Рәзия Нүркенова туған елге оралды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3345

Ширек ғасырдан астам уақыт бойы Ресейде тер төккен жерлесіміз футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан құрамасының бас бапкері болып бекітілді.

Рәзия Нүркенова туған елге оралды Фото: kff.kz

Қазақстан футбол федерациясы бүгін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне әйелдер арасындағы ұлттық құрамамыздың жаңа бас бапкерін таныстырды. Ресми түрде өткен жиынға ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтқожин, ҚФФ Атқарушы комитетінің мүшесі Майя Егімбаева, әйелдер арасындағы ұлттық құрамамыздың бұрынғы бас бапкері Айтбай Жамантаев және Рәзия Нүркенова қатысты.

Әуелі ҚФФ Бас хатшысы Азамат Айтқожин сөз сөйлеп, жалпы жағдайға егжей-тегжей тоқталып өтті: 

"Рәзия Нүркенова – Қазақстан футболының түлегі. Қарағандыда туып-өскен. Кезінде КСРО құрамасы сапында өнер көрсеткен. Соңғы жылдары Ресейдегі Самарадағы әйелдер командасын жаттықтырды. Оған дейін Ресейдің бойжеткендер арасындағы құрамасында жаттықтырушы болған. Нүркенованың жасыл алаңдағы жетістіктері туралы ұзақ уақыт жырлауға болады. Қазақстан футбол федерациясы Рәзия Төлеуқызының біздің ұсынысымызды қабыл алып, туған елінің ұлттық құрамасын жаттықтыруға келісім бергеніне алғыс білдіреді. Біз кеше үш жылға келісімшартқа отырдық. Сонымен қатар, Айтбай Жамантаевқа зор алғыс білдіреміз. Айтбай ағамыз Қазақстан құрамасын қиын-қыстау кезеңде жаттықтырды. Шүмектетіп тер төкті. Алдағы уақытта да ұлттық құрама сапында еңбек етіп, селекционер қызметін атқарады. Жамантаевтың мол тәжірибесі біздің футболға әлі қажет. Бәріміз бірлесе отырып, қандай да бір жетістіктерге қол жеткіземіз деп ойлаймын.

Рәзия Төлеуқызы барлығын қабылдап алып, өзінің жұмыстарын үйлестіріп алғанша бір ай уақыт сұрады. 1 шілдеден бастап, Қазақстанда өз қызметіне кіріседі. Әйелдер арасындағы әлем чемпионатының іріктеу ойындары қызып тұрған шақта біз осылай бас бапкерді ауыстыруға бел будық. Себебі уақыт кешіктіруді көтермейді. Өздеріңіз білесіздер, әйелдер арасындағы ел чемпионатында бес-ақ команда ойнайды. Бұл өте аз, әрине. Сондықтан біз Нүркенованы шақырдық. Негізгі мақсаты – әйелдер футболы пирамдасын құру, толықтай қалыптастыру. Жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз әйелдер арасында лига құруға кірісіп кеттік. Келесі жылдан бастап, Қазақстанда 12 команда ойнайтын болады, – деп түйіндеді өз сөзін бас хатшы.

Иә, шынымен де, Рәзия Нүркенованың қазақ футболындағы орны ерекше болатын. Ол 1968 жылы 4 мамырда Қарағандыда туған. Осы кеншілер қаласындағы педагогикалық институтта білім алған. 1990-91 жылдары "Олимп" (Қарағанды) клубының сапында ойнап, көрермендер көзайымына айналған. КСРО ыдыраған соң, жасыл алаңдағы карьерасын жалғастыру үшін, өзімен бірге ойнаған қыздардың көбісімен Ресейдің Самара қаласындағы ЦСК ВВС командасына ауысады. 1992 жылдан бастап, осы ұжымның сапында ойнайды.

2002 жылы жасыл алаңдағы карьерасын аяқтаған. 2003 жылдан бастап ЦСК ВВС спорт мектебінде бапкерлік қызметін бастады. 2009 жылдан бері ЦСК ВВС кәсіби футбол клубының бас бапкері қызметін атқарып келеді. Бұл клуб 2011 жылы "Крылья Советов" деп те аталған. 2007-2013 жылдары бойжеткендер арасындағы Ресей құрамасының аға жаттықтырушысына көмектескен. Футболдан бірінші дәрежелі төреші.

Футболшы ретінде Ресейдің үш дүркін чемпионы болған (1993, 1994, 1996). Төрт дүркін күміс жүлдегері атанған (1992, 1995, 1997, 1998). Екі рет қола жүлдеге ие болған (1999, 2000). 1994 жылы Ресей кубогын жеңіп алған. Үш рет финалда ойнаған (1995, 1996, 2002). 1996 жылы Достастық чемпиондары кубогын иеленген. 2002 жылы өз командасымен әйелдер арасындағы UEFA Чемпиондар лигасының ширек финалына дейін жеткен. Ресейдің спорт шебері.

Сонымен, Қарағанды жанкүйерлерінің есінде өрнекті ойын үлгісімен, көп-көрім техникасымен, әдемі голдарымен жатталып қалған Рәзия ширек ғасырдан астам уақыт өткенде туған еліне оралып отыр. "Қазақстан ұлттық құрамасының ойынын жетілдіріп, жоғары өрлету үшін бар күш-жігерімді, бүкіл тәжірибемді, ілім-білімімді сарқ етемін" деп отыр. Ендеше, іске сәт, қазақтың дарынды футболшы қызы, білікті бапкері!

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу