15 наурызда жаңа Конституцияның жобасы бойынша өткен республикалық референдумның түпкілікті қорытындысы шықты. Дауыс беруге қатысқан қазақстандықтардың 87,15%-ы жаңа Ата заңды қолдаған. Тиісті ақпаратты Орталық референдум комиссиясы таратты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны – 12 482 613. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны – 9 127 192 немесе 73,12%.
Референдумға шығарылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны – 7 954 667 немесе дауыс беруге қатысқандардың 87,15 пайызы. Референдумға шығарылған мәселенің теріс шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны – 898 099. 146 558 бюллетень жарамсыз деп танылған.
"Дауыс беруге референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі немесе 73,12 пайызы қатысқандықтан, "Сіз жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?" деген сұрақ бойынша референдум өтті деп есептелсін.
Республикалық референдумға дауыс беру үшiн шығарылған жаңа Конституция қабылданды деп есептелсiн, өйткенi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екiсiнде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы немесе 87,15 пайызы оң шешiм қабылдады", – деп хабарлады Орталық референдум комиссиясы.