Рақымшылық аясында сотталғандарды әлеуметке бейімдеуге басымдық беріледі

1832

Мәжіліс депутаттары "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Рақымшылық аясында сотталғандарды әлеуметке бейімдеуге басымдық беріледі

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов заң жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 29 қазанда "Ішкі істер органдарының 2020 жылғы 9 айдағы жедел-қызметтік жұмысының қорытындысы туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі алқасының кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау үшін әзірленгенін айтты. 

"Заң жобасының мақсаты Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты ізгілік қағидаты негізінде қылмыстық саясатты ізгілендіру, жазадан және қылмыстық жауаптылықтан босату, жазаның өтелмеген бөлігін қысқарту, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың санын азайту. Заң жобасының нормалары азаматтар мен мемлекеттің, оның ішінде азаматтардың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарының қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыс жасағаны үшін сотталғандарды босатуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, заң жобасында теріс қылық пен онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазаны өтеуден босату, сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыс үшін жазаның өтелмеген мерзімін қысқарту көзделген", – деді Арман Қожахметов.

Комитет төрағасының айтуынша, заң жобасын жұмыс тобы шеңберінде талқылау кезінде депутаттар заң жобасының нормаларын "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкестендіру бойынша түзету қабылдады. 

"Заң жобасының бүкіл мәтіні бойынша құқықтық олқылықты болғызбау, заң жобасының нормаларын бір-біріне және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне сәйкес келтіру мақсатында заңға нақтылау сипатында редакциялық түзету енгізілді. Мәжілістің тұрақты комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытынды берді", – деді Арман Қожахметов. 

Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірауыздан мақұлдап дауыс бергеннен кейін мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин рақымшылық шарасы аясында әлеуметтің осал тобына ерекше көңіл бөлінгенін баяндады. 

"Биыл егемен еліміз үшін елеулі кезең. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасы әзірленіп, бүгін мақұлданып отыр. Әрине, рақымшылық мемлекет тарапынан жасалып отырған ізгі және сенім шарасы. Сондықтан бұл жолы да алдымен мемлекеттің және азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп келтірмейтін қылмыс жасағандар босатылады. Сонымен бірге осы заң жобасында алғаш рет әлеуметтік осал топқа ерекше назар аударылып отыр", – деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс төрағасы рақымшылық жасау бостандық берумен ғана шектелмейтінін атап өтті. 

"Құжатта  адамдарды жұмысқа орналастыру, әлеуметтік және басқа да көмек көрсету мәселелері жан-жақты қаралды", – деді Нұрлан Нығматулин.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу