Ресей АҚШ-тың ғарышты "жекешелендіру" ниетіне наразылық білдірді

4860

Трамп әкімшілігі Ай ресрустарын одақтастарымен ғана бірлесіп игеру туралы келісім жобасын әзірлеп жатыр.

Ресей АҚШ-тың ғарышты "жекешелендіру" ниетіне наразылық білдірді

Трамп әкімшілігі АҚШ-тың демеушілігімен "Артемис келісімі" атты жаңа халықаралық пәтуа қабылдап, соның аясында Айды игерудің заңды жоспарын жасақтап жатыр. Мұны мамырдың 6-да осы құжатпен етене таныс адамдар "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында айтты.

Құрама Штаттардың ұлттық ғарыш агенттігі – НАСА алдағы онжылдықта Айға адамдармен бірге станцияларды да жеткізуді көздеп отыр. Және де Вашингтон бұл іске одақтастарын да тартқысы келеді. НАСА болса, Американың сыртқы саясатында жүзеге асыратын маңызды құралға айналып отыр. Дегенмен, келісім жобасы әзірге АҚШ-тың одақтастарына жіберілмеген.

Трамп әкімшілігі мен ғарышты игеруге ден қойған өзге елдер Айды космостық кеңістіктегі стратегиялық актив деп есептейді. Сонымен қатар, Айда ұзақ уақыт ғылыми зерттеу жүргізіп, соның нәтижесінде Марсқа миссия аттандыруға жол ашылады деген үміт бар.

"Артемис келісімі" - АҚШ-тың Ұлттық аэронавтика және ғарыш әкімшілігінің "Артемис" бағдарламасы шеңберінде жасақталған құжат. Ол Айда болашақта орналасатын базаларды қарсылас мемлекеттер мен компаниялардың зияны мен араласуынан қорғайтын "қауіпсіздік зонасын" құруды ұсынып отыр.

Сонымен қатар, бұл келісім компанияларға Айда игерген ресурстарды халықаралық заңдарға сай иемденудің жолдарын айқындап бермек.

"Рейтердің" өзге бір дерегіне қарағанда, алдағы апталарда АҚШ үкіметі бұл пәтуа туралы өзінің ғарыштағы серіктестері – Канадамен, Жапониямен, Еуропа одағы елдерімен, Біріккен Араб Әмірліктерімен ресми келіссөздер жүргізуді жоспарлап отыр.

Дегенмен, НАСА-ның Халықаралық ғарыш станциясындағы негізгі серіктесі Ресей бұл келісімге тартылмаған. Пентагон Мәскеуді АҚШ-тың Жер

орбитасындағы барлаушы сателлиттеріне өз спутниктерімен қауіп төндіріп, дұшпандық әрекетке барды айыптап отыр.

Құрама Штаттар - 1967 жылы қабылданған Ғарыш кеңістігі туралы келісімнің мүшесі. Дегенмен, осы құжатта аспан денелері мен Ай ұлттық меншіктеудің, оккупацияның және де өзге әрекеттердің субьектісі бола алмайды деп жазылған.

"Бірақ, бұл – қандайда бір территорияны даулайтын шағым емес. "Артемис келісімі" "қауіпсіздік аймағына" алдын-ала рұқсатсыз, ескертусіз жақындауға болмайтынын көрсететін құжат", - дейді Америка әкімшілігінің атын атамаған бір өкілі.

"Артемис келісімі" - Трамп әкімшілігінің Біріккен Ұлттар Ұйымымен келісім жасаудан бас тартып, Америкамен "пікірлес" елдермен уағдаластыққа қол жеткізу жоспарының бірі бөлігі. Вашингтон БҰҰ-да Айды игеру мәселесін ғарышқа қатысы жоқ елдермен талқылау ұзақ уақыт алады және де бұндай келіссөздер өнімсіз аяқталады деп есептейді.

Қазір көптеген мемлекеттер ғарышты әскери үстемдік ететін жаңа мүмкіндік ретінде қарастыратын болды. Ал, Американың халықаралық саясатын жүзеге асыру жолында НАСА-ның рөлі артып отыр. Ал, сол ықпалды "Артемис" келісімінің күшімен өсіру Вашингтонды Қытай тәрізді ғарыштағы қарсыластарымен тіпті тайталастырады деген болжам бар.

"НАСА – ғылым, технология және жаңалық. Енді ол дипломатияның құралына айналып отыр. Мұның бәрі маңызды нәрселер. Әлемде талай ел осындай болғысы келеді. Өйткені, бұл да ұлт айбынының бір көрінісі", - дейді НАСА-ның өкілі Джим Бриденстин.

НАСА "Артемис" бағларламасына ондаған миллиард доллар инвестиция салып, соның нәтижесінде 2024 жылы Айға адам шығарып, кейін Айдың оң полюсінде "тұрақты орналасып", жекеменшік компанияларға ондағы жер қыртысын игеріп, су алуға мүмкіндік беруді көздеп отыр.

НАСА-ның Реактивтік қозғалыстар зертханасының дерегінше, Айдың "сирек ресурстар қазынасында" Гелий-3 пен өте сирек кездесетін металлдар бар.

2015 жылы Құрама Штаттарда жекеменшік компанияларға ғарыш кеңістігіндегі ресурстарды игеруге құқық беретін заң қабылданды. Алайда, халықаралық деңгейде мұндай ереже әлі жазылған жоқ.

АҚШ-тың Ұлттық ғарыш кеңесінің атқарушы хатшысы Скотт Пейстің айтуынша, Трамп сәуірдің 6-да ғарышты игеру туралы бұйрыққа қол қойды. Оған сәйкес, Құрама Штаттар космостан ресурс алуға құқылы және де Америка ғарышты "ғаламға ортақ" деп қарастырмайды.

Трамп әкімшілігінің бұл бастамасы Ресейдің наразылығын тудырып үлгерді. "Ғарыштың жекешелендірілгенін қабылдай алмаймыз", - дейді Кремльдік баспасөз хатшысы Дмитрий Песков өткен аптада жасаған мәлімдемесінде.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу