Ресей Америка Құрама Штаттарын дүр сілкіндірген көтерілістерде өзінің қандайда бір рөл ойнағанын жоққа шығарып отыр. Айта кетсек, АҚШ-тың талай штатын жайлап, тәртіпсіздіктерге ұласқан наразылық акциялары мамырдың 25-де ақ нәсілді полицейдің қарусыз афроамерикалық Джордж Флойды мойнынан тізесімен басып, тұншықтырып өлтіруі себепші.
Бірақ, сенбі күні Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Роберт О’Брайан ABC News телекомпаниясына берген сұқбатында Ресей АҚШ-тағы дүрбелеңді әлеуметтік желіде науқандар жүргізіп өз мүддесіне пайдаланғысы келеді деп ескертті. Ал, елдің бұрынғы ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Сюзан Райс CNN эфирінде жасаған мәлімдемесінде өзге елдердегі бейбіт шерулер барысында зорлық-зомбылықты қоздырғысы келетін ойындардың бірі "тура орыстың пьесасынан" екенін атап өтті.
Дегенмен, Мәскеудің Вашингтондағы елшісі Анатолий Антонов сәрсенбі күні "Россия-1" арнасына берген комментарийінде айтқандай, Вашингтондағы шенеуніктер АҚШ-тың басым бөлігін қамтыған наразылық акциялары мен демонстрациялардан Ресейдің ізін іздеп әлек.
"Тіпті бұл ел салмақты проблемаға душар болып отырғанның өзінде, кейбіреулер сол көтерілістерге Ресейдің қатысын іздеп, Ресейді Құрама Штаттардың ішкі істеріне араласты деп айыптағысы келеді. Олардың ойынша, мұнда болып жатқан оқиғаларға адамдарды біз итермелеп отыр екенбіз", - дейді Антонов.
"Өте жаман жағдай. Құрама Штаттарда болып жатқан жағдайлар – АҚШ үкіметі жүргізіп жатқан этносаралық және нәсілдер саясатының нәтижесі. Бұл – ұзақ уақыттан бері қызып кеткен қарама-қайшылықтардың жарылуы ", - дейді ресейлік дипломат тағы бір сөзінде.
Сонымен қатар, Антоновтың айтуынша, АҚШ-та болып жатқан жағдайға "ешкім қуанып отырған жоқ". "Адамдар өмірімен қош айтысып жатыр. Және де біз мародерлер мен арандатушылардың бейбіт шерулердің шырқын бұзып, шабуыл жасап жатқанын көріп отырмыз", - дейді ол.
Оның айтуынша, АҚШ-тың этносаралық шиеленіс проблемалары мен полиция дөрекілігінің кең етек алуы – "адам құқықтарының бұзылуы мен қос стандарттардың" айқын дәлелі. Өзге бір мәлімдемесінде Антонов өзінің және әріптестерінің өздерін қабылдаған елдегі жағдайға қатты алаңдап отырғанын жеткізді.
"Біз жағдайдың жақсарғанын қалаймыз. Тәртіп пен адамдардың конституциялық құқықтарының тезірек қалпына келуіне де тілектеспіз. Бұның бәрі тұрақты ынтымақтастыққа мүмкіндік береді", - дейді Антонов.
Бұл мәлімдеме Оңтүстік Каролинадан сайланған сенатор Линдси Грэм "Дауылдар тоғысқанда" ісін, яғни, Федералдық тергеу бюросының Ресейдің АҚШ-тағы сайлауларға араласуын және Трамптың науқанына көмектесуін қалай тергегенін зерттеп жатқанда жасалып отыр. Дегенмен, Трамп та, Путин де 2016 жылғы сайлау қарсаңында бірлесіп жұмыс істегендерін жоққа шығарып отыр.
Кремль бұл мәселені АҚШ-тың ішкі ісі деп мәлімдеді. Алайда, РФ Сыртқы істер министрлігі Флойдтың өліміне қатысты түсініктеме бере отырып, "Құрама Штаттарда қалыптасқан төтенше ахуалды назардан тыс қалдыра алмағанын" жеткізді.
"Құрама Штаттарда, сөз жоқ, адам құқығына қатысты жүйелі проблемалар қордаланып қалған: нәсілшілдік, этникалық және діни дискриминация, полицияның қатыгездігі, сот әділдігіне немқұрайды қарау, түрмелерде адамдардың тым көп жиналып қалуы, кейбір жекелеген тұлғалардың отты қаруды бақылаусыз қолдануы және тағы басқалар. Бұл жағдайларды түзеу үшін тиімді шаралар қолданылуы керек", - дейді Ресей сыртқы істер министрлігі.
Айта кету керек, АҚШ Ресейді адам құқықтарын бұзды деп ұдайы айыптайды. Мемлекеттік департамент адам құқықтары жөнінде наурызда жариялаған соңғы баяндамасында Ресейді рұқсат етілмеген шерулер кезінде азаматтарға зорлық-зомбылық көрсетіп, демонстранттарды жөн-жосықсыз тұтқындайды деп кінәлады.
Трампқа оралсақ, ол дүйсенбі күні 1807 жылы қабылданған "Көтерілістер туралы заңды" қолданып, Құрама Штаттардың кейбір қалаларына әскер кіргізетінін ескертті. Айта кетсек, бірқатар штаттарда нәсілшілдікке қарсы шерулер тонаушылыққа, өртеуге, мүлікті жоюға ұласты. Кейбір мәліметтерге қарағанда, соңғы күндері АҚШ-та манифестациялар мен тәртіпсіздіктер кезінде 11 адам қаза тапқан. Трампқа сенсек, бұл оқиғаларға "Антифа" солшыл қозғалысымен байланыстағы "ішкі террористер" де кінәлі.
Дегенмен, сәрсенбі күні елдің қорғаныс министрі Марк Эспер мәлімдегендей, ол бүгінгі жағдайда "Көтерілістер туралы заңды" қолдануа қарсы екенін мәлімдеп, президенттің позициясын құптамайтынын аңғартты.
Арыс Әділбекұлы