Рамзан Қадыров дін үшін Кремльге қарсы бас көтерді ме?

3142

Шешенстанның лидері туралы соңғы күндері қазақстандық ақпарат құралдары да көп жазуда. Ол кеткелі жатыр-мыс. Ал ресейліктерді оның Мәскеудің кезекті қадамына қатал қарсы шығуы таңдандырды. Исламдағы маңызы жөнінен екінші саналатын діни мәтінге тыйым салған РФ билігі Қадыровтың қатаң реакциясын күтпесе керек. 

Рамзан Қадыров дін үшін Кремльге қарсы бас көтерді ме?

Кеңес дәуірін аңсап, сондағы тоталитарлық режимге қайтып бара жатқан солтүстік көршіде азаматтар көрінген сөз үшін қуғын-сүргінге ұшырап жатқанын Қазақстан халқы да көріп-біліп отыр. Мысалы, Ресейде "Миру – мир", "Нет войне", "Не убий" сияқты адамзаттың асыл құндылықтарына құрылған сөздер үшін қылмыстық істер қозғалды. Тіпті Мәскеу метросында еш ұрандамай, жай ғана "Мир" банктік картасын басынан жоғары көтеріп тұрған ер адам қылмыстық қудалауға ұшырады.

Бұдан бөлек, Ресейде тыйым салынған текстердің ұзын тізімі бар. Оларды ақпарат құралдарында журналистерге пайдалануға, жоғарғы оқу орындарындағы профессорларға дәрісте цитата жасауға, басқа тәсілдермен қолдануға жол берілмейді. Бұл қара тізім қазіргі кезде 5 304 аталымнан тұрады. Алайда ол әрі қарай тоқтаусыз толығуда. Бұған РФ қоғамы қайран қалуды қойды. Қазақша айтқанда, еті өліп кетті.

Дегенмен таяуда 2022 жылдың тамызының соңында тыйым салынған мәтіндердің кезекті толығуы көршідегі мұсылман қауымының санасын дүр сілкіндірді. Ресейлік және шетелдік ақпарат құралдарының жазуынша, әңгіме Ислам әлеміндегі діни білімнің маңыздылығы жөнінен екінші орындағы бұлақ-қайнары – "Сахих әл-Бұхари" хадистер жинағына Ресейде тыйым салынуы туралы болып отыр. 

Уикипедия ашық энциклопедиясының қазақша бөлігінің түсіндіруінше, Сахих әл-Бұхари деген атаумен белгілі әл-Жамиъ әл-Муснад әс-Сахих – имам Мұхаммад әл-Бұхаридің сахих хадистер жинағы, Алты кітап хадис жинақтары кітаптарының бірі.

"Бұл Пайғамбар (с.ғ.с) салттары немесе хадистер, сол замандағы адамдарға ауызша берілгеннен кейін парсы мұсылман ғалымы Мұхаммад ибн Исмаил әл-Бұхари жинаған еңбегі. Сүннит мұсылмандар Сахих Мүслим және әл-Муатта жинақтарымен қатар ең сенімді үш жинақтардың бірі деп есептейді. Кейбір дін мамандары мұны Құраннан кейінгі ең шүбәсіз кітап деп қарастырады. Араб тілінде сахих сөзі шүбәсіз, шынайы деген мағыналарды береді", – делінген Уикипедияда.

Барша мұсылман жамағаты үшін қасиетті саналатын хадис жинақтарын басып шығаруға Ресейде тыйым салынуына Шешенстан басшысы, Кремльдің қолшоқпарына айналған Рамзан Қадыров күтпеген жерден қатаң үн қатты. Содан кейін Шешенстанның мүфтиі де, РФ-дағы бірнеше мұсылман республикалардың мүфтилері де бас көтеріп, наразылықтарын білдірді.

Қызығы сол, Кремльдің барлық саясатына құп дейтін, тіпті жағыну үшін Мәскеуді қолдауда асыра сілтеп те жіберетін Рамзан Қадыров Ресейдің ресми билігінің бұл қадамын айыптап қана қоймай, жүзін суытып, қорқытып қойды. Оның айтуынша, "егер теріс шешім қайта қаралмаса, мұсылмандар өзін Ресейде өз шаңырағында жүргендей сезіне алмайды", ал мұндай жағдайда "асыл дініміз әр мұсылманға мүлдем басқаша қимылдауды жүктейді". Бірақ мұның нені білдіретінін ол түсіндірмеді.

Ресейлік мұсылмандар қозғалысын құрушылардың бірі және көшбасшысы, идеолог, ғалым, қоғам қайраткері Харун ар-Руси (бұрынғы аты Вадим Сидоров) ресейлік соттардың бұған дейін де жоғарыдан түсірілген шешімдер негізінде Ибн Касир, Ибн Хишам сияқты жалпы мойындаған бірқатар Ислам дін мамандары мен имамдарының туындыларына да тыйым салғанын еске түсірді.

"Оны аз десеңіз, ресейлік соттар имам Нәуәуи жинақтаған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қырық хадисі сияқты асыл дініміздің ақиқи дереккөздеріне тыйым салып тастады. Тыю саясатының шырқау шегіне жеткені сонша, 2015 жылы Оңтүстік Сахалин сотының шешімімен Құранның өзінің кейбір үзінділеріне тыйым салынды", – дейді Харун ар-Руси.

Оның мәліметінше, абырой болғанда, 2015 жылғы 5 қарашада Сахалин облыстық соты Құранның кейбір аяттарын оқуға және уағыздауға қойылған шектеуді жойды. Сонда соттың өз шешімін өзгертуіне Рамзан Қадыров ықпал етті деген сөз шықты.

Дегенмен Харун ар-Руси да Қадыровтың бұл жолғы тыйымға реакциясын "радикалды" деп атады. Себебі Шешенстан лидері РФ билігін ашықтан-ашық сынап, жария түрде доқ көрсетіп отыр.

Р.Қадыров 3 қыркүйекте "мерзімсіз демалысқа" кеткенін жариялаған болатын. Содан ресейлік сарапшылар оның Шешенстан басшылығынан кетіп, РФ Росгвардия басшылығында биік лауазым алатынын болжады.

Дегенмен Рамзанның өзі Ресейде мынадай тыйым енгізіліп жатқанда, демалыста дамыл тауып жата алмайтынын аңғартты. Сонымен бірге демалыста жүрсе де шешен лидерінің сөзі тас жара алатыны байқалады. Жоғарыдан бұйрық түссе ештеңені аямайтын, ештеңеге қарамайтын ресейлік тасжүрек судьялар райынан қайтатынға ұқсайды. Қадыров төл телеграм-арнасында: "хадистер жинағын аударуға қойылған тыйым мәселесі таяу уақытта түпкілікті шешілетінін" хабарлады.

"РФ президент әкімшілігі осы фактіге, сондай-ақ діни әдебиетке жүргізілген сараптамадағы басқа да ықтимал қателерге мұқият назар аудару туралы шешім қабылдады. Бұл өте маңызды әрі көрнекті шешім: ол Ресей басшылығының бізге ашықтығын және оның конфессияаралық бейбітшілікке қол жеткізуге деген ықыласын паш етеді", – деп мақтап қойды Қадыров.

Алайда "Новая газета. Европа" басылымы Шешенстан басшысының қатаң реакциясын басқаша жорып отыр. Оның өзге астары бар деп тұспалдайды.

"Қадыровтың Шешенстаны тек шешендер арасынан ғана емес, бүкіл Ресейден "еріктілерді" тартып, Украинадағы соғысқа аттандыратын хабқа айналды. Одан "Алға" және "Тимер" батальондарын жасақтаған Татарстан да, "Генерал Шаймұратов" батальонын бағыттаған Башқұртстан да, империя үшін қаншама азаматы қанын төгіп жатқан Дағыстан да арттап қалды. Бірақ ресейлік мұсылмандар Украинадағы соғысқа жаппай құмартып отырған жоқ. Контракті бойынша соғысуға ауыр материалдық жағдайда қалғандар аттануда. Ресейлік мұсылмандар арасында кең ауқымды идеологиялық күресте ресейлік пропаганда жеңіліп жатыр. Осы жағдайда мұсылмандар үшін маңызы жөнінен екінші саналатын діни жинаққа тыйым салу оларды мобилизациялауға жауапты тұлғаларға салмақты соққы болуы мүмкін", – деп жазады ресейлік басылым.

Орталық биліктің қасиетті жинақтарға тыйым сала беруі РФ мұсылмандары жамағаты арасында наразылықты өршітті және Мәскеу қанша жерден бұғаттап бақса да, бұл туралы хабар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге таралып кетті. Мұны енді Украина жағы өз мақсатына пайдалануда.

"Сіздердің ұландарыңыз Украинада мыңдап қаза тауып жатыр. Ал Украинада Сахих әл-Бұхариді кез келген адам еркін оқи алады, оны тіпті Украина Президентінің кеңсесі алдына келіп, дауыстап оқуыңызға жол ашық. Бұл үшін мұсылман өкіліне еш жамандық жасалмайды. Онда неге сіздер бізге қарсы соғысасыздар? Қандай ақ, ақиқи ниетіңіз бар? Сонда Украинадағы бақытты мұсылмандарды өздеріңіз сияқты құқықсыз, бодан адамға айналдыруды мақсат етесіз бе?", – деп Украинаның бұрынғы мүфтиі Саид Исмагилов Ресей мұсылмандарына үндеу жолдады.

Миллиондаған мұсылманды Украинаға қарсы күреске жаппай көтере алмаған Кремль ол жақтан бостандық лебінің есуінен қорықса керек. Соған қарағанда, ресейлік сот жүйесі мұсылман үмметінің қарсылығынан ығып, бұл тыйымды да алып тастауға тиіс.

Саид Исмагиловты құрмет тұтатындар Ресейде де баршылық. Өйткені ол кейбір елдердегі дінбасылар сияқты орынтаққа кенедей жабыспады, басқыншылар шапқыншылығы басталғанда, орнын жас мұсылман басшыларға ұсынатынын мәлімдеп, Украинаның бас мүфтиі қызметінен өз еркімен бас тартты. Содан соң, қолына қару алып, майданға аттанды, Украинадағы мұсылмандар үшін байырғыдан киелі мекен саналған жерлерді жаудан азат етуге ерікті түрде бел буды. Сондықтан "жылы кабинеттерден" сөйлеуге мықты дінбасыларға қарағанда оның сөзінің қуаты бар, әрі өтімді.

Ресейлік сарапшылар қай жағына сенерін білмей, абдыраған аудиториясын қайтадан айналасына топтастыру үшін Рамзан Қадыров ең дұрыс тәсілді таңдағанын айтады. Оның елді қантөгіске айдаған соғысқұмар саясаты құптауға лайықсыз болғанымен, РФ билігіне ультиматум қойып, Ислам қүндылықтарын қорғаған дәл осы қадамы мұсылман қауымына әлдеқайда пайдалы болса керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу