Рельсті Өзбекстанға өткіземіз

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2316

Жыл соңына дейін Өзбекстанға 5 мың тонна рельс жеткізіледі. 

Рельсті Өзбекстанға өткіземіз

16 қыркүйек күні ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанға жасаған жұмыс сапары аясында Ташкентте ІІ Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы және қазақстандық тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды. Оған "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ президенті Қанат Алпысбаев бастаған делегация да қатысты. Делегация құрамына отандық теміржол көлігін құрастыру саласының өкілдері енді.

Бизнес-форумда "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ мен "УТЙ" АҚ арасында жыл соңына дейін 5 мың тонна рельс жеткізу туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ 2020 жылға дейін 40 мың тонна жоғары сапалы рельстерді жөнелту үшін ұзақ мерзімді келісімшартты бекіту туралы келісімге қол жеткізілді. Атап айтқанда, жыл сайын жүрдек көліктерге арналған 13500 тонна рельс жөнелтілетін болады деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.   

Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёевтің ресми кездесуі аясында "Қазақстан темір жолы" ҰҚ" АҚ және "Узбекистон темир йуллари" АҚ арасында стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылды. Бекітілген құжат екі елдің аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік маршруттарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында өзара байланысты нығайтуға, сондай-ақ теміржол көлігін құрастыру кластері өнімдерін экспорттауға бағытталған.

2020 жылға дейін теміржол өнімінің жалпы тауар айналымы 320 млн-нан астам доллар болады деп бағалануда.  

Қазақстандық теміржол көлігін құрастыру кәсіпорындары 303 тепловоз, 62 электровоз, 552 жолаушылар вагонын (оның 116-сы кеңейтілген шанақты вагон), 7321 жүк вагонын және 200 мыңға тоннаға жуық рельс өндірген.

Көрмеде қазақстандық кәсіпорындардың теміржол көлігі саласының негізгі өнімдері таныстырылды. Атап айтқанда, "Тұлпар-Тальго" жолаушылар вагондары, электровоздар мен тепловоздар, жүк вагондары, рельстер, дөңгелекті шентемір мен бағыттауыш құралдар, жолдың үстіңгі қабатына қажетті материалдар ұсынылды. Ташкент теміржол станциясындағы көрмеге қатысушылар Қазақстаннан жеткізілген ТЭ33А тепловозының, КZ8А электровозының және "Тұлпар-Тальго" жолаушылар вагондарының ерекшеліктерімен танысты.

Көрмені аралған екі елдің президенттеріне Қанат Алпысбаев Қазақстанның темір жол көлігін құрастыру кластерінің дамуы туралы баяндады.

"Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Қазақстанда теміржол көлігі машиналары кластері толықтай қалыптасты. Машина жасау саласындағы әлемдік алыптар - "General Electric", "Alstom", "Patentes Talgo S.L.", "SIEMENS" секілді жетекші компаниялармен соңғы үлгідегі жылжымалы құрамды құрастыруда озық инновациялық технологиялар қолданылуда", – деді Қанат Алпысбаев.

Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстанның теміржол көлігі саласындағы әріптестігі нығайып келеді. Қазіргі уақытта Өзбекстанға біздің елден 4900 тонна рельс жөнелтілген. Оның 3900 тоннасы - өзбек темір жолына, ал қалған 1000 тоннасы Алмалық тау-кен-метталургия комибанатына жеткізілген.

"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-ның көрмедегі павильонымен танысқан ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзбек теміржолын жаңғыртуға қазақстандық кәсіпорындардың көптеп қатысуы жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жүрдек жолаушылар пойызының қозғалысы туралы сұрады.

Қанат Алпысбаев "Алматы-Ташкент бағытында "Тұлпар-Тальго" жүрдек пойызы қатынап жатқандығын, жолға кететін уақыт 30 сағаттан 17 сағатқа дейін қысқартылғандығын жеткізді.

Еркебұлан Қыздарбек, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу