"Реал" жас ойыншымен толықты

338

Жас футболшының бала арманы орындалды. 

"Реал" жас ойыншымен толықты

Футбол әлемінде тағы бір үлкен трансфер жүзеге асты. "Борнмуттың" жас жұлдызы, испаниялық қорғаушы Дин Хёйсен енді мадридтік "Реалдың" ойыншысы атанды. 

Еуропаның алпауыт клубтары ұсынған қыруар қаржыға қарамастан, 20 жастағы талант таңдауды жүрек қалауымен жасап, бала күнгі арманын орындауды жөн көрді.

"Реал Мадрид" пен "Борнмут" клубтары арасындағы келісім сомасы – 50 миллион фунт стерлинг (шамамен 58 миллион еуро). Бұл сома үш кезеңмен төленетін болады. Хёйсен алты жылға, яғни 2030 жылға дейін келісімшартқа қол қойды. Жыл сайынғы жалақысы 9 миллион еуроны құрайды. Ал соңғы жылдары бұл сома 11 миллионға дейін өсуі мүмкін. Әрине, егер белгіленген бонус шарттары орындалса.
Хёйсеннің трансфері футбол жанкүйерлерін таңдандырмай қоймады. Себебі оған "Челси", "Манчестер Юнайтед", "Ливерпуль", "Арсенал" және "Бавария" секілді клубтар қызығушылық танытқан болатын. Бірақ, Хёйсен "Реалды" таңдады. 
2024 жылғы маусымда Хёйсен "Борнмут" сапында 34 матч өткізіп, 3 гол соқты. Ол тек клубта емес, ұлттық деңгейде де көзге түсті. Наурыз айында Испания құрамасы сапында алғаш рет жасыл алаңға шықты. Оның алаңдағы сенімді ойыны "Реалдың" болашағы үшін маңызды ойыншы болатынын дәлелдейді.
Хаби Алонсо жаттықтыратын "Реал Мадрид" Хёйсенді қорғаныстың тірегі ретінде қарастырып отыр. Клуб үшін бұл ұзақ мерзімді стратегиялық жоба. Хёйсен маусым айында өтетін Клубтық Әлем Чемпионатына дейін командаға қосылып, алғашқы матчын сол жерде өткізуі мүмкін.

Медициналық тексеріс Лондонда өтіп қойған. Ал ресми келісім 22 мамырға жоспарланған. Осы күннен бастап Дин Хёйсен өзінің футболдағы жаңа тарауын әлемнің ең атақты клубтарының бірінде бастайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу