Репродукциялы тұқым – жоғары өнімнің кепілі

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
4086

Биыл Жамбыл облысында 608,8 мың гектар жерге тұқым себіледі деп жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,6 мың гектарға немесе 2,6 %-ға артық.

Репродукциялы тұқым – жоғары өнімнің кепілі

Жамбыл облысы жер жағдайы мен климаты жағынан егіс жұмыстарын дамытып, өркендетуге өте қолайлы өңір екені белгілі. Мұнда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 4,6 млн гектардан асады. Бұл алқаптың 763,2 мың гектары егістік жер болса, оның 172,9  мың гектары суармалы. 

2017 жылдың өнімі үшін 608,8 мың гектар жерге егіс егіледі деп жоспарланған екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,6 мың гектарға немесе 2,6 пайызға артық.

Сала мамандары 2016 жылдың  өнімі үшін  егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 593,2 мың гектарды құрап, игерілмеген жердің көлемі 36,2 мың гектар болса, 2017 жылы игерілмеген жердің көлемі 35,6 мың гектарға дейін төмендейді деп болжауда.  

Өсімдік шаруашылығын әртараптандыру мақсатында қант қызылшасы, майлы дақылдар, көкөніс-бақша, картоп және мал азықтық  дақылдарына басымдылық беріліп, көлемін арттыру көзделуде. Нақты айтқанда, дәнді және дәнді-бұршақты  дақылдар 257,6 мың, майлы дақылдар 87,7 мың, қант қызылшасы 9,0 мың, картоп 8,7 мың,  көкөніс 26,1 мың, бақша 10,7 мың және мал азығы 208,0 мың гектарға орналастыру жоспарлануда.

Ал өткен жылы жерге тасталған 106,7 мың гектар алқаптағы күздік бидайдың 48,3 пайызы жақсы, 40,5 пайызы қанағаттанарлық және 10,3 пайызы нашар көрсеткішті көрсеткен.

Облысқа қарасты аудандар әкімдерінің берген мәліметінше, биыл егілетін жаздық дәнді және майлы дақылдардың тұқымы толық жеткілікті. Оның ішінде, жаздық арпа бойынша қажетті 22,0 мың тонна тұқым, ал мақсары дақылына қажетті 2,34 мың тонна тұқым қолда бар екен. Ал жүгерінің бірінші ұрпақ будан тұқымдары Алматы облысынан 1 келісі 800-900 тенгеден сатылып алынуда. Бүгінгі күнге дәндік жүгерінің қажеттілігінің 66,0 пайызға жуығы қамтамасыз етілсе, қалған қажеттілік "Будан" ЖШС және Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен келісім жүргізу арқылы қол жеткізілуде.

Картоптың элита тұқымы 1 келісі 150-200 теңгеден, 1 репродукциялы тұқым - 100-130 теңгеден, көп жылдық шөптердің тұқымы Оңтүстік Қазақстан облысынан, Қырғызстаннан сапасына қарай 900-1100 теңгеден әкелінуде.

Әлбетте, шаруалар субсидиядан да кенде емес. Өткен жылы тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау бағдарламасы бойынша 230,6 млн теңге қаражат бөлініп, толық игерілсе, соның ішінде қант қызылшасы дақылының тұқымын сатып алған шаруаларға барлығы жалпы сомасы 76,2 млн теңге субсидия берілген.

Айта кетейік, бүгінде Жамбыл облысында қант қызылшасын өсіріп, оны өңдеуге көп көңіл бөлінуде. Сол мақсатта қызылша өсіру көлемі жылдан-жылға ұлғайтылып, Тараз қаласы мен Меркі және Шу аудандарындағы қант зауыттары толық іске кірісуде.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу