Мадридтік "Реалда" алдағы жазғы трансферлік кезеңде елеулі өзгерістер орын алайын деп тұр. Аты аңызға айналған Тони Кроос футболдағы мансабын ресми түрде аяқтағаннан кейін, оның орнына клуб жаңа ойыншы қарастыруда. Cadena SER мәліметінше, "корольдік клуб" бұл міндетті "Манчестер Сити" мен Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Родриге сеніп тапсырмақшы.
2024 жылдың қыркүйегінде Родри ауыр жарақат алғанына қарамастан, мадридтіктер оның әлеуетіне сеніммен қарайды. Соңғы ақпарат бойынша, 28 жастағы ойыншы жаттығуларға оралды және бабына келе бастаған. Transfermarkt порталы футболшының нарықтық құнын 130 миллион еуро деп бағалап отыр.
Родри 2024 жылды керемет өткізді. Испания құрамасымен бірге Еуро-2024 жеңімпазы атанып, "Манчестер Ситимен" Англия чемпионы болды. Ал, маусым қорытындысы бойынша "Алтын доппен" марапатталды. Ол бұл атақ үшін Килиан Мбаппе мен Джуд Беллингемді басып озды.
Айта кетейік, Родридің "Реалға" ауысуына оның жақын досы, "Реалдың" қорғаушысы Даниэль Карвахаль да әсер етуі мүмкін. Ол бұл трансферде бейресми "агент" рөлін атқаруы ықтимал.
Егер Родриді алу мүмкін болмаса немесе келіссөздер ұзаққа созылса, "Реал" балама ретінде "Реал Сосьедад" ойыншысы Мартин Субимендиді қарастыруда. 25 жастағы жартылай қорғаушы Ла Лигада бірнеше маусым қатарынан тұрақты әрі жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді және топ-клубтардың назарынан тыс қалған емес. Бұдан бөлек оған Лондонның "Арсеналы" да қызығушылық танытып отыр.
Субименди "Реал" үшін қаржылық жағынан анағұрлым қолжетімді нұсқа, бірақ ойынға ықпалы жағынан Родри "Реалдың" басты мақсаты болып қала береді.
"Реал" асықпай әрекет етуде. Келіссөздер жүргізуге әлі бірнеше ай бар. Бірақ бір нәрсе анық. "Реалдың" жаңа дәуірі басталғалы тұр. Кроостың кетуі — тек бір ойыншының емес, тұтас бір дәуірдің аяқталуы. Ал бұл дәстүрді Родри жалғастыруы мүмкін. Оның дәлдігі, қабілеті мен интеллектуалдық ойыны аталмыш клубтың философиясына сай келеді.