінін айтты.

"Алғашқы қадамымды аудандық білім басшыларының дипломын тексеруден бастаймын. Біздегі бір ауданның білім бөлімі басшысының бірнеше дипломы бар. Соның екеуі жалған екені әшкереленді. Сот процесі кезінде ол азаматша бес-алты айдай қызметінен шеттетілді. Дегенмен сотта жеңіп шығып, аудан басшылығы оны қазір қайта лауазымына тағайындады. Бірақ дипломы жалған екені рас. Тағы бір мәселе, Шымкент қаласында жоғарғы білімді сырттай алған мұғалімдер 70% болса, Түркістан облысында 80%-дан асады. Шымкент қаласында дипломды бәліш сатқандай сатады. Мектепке еден жуушы болып жұмысқа кіріп, сырттай оқып немесе басқа жолдармен диплом алып, мұғалімдік қызметке орналасып жатқандар көп. Сол себепті бірінші кезекте білім басшыларының, директорлардың, содан кейін барлық мұғалімдердің дипломын тексеру керек. Бұл, әрине, менің тікелей құзырыма жатпайды. Органдармен бірігіп жұмыс істеу қажет. Бұған қанша уақыт кететінін, мүмкіндігім мен күш-қуатым жете ме, жоқ па оны білмеймін. Менің үстімнен арыз күнделікті дерлік жазылып жатыр", – деді Рахымбек Жолаев.

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның пікірінше, сыбайлас жемқорлықпен күресті директорларды жұмысқа алған кезден бастау керек.

"Ең бірінші, "мектеп директорларын жұмысқа алған кезде жемқорлыққа жол беріледі" деген сөз бар. Содан кейін, директорлар мұғалімдерді жұмысқа қабылдаған кезде ақша талап ететіні айтылып жатыр. Сол себепті бүгінгі күні директорларды жұмысқа орналастыру жеті деңгейден тұратын конкурс арқылы өтеді. Алайда бұл мәселенің екі ұшы бар. Үміткер мектеп директорлығына өзін ұсынған кезде қамқоршылық кеңес көбінесе сол мектептен шыққан адамды өткізеді де, сырттан келген адамдарды қайтарып тастайды. Қаншама мықты, тәжірибелі мамандар директор болғысы келеді, алайда қамқоршылық кеңесі танымайтын адамды өткізбей қояды. Келесі мәселе директорлыққа үміткердің конкурстық комиссия мүшелерімен әңгімелесуі кезеңінде туындайды. Осы конкурстық комиссияның құрамына да үлкен сын болды. Себебі әкімдік, білім басқармасы кімді қой десе, сол өтетін болды. Сондықтан Шымкент қаласының әкімінің ұсынысымен, комиссияның құрамы әңгімелесуге бір күн қалғанда ғана белгілі болады. Бұл директорлыққа үміткердің комиссия мүшелерінің тілін табу үшін әр түрлі жол іздемеуі үшін жасалды", – деп атап айтты Шыңғыс Мұқан.

Әкім орынбасарының сөзінше, "Шымкентте пара бермесең, мұғалім бола алмайсың" деген ұғымды жою үшін тоғыз кезеңнен тұратын автоматтандырылған HR Process атты жүйе жасалған. Жүйе үміткердің дипломын, тәжірибесін және т.б. жетістіктерін ескеріп, қорытынды балл шығарады. 

"Бұрын мұғалімдерді мектеп директорлары өздері жұмысқа ала беретін. Қазір білім басқармасы мен мектеп директорлары арасында келісімшарт жасалды. Біз HR Process іріктеу жүйесін іске қостық. Бұдан былай мұғалімді автоматтандырылған жүйе арқылы өзіміз таңдап береміз. Мұғалімді таңдау процесі тоғыз кезеңнен тұрады. Үміткер мектепке бараған кезде директор ол адамды алғаш рет көріп тұрса да, жұмысқа алуға міндетті. Бұл ашықтық пен айқындықты қамтамасыз етеді. Жаңа жүйе бойынша кездейсоқ адам мұғалім болып кете алмайды", – деді әкімдік өкілі.

Басқосу қатысушылары білім саласына жұмысқа қабылдау, сыйақы, құрмет белгілері және т.б. материалдық ынталандыруды беру кезінде адами факторды алып тастап, сыбайлас жемқорлықпен жүйелі түрде күресу қажет екенін баса айтты. ADAL BILIM жобалық офисінің сарапшысы Нұрлан Баймұрзаев жинақталған пікірлер мен ұсыныстар министрліктер, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі және басқа да уәкілетті органдарға жолданатынын сөз етті.

Айта кетсек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің дерегінше, биылғы жылдың бірінші тоқсанында ғана білім саласында жемқорлыққа қатысты 106 қылмыстық іс тіркелген. Мәселен, Шымкент қалалық Білім басқармасындағы 1979 келісімшарттың 1935-інде тауар бағасын негізсіз көтеру фактісі анықталған.

Нұржан Көшкін
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу