Ресей әскері Бахмуттан шегіне бастағанын мойындады

3510

Пригожин болса, бұны "қашу" деп сипаттады және де ол Украина армиясының осылайша көптен күткен көктемгі жорықты бастап кеткенін мәлімдеді.

Ресей әскері Бахмуттан шегіне бастағанын мойындады Фото: Ашық дерек көздерінен

Мәскеу өз күштерінің Украинаның шығысындағы Бахмут қаласының солтүстігінен шегінгенін растады. Алайда "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының басшысы бұл шегіністі "талқандалып қашу" деп сипаттап отыр.

Ресей армиясының осы сәтсіздігі алдында Украина әскері Бахмуттың оңтүстігінде де алға басқанын жариялады.

"Рейтер" агенттігінің хабарлауынша, бұның бәрі украин сарбаздарының ресейліктерді Бахмутта қоршап алуға күш жұмылдыра бастағанын аңғартуы мүмкін.

"Үш күн бойы жасалған контршабуыл әрекеттері кезінде Украина қарулы күштері Бахмут секторында 17,3 шаршы шақырым аумақты азат етті", - дейді Украина армиясының "Шығыс" тобының баспасөз хатшысы Сергей Череватый өзінің "Телеграм" каналындағы жазбасында.

Бірақ Украина билігі "көптен күткен және ұзақ жоспарланған қарымта шабуылдар басталды" деген болжамдарды әзірге растамай отыр.

РФ Қорғаныс министрлігінің өкілі Игорь Конашенковтың мәлімдеуінше, Украина Бахмуттың солтүстігін қайтаруға 1000-нан астам жауынгер мен 40 шақты танк жіберген. Егер бұл ақпарат расталатын болса, Киев қарашадан бері ең үлкен шабуылға кірісті деген сөз.

Конашенковтың өзге бір мәлімдемесіне қарағанда, ресейліктер қарсыластарының 26 шабуылына тойтарыс беріп, біршама тиімді позицияларда қайта топтасу үшін, Бахмуттың солтүстік-батысындағы Верховка су қоймасы маңынан шегінген. 

Алайда, "Вагнер" жетекшісі Евгений Пригожин осы жағдайға байланысты таратқан аудио хабарламасында айтқандай, Конашенковтың "қайта топтасу" деген сөзі "талқандалып қашу" дегенді білдіреді.

Сонымен қатар Пригожин украин күштерінің Бахмутты үстінен бақылайтын төбені басып алып, осы қалаға батыстан кіретін негізгі жолды ашқанын атап өтті.

"Верховка резервуарынан айрылу – үлкен территориядан айрылу. Жауымыз бір кездері өзіміз бөгет қойған Часов Яр-Бахмут трассасын толық босатып отыр. Дұшпан енді сол жолды пайдалана алады. Екіншіден, олардың қолына Бахмут маңындағы тактиткалық биіктік те өтіп кетті", - дейді Пригожин.

Айта кетсек, соңғы бір аптада Пригожин "Вагнердің" Бахмуттағы жалдамалы жауынгерлеріне оқ-дәрі бермеді деп РФ қорғаныс министрлігін қайта-қайта айыптады.

Мәскеу тағайындаған биліктің айтуынша, майдан шебінен 100 шақырым жерде орналасқан және Ресей оккупациясындағы Лугансктегі өнеркәсіп кешеніне екі зымыран соққы берді. Интернетте тараған видеодан осы қаланың аспанына қою түтін көтерілгенін көруге болады. Және де бұл шабуыл Ұлыбритания Киевке ұзақ қашықтыққа арналған ракета жіберіп жатқанын жариялағаннан кейін бір күн өткенде жасалып отыр.

Украина жауынгерлері Бахмут маңында бейсенбіде басымдық байқата бастаған тәрізді. Өйткені дәл сол күні олар ресейлік әскери бригаданы талқандап, әжептәуір аумақты қайтарғанын хабарлады. Пригожин осы шайқас кезінде де ресейліктерді "қашты" деп айыптады.

Дегенмен Украина әскери қолбасшылығы жұманың кешінде жасаған кезекті баяндамасында Бахмуттағы ұрыс пен ресейліктердің бірнеше қалаға снаряд жаудырғанын хабарлағанымен, украин сарбаздарының басымдығы немесе ресейліктердің кетіп жатқаны жөнінде ештеңе айтпады.

Украина армиясын Бахумуттың батысынан ығыстыруға жанталасып жатқан "вагнерліктердің" жетекшісі Пригожиннің сөзінше, осы қаланың оңтүстік және солтүстік флангтарын қорғауға жіберілген Ресей күштері қазір күйреп жатыр. Алайда Кремль мұны жоққа шығарды.

Ал президент Владимир Зеленский түнгі үндеуінде мәлімдегендей, ресейліктер "қазірдің өзінде жеңілуге іштей дайын". 

"Олардың санасында бұл соғыс жеңіліспен аяқталып жатыр. Енді біз күнде қысым жасап, ресейліктерді қашуға мәжбүрлеуіміз керек", - дейді Зеленский. 

15 айдан бері жалғасып келе жатқан шайқас қазір сындарлы кезеңге жетті. Соңғы алты айда Украина әскері негізінен қорғаныспен шектелсе, ресейліктер қысқы шабуылдар науқанын бастап, Еуропадағы Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең қанды жаяу әскер операцияларында мардымсыз ғана табысқа жетті. 

Тағы бір айта кететін жайт – жыл басынан бері Киев Батыстан жүздеген жаңа танк пен брондалған машина алып, оларды жауланған территорияларды қайтаруға арналатын қарымта шабуылдарға әзірлеп отыр.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, сол шабуылдар басталып кеткен тәрізді. Алайда, Украина үкіметі мұны растамады: Зеленский осы аптада берген сұхбатында айтқандай, Киевке қарымта шабуылдарға қажетті қару-жарақ толық жеткізілгенше әлі уақыт қажет. Пригожин болса, бұл сөзді алдарқатуға балап, Украина армиясының Бахмуттағы ілгерілеушілігін көптен күткен жорықтың басталғаны деп атап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу