Регбиден Азия турының екінші кезеңдік додасы Инчхонда (Кореяда) өтті. Валерий Попов жаттықтыратын Қазақстан құрамасының арулары финалға шығып, өрнекті ойын үлгісін көрсетті. Шешуші матчта Жапония қыздарына есе жіберіп алып (есеп – 12:17), екінші орынға ие болды.
Инчхонда Қазақстан арулары "D" тобына түсіп, әуелі Тайланд құрамасынан 17:0 есебімен басым түсті. Одан кейін Қытай қыздарын 27:5 есебімен тас-талқан қылды. Ал Сингапур сұлуларын 48:0 есебімен күйрете жеңді. Жартылай финалда Гонконг құрамасын да бұйым құрлы көрмеді (26:14).
Ал финалда, жоғарыда жазғанымыздай, Жапония аруларынан ұтылып қалды. Бірақ намысты қолдан бермей, тайталасып бақты. Осы ретте айта кетуіміз керек, Кореяда өткен "Asia Rugby Sevens Series" додасында "Күншығыс елінің" жігіттері де топ жарды.
"Asia Rugby Sevens Series" додасының бірінші кезеңі қыркүйектің ортасында Гонконгта өтіп, онда Қазақстан қыздары үшінші орынға ие болған болатын. Шри-Ланка қыздарын 36:0, ал Сингапур аруларын 24:10 есебімен ұтқанымен, Қытай құрамасынан 14:21 есебімен ұтылып қалған. Сөйтіп жартылай финалда деңгейі өздерінен жоғарылау Жапония қыздарына тап болып, 15:21 есебімен жеңілістің кермек дәмін татқан. Әйтсе де, үшінші орын үшін өткен матчта алаң иелері Гонконг қыздарын 14:5 есебімен тізе бүктірген болатын.
Енді Азия турының үшінші кезеңі 13-14 қазан күндері Шри-Ланкада өтеді. Валерий Попов жаттықтыратын қыздарымыз үшінші рет жүлдеге ілігеді деп сенеміз. Өздеріңіз білесіздер, қыркүйектің басында аяқталған ХVІІІ жазғы Азия ойындарында регбиші қыздарымыз үшінші орынға ие болып, ел қоржынына қола жүлде салған болатын.
Енді Инчхонда ел намысын қорғаған аруларымыздың тізіміне көз жүгіртіңіздер: Құндызай Бақтыбаева, Балжан Қойшыбаева, Алина Әскерова, Нигора Нурматова, Вероника Степанюга, Ева Беккер, Карина Проскурина, Людмила Коротких, Олеся Теряева, Анна Яковлева, Светлана Ключникова, Дарья Ткачева.
Маруан Түсіп