Рамазан Оразов "Тобылмен" қоштасты

1119

Рамазан үшін футболы жоғары деңгейде және құрылымы мүлде басқа принциптерге құрылған лигаға ауысу ақшадан маңыздырақ болды.

Рамазан Оразов "Тобылмен" қоштасты Фото: meta-ratings.kz

"Құрметті қостанайлықтар! Сіздермен де "қош" дейтін кез келді. "Тобылда" аз уақыт ойнасам да, есте қалатын сәттер көп болды. Солардың бірі сіздердің ыстық лебіздеріңіз! Төрт ай бойы мені қолдап жүріп, Орталық стадионда команданы алға жетелеп, керемет атмосфера жасағандарыңыз үшін үлкен алғысымды айтамын! Сондай-ақ, клуб басшылығына, бапкерлер штабына, қызметкерлеріне деген ықыласым шексіз! Қош бол демеймін. Көріскенше, Қостанай! Алдағы ойындарға сәттілік тілеймін! Алға, "Тобыл"!", - деді Рамазан Оразов өз Instagram парақшасында

"Ақтөбеде" жақсы маусым өткізіп, ұлттық құрама сапына алынғаннан кейін Рамазан өзін Еуропада сынап көру мүмкіндігіне ие болды. Сондықтан ол өткен қыста ұзақ уақыт еркін агент ретінде жүрді. Ойындағы ілгерілеушіліктен басқа, Оразов жаңа агентпен - Кен Ван Дейкпен ынтымақтастықты бастады. Ол Ян Вороговскийге Бельгияға екі рет көшкен кезде көмектесті. Алайда, қаңтарда ұсыныс бола қойған жоқ. Жарқын сәттерге қарамастан, ойыншыға статистика аздық етті.

Оразовтың "Ақсуға" ауысуы жұртты таң қалдырды. Бірақ мұнда еуропалық фактор әсер етті. Өйткені, павлодарлықтар Рамазанға шетелден ұсыныс түссе, кез келген уақытта клубтан кетуге құқық берді. Айтпақшы, "Ақсудан" бөлек, жартылай қорғаушының "Қайратқа" қайта оралу мүмкіндігі де болған. Бірақ оның Еуропаға алматылық клубтан ауысуы тиімді болған жоқ. Кейін Рамазан "Ақсудан" кетті. Оразовтың мансабына ең күшті серпілісті "Тобыл" берді. Шілде-тамыз айларындағы дүмпу, Швейцариядағы "Базельмен" тамаша матч, жалпы еуропалық жарыстардағы мықты ойындар, Премьер-Лигадағы голдар – осының бәрі бірігіп, сайып келгенде, Еуропада қазақстандық ойыншыға ерекше қызығушылық тудырды. Тағы да Рамазан Қостанайға Еуропадан ұсыныс түскен жағдайда, клуб кедергі жасамауы тиіс деген шартпен келді және солай болды да.

Оразовтың жалақысы Коперге ауысқаннан кейін төмендейді. Бірақ, ол үшін арман маңыздырақ. Әрине, Словения чемпионатының деңгейі жоғары емес. Бірақ бұл бір жағынан жақсы. Қазақстан Премьер-Лигасынан кейін күрт деңгейі жоғары чемпионатқа ауысса, Рамазанға қиын болар еді. Дегенмен, "Копер" бәсекеге қабілетті команда және соңғы жылдары еурокубоктарда үнемі сынға түседі. Оған қоса словениялықтардың көршілері, мысалы, италиялықтар Словения чемпионатын тамашалайды. Соңғы екі трансферлік терезеде Копер Италияның В сериясының клубтарына бірнеше ойыншыны сатты. Яғни, Словения чемпионаты жақсы көпір және экономикалық тұрғыдан да тиімді болмақ. Олар ойыншыларды осылай алға жылжытуды және одан әрі сатуды көздейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу