Қарағанды тұрғыны "алынбаған" несиеден азап шекті

4095

 Елімізде шағын несие ұйымына алданғандар саны артқан. 

Қарағанды тұрғыны "алынбаған" несиеден азап шекті

Қарағандылық Қанат Досмұханов күтпеген жерден шағын несие ұйымына қарыз болып шыққан. 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы бір шағын несие ұйымы оның атына 50 мың теңге  несие берген, бүгінде бұл қарыз пайызымен өсіп, 600 мың теңге болған. Қанат Досмұханов несие алмақ түгілі фирманың қай жерде орналасқанын білмейді. Ол өзінің борышкер екенін және ақшаны төлемегендіктен, "қара тізімге" енгенін  банктердің бірінен білген.

"Бүгінгі күні аталған сома жүз есе өсіп, мен енді алты жүз мың теңге төлеуім қажет екен.Кейде "ватсап" арқылы таныстарыма жеке куәлігімнің суретін жіберетін кездерім болады,бірақ құжатты жоғалтып көрмеген жоқпын. Менің жеке сәйкестендіру нөмірімді  біреулер пайдасына асырған болу керек. Ал өзім мүлдем несие рәсімдеген жоқпын",– дейді Қанат Досмұханов.

Қанат өзін борышкер етіп "қара тізімге" енгізіп жіберген шағын несие ұйымын іздеп Нұр-Сұлтан қаласына барған. Алайда  фирма көрсетілген мекенжайда орналаспаған болып шыққан. Ал нұсқаған телефон нөмірлері жауап бермеген. Амалы қалмаған қарағандылық осыдан кейін барып полицияға арыз түсірген, бірақ шағын несие ұйымынан зардап шеккен жалғыз бұл ғана емес.

"Қаржылық компанияға қатысты Қарағанды полиция бөлімінде алаяқтық фактісі бойынша үш іс тіркелді. Қазіргі уақытта тергеп-тексеру жұмыстары қолға алынған. Оның қорытындысы қосымша хабарланатын болады",– деп мәлімдеді Қарағанды облысы полиция депаратаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы Жанатай Сембеков.

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласындағы сотта осы шағын несиелік ұйымға қатысты 26 азаматтық іс қаралып жатыр. Мұнда  арызданушылар "шағын несиелік ұйыммен жасалған келісімшарт күшін жойсын, ақша алмадық " деген талап қоюда.

IT-мамандар мен құқық қорғаушылар кез келген жағдайда жеке куәлікті фотаға түсіріп, басқа біреуге жіберуге болмайтынын ескертеді. Алаяқтық әрекетке тап болған Қанат Досмұханов өзі тәрізді зардап шеккендерді іздеп жүр. Ол алаяқтық әрекетпен жұртты қармағына түсірген шағын несие ұйымының үстінен азаматтық емес,қылмыстық іс қозғалуы тиіс деп есептейді.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу