Рамазан айында ауызашар ұйымдастыруға рұқсат беріледі

16238

Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады.

Рамазан айында ауызашар ұйымдастыруға рұқсат беріледі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) кеңейтілген төралқа мәжілісінде Рамазан айы қашан басталып, қашан аяқталатыны, Ораза айт қай күні өтетіні, Қадір түні қай түні болатыны мәлімделіп, биылғы пітір садақаның мөлшері жарияланды. Сондай-ақ қандай жағдайда ауызашар өткізуге болатыны баяндалды. 

Пітір садақа 2 келі ұнның орташа бағасымен есептеліп, 420 теңгені құрады 
деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтына сілтеме жасап.

Нақтылай кетейік, ұнның бағасы ҚМДБ-ның өңірлердегі өкілдіктерінің мәліметі негізінде анықталды.

Біле жүріңіз, биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. Рамазан айы 30 күн болады. 13 мамыр – Ораза айт күні. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – Қадір түні.

"Санаулы күндерден соң, қасиетті Рамазан айы кіреді. Мұсылман үмбеті үшін Рамазан – сондай бір ерекше ай. Еліміздегі қаншама бауырларымыз осы айды күтеді, оразасын ұстайды. Мейірім мен кешірімге, сауапқа толы айды әдеттегідей өз деңгейінде өткізуді Алла нәсіп етсін! Қазіргі жағдайды ескере отырып, ең бастысы тазалық пен тәртіп жағына көңіл бөлсек. Осы айда мейлінше қайырымды істерді көбірек атқаруға шақырамын. Жамағаттың ыңғайына қарай уақытын белгілеп онлайн дәріс, құран үйрету сабақтарын өткізуді жалғастыруымыз керек. Халыққа пайдалы уағыз тарату мақсатында тікелей эфир ұйымдастырып, мүмкіндігі жоқ жандарға ауызашар пакеттерін жеткізу жағын қолға алуды тапсырамын", – деді бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы. 

ҚМДБ уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров тарауық намазында санитарлық талапты сақтауға басымдық берілетінін баяндап, ауа райы қолайлы аймақтарда намаз мешіт ауласында өткізілетінін, Рамазан айында Құран хатым жасайтын топ құрылатынын айтты. 

ҚМДБ ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов бір ай бойы "Рамазан – ұлық ай" атты тікелей эфир ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде, өңірлердегі орталық мешіттердің  парақшаларында танымал тұлғалармен "Рамазан – он екі айдың сұлтаны" атты күнделікті онлайн сұхбат өткізілетінін жеткізді. 

Атап көрсетерлігі, Рамазан айында санитарлық талапты сақтай отырып ауызашар ұйымдастыруға рұқсат беріледі. Бұл туралы ҚМДБ мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Жаппасбаев: "Рамазан айында санитарлық талаптарды сақтай отырып ауызашар  ұйымдастыру, Ораза айт мерекесіне орай мешіт ауласына киіз үй тігіп, ұлттық ойын өткізу, Ораза айт күндері қарттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мерекелік көңіл сыйлау секілді іс-шаралар атқарылады. Пандемияға байланысты бұл жұмыстар барынша сақтықпен өткізіледі", – деді.

Бұл сөзді бас мүфти қостады. Ол "Жасыл аймақтарда" орналасқан өңірлер Рамазан айын мүмкіндігінше қалыптасқан дәстүрге сай өткізу қажеттігін екенін мәлімдеді. 

Қанат Махамбет 
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу