Реформа мен форма

4006

Қазақстандық полицейлердің жаңа формасының бір жиынтығы қанша тұратыны мәлім болды.

Реформа мен форма Фото: tengrinews.kz

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов елімізде алда тәртіп сақшыларының жаңа формасы қолданысқа енгізілгелі отырғанын хабарлады.

ІІМ басшысы полицейлердің қазіргі киіп жүрген киімі жұмыс үшін ыңғайсыз екеніне шағымданады:

"Шындығын айтуымыз керек, біздің формамыз негізінен кеңседегі жұмысқа арналған. Ал бізге көшедегі, даладағы жұмыс кезінде киюге қолайлы болатындай функционалды киім керек. Біздің әр өңірде ауа райы, климаттық жағдайлар әртүрлі. Бұл да ескерілуі керек. Қазір осылар бойынша да жұмыс жасаудамыз", – деді министр Қалмұханбет Қасымов.

Оның айтуынша, құқық қорғау қызметкерлеріне бас киімді де жеңілдету көзделіп отыр.

Ішкі істер министрлігі жаңа формада ыңғайлылық пен сапа бірінші орында болатынын хабарлады. Сыртқы безендірілуі де назардан қалыс қалмайды. Бұл ретте ведомство ақырғы нұсқаны әзірге таңдамапты, дизайнерлерден ұсыныстардың көбірек түсуін шамалы күте тұрмақ. Әйтпесе, әлеуметтік желілерде "қазақстандық болашақ полицейлердің сыртқы кейпі осындай болады" деп жаңа форманың бір нұсқасы таралуда.

"Қызметкерлер үшін жаңа форма ендірілуде. Ол тек ыңғайлы және төзімді ғана емес, сондай-ақ қазіргі заман талабы мен талғамына сәйкес келеді. Бүгінде біз отандық киім өндірушілердің әртүрлі ұсыныстарын қарастырып жатырмыз. Қандай да бір дайын үлгі-прототип туралы айтуға ерте", – деп мәлім етті министрлігі.

Жаңа киімді тек ІІМ қызметкерінің куәлігін ұсынған кезде ғана сатып алуға ұлықсат етіледі. Әйтпесе, полицей киімін киіп алған алаяқтардың адамдарға, кәсіпкерлерге қоқан-лоққы көрсетіп, ақша, тегін қызмет, мүлік бопсалайтын кезі сирек емес. Ресми полицейлердің кейбірі де солай жасайтынын білетін бизнесмендер бопсалаушыға қатысты шағымдануға не жұмыс орнына сұрау салып, тексеруге қорқып, сұрағанын сөзсіз береді.

Жергілікті полиция департаментінің түсіндіруінше, полицейдің киімі негізінен, плащтан, бушлаттан, жаңбыр кезінде киілетін жамылғыдан, китель немесе курткадан, фуражкадан, бас киім немесе әйелдер үшін пилоткадан, аяқ киімнен, шалбар не белдемше-юбкадан, жеңі ұзын және қысқа жейдеден тұрады.

Мұның сыртында әр бөлімше өзінің мамандануына қарай өз қызметкерлерінен қосымша киім түрлерін талап етуі мүмкін.

Бұл жер формалық жейде шамамен 6,5 мың теңге көлемінде болып келеді. Фуражка одан сәл ғана арзандау – 6 мың теңге. Форма-костюм 12 мың теңге айналасында болмақ.

Киім жиынтығындағы ең қымбаты әрине, сыртқы киім мен аяқ киім. Бұлар алда көп өзгеріске түспейді деп күтілуде. Бушлаттарды қазір 8-23 мың теңге аралығында сатып алуға болады. Формалық куртка 29 мың теңгеге дейін барады екен. Арнайы аяқ киім моделіне қарай 10-14 мың теңге айналасында құбылады.

Полиция қызметкерінің кителінің ең қымбаты 22 мың теңге болады. Ғұмырын құқық қорғауға арнаған нәзік болмыс иелерінің белдемшелерін 2,5 мың теңгеден табуға болатын көрінеді.

Плащ құны 7-11 мың теңге аралығында болуы ықтимал.

Мұның сыртында фуражка (3 мың теңге) және оған бекітілетін белгілер, қысқы бас киім (2-5,5 мың теңге) және басқалары алынуы қажет.

Сарапшылар полдицейдің формасының толық жинағы үшін кем дегенде 25-30 мың шығындауға тура келетінін айтады.

Бұл жұмыстар ел президентінің таяуда жолдауды жариялау кезінде айтқан қатаң сынынан кейін бастау алды. "Көшедегі полицейлер менің атыма кір келтіруде. Өйткені оларды да халық билік деп қабылдайды" деп Мемлекет басшысы қынжылыс білдірген болатын.

Оның үстіне елімізге келетін туристер қазақстандық тәртіп сақшыларынан қорқатындарын, олардың еш күлімсіремейтінін, шекеден қарайтынын айтады.

Сондықтан құқық қорғау органдары тек сыртқы киімін киімін ауыстырумен іс бітпейді. ІІМ тәртіп сақшыларының қызметінің сипатын өзгертіп, оны кеңес кезінен қалған "қадағалаудан" заманауи "сервистік модельге" көшірмек ниетті. Ол бойынша енді полицейлер тек құқық бұзушылармен күреспен ғана шектелмей, қала көшесінде адасып жүрген азаматтарға, туристерге үш тілдің бірінде кеңес беруге, жол-жөн көрсетіп жіберуге, қиын өмірлік жағдайға тап болған жанға психологиялық көмек беруге даярланбақ.

Бұл ретте "полицейдің жаңа стандарты" бекітілгелі отыр. Ол тәртіп сақшыларын іріктеудің жаңа жүйесіне және қайта аттестаттауға қатысты өзгерістерден, оларды жұмысқа алу мен мансабы бойынша ілгерілетудің жаңаша тәсілдерінен, саладағы білім беру мен кадр даярлаудың жүйесін түбегейлі реформалаудан тұрмақ.

Бұдан бөлек, елімізде Ішкі істер министрлігінің штаттық санын қысқарту науқаны басталады. Әсіресе, басқарушы буындардағы оқалы шенділердің, бастықтардың санын күрт азайту күтіліп отыр.

Осылардың барлығы халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыруға және жұртшылықтың өзін қауіпсіз сезінуіне ықпал етуге тиіс.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу