Ресей әскері Харковьке кірді

3500

Ал Батыс Путинмен күресте қаржы әлемінің "ядролық қаруын" қолдануға әзірленіп жатыр.  

Ресей әскері Харковьке кірді

Батыс Ресей банктерін SWIFT-тен ажыратып қана қоймай, РФ орталық банкінің шетелдегі жүздеген миллиард долларын бұғаттап, рубльді әлсіретін, инфляцияны шарықтату жолын таңдады.

Батыстағы одақтастар сенбі күні Мәскеуге жаңа санкциялар салды. Соның оның ішінде ресейлік негізгі банктерді жаһандық төлем жүйесінен ажырату туралы шешім бар. Ал Кремльге бағынудан бас тартқан Президент Владимир Зеленский Украина күштерінің Киев үшін шайқаста алға басып, Ресей әскерлеріне тойтарыс беріп жатқанын хабарлады.

РФ армиясының Украинаға басып кіруіне байланысты экономикалық жазаны күшейтуді көздеген АҚШ пен оның еуропалық серіктестері, Ресей орталық банкінің рубльді қолдау және соғыс әрекетін қаржыландыру мүмкіндігін азайту үшін жаңа шектеулер енгізетінін мәлімдеді.

Бұл мәлімдеме Украинада шайқас жалғасып жатқанда жасалды. Reuters агенттігі сенбі күні кешке Украина астанасында оқтын-оқтын жарылыстар мен атыстардың болғанын хабарлады. Сонымен қатар Киев пен басқа да қалалар ресейлік артиллерия мен қанатты зымырандардың да соққысына ұшырап жатыр.

Президент Владимир Путин бұл соғысты бейсенбі күні Батыстың бірнеше апта бойғы ескертулерін елемей бастады. Оның сөзінше, Украина билігіндегі "неонацистер" Ресей қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұр. Киев пен Батыс үкіметтері бұл айыпты негізсіз насихат деп есептейді.

Ресей бастаған "арнайы әскери операция" - Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін еуропалық мемлекетке жасалған ең үлкен шабуыл және де ол осы континентте "қырғи-қабақ" соғыстан кейін қалыптасқан тәртіпті бұзады деген қауіп бар.

АҚШ қорғаныс министрлігінің айтуынша, Украина күштері Ресейдің үш жақтан жасап жатқан шабуылына қайсарлықпен қарсылық көрсетіп жатыр.

"Ресей әскері Киевті және Украинаның басқа қалаларын шабуылдай бастағанда, біз Ресейді халықаралық қаржы жүйесі мен экономикамыздан одан әрі қарай аластатып, оған шығын келтіруді жалғастырамыз", – дейді Батыстағы одақтастар жазалау шараларын күшейте отырып.

АҚШ, Франция, Германия, Канада, Италия, Ұлыбритания және Еурокомиссияның бірлескен мәлімдемесінде "Біз бұл шараларды жақын күндері жүзеге асырамыз" деп жазылған.

"ҚАРЖЫЛЫҚ ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ": РЕСЕЙ БАНКТЕРІ SWIFT-ТЕН АЖЫРАТЫЛМАҚ

Бастапқыда мұндай қадамнан өз экономикаларының зиян шегуі мүмкін екеніне алаңдаған одақтастар "ресейлік жекелеген банктерді SWIFT хабар алмасу жүйесінен шығаруды қамтамасыз етуге" міндеттенетіндерін айтты. Олар сол банктердің атын атамады. Бірақ ЕО дипломаты бұл шешімнен Ресейдің банк нарығының шамамен 70%-ы зардап шегетіні болжап отыр.

Франция қаржы министрі Ресей экономикасына келтіретін зияны үшін "қаржылық ядролық қару" деп атаған бұл қадам Ресей саудасына соққы беріп, оның компанияларының бизнесін қиындатады.

SWIFT немесе "Бүкіләлемдік банкаралық қаржылық телекоммуникация қоғамы" - жедел трансшекаралық төлемдерді жеңілдететін қауіпсіз хабар алмасу желісі болғандықтан, халықаралық сауда үшін аса маңызды механизм саналады.

"Бірнеше коммерциялық банкті SWIFT жүйесінен ажырату сол банктердің халықаралық қаржы жүйесінен ажыратылуын қамтамасыз етеді және олардың жаһандық деңгейде жұмыс істеу қабілетіне зиянын тигізеді және де банктерді осы жүйеден шығару олардың бүкіл әлем бойынша қаржылық транзакциялардың көпшілігін жүргізуіне тосқауыл қойып, ресейлік экспорт пен импортты да тиімді түрде бұғаттайды", – дейді Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйен.

Айта кетсек, SWIFT – әлемнің 200-дей елінде 11 000-нан астам банкт пен басқа да қаржы институттары арасында миллиардтаған доллармен жылдам аударымдар жасайтын жүйе.

Жаңа америкалық қауіпсіздік орталығының аға ғылыми қызметкері Рейчел Зиемба "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатындай айтқандай, "SWIFT-тен шығару, Орталық банкті шектеу, мұның бәрі Ресейден шикізат пен тауар алуды қиындатады және оның қаржы нарығына қысымды арттыра түспек".

МАҚСАТ – РУБЛЬДІ ӘЛСІРЕТІП, ИНФЛЯЦИЯНЫ ШАРЫҚТАТЫП, ПУТИНДІ САЯСИ ТОЛҚУЛАРҒА ДУШАР ЕТУ

Ресейдің орталық банкіне жарияланған санкциялар Путиннің халықаралық резервтердегі 630 миллиард доллардан астам қаражатты пайдалануын шектей алады. Бұл қор осыған дейін Ресейді кейбір экономикалық зияндардан қорғап келді.

Еурокомиссия президентінің айтуынша, жаңа шаралар Ресейдің "соғыс бюджетін пайдалануына" жол бермейді.

Орталық банктің шетелдегі 600 миллиард доллардан астам резервін бұғаттау Ресейдің құнсызданып бара жатқан рубльді қолдау мүмкіндігіне тосқауыл қоюға да арналған.

Құрама Штаттар ескерткендей, бұл қадам рубльді "еркін құлдырауға" жіберу арқылы Ресей экономикасындағы инфляцияның өсуіне ықпал ету үшін жасалып отыр.

Егер Батыстың бұл мақсаты жүзеге асатын болса, жаңа санкциялардан Ресей экономикасы теңселіп, қымбатшылық пен дағдарыстан элита ғана емес, қарапайым халық та жапа шегіп, Путин "өз үйінде" саяси толқуларға тап болуы мүмкін.

АҚШ-тың Ресейдегі елшілігі болса, америкалықтарға Ресейде ресейлік емес несиелік және дебеттік карталардың қабылданбағаны туралы бірнеше хабарлама тарағанын ескертті. Сенбіге қараған түні "Твиттерде" Америка елшілігі бұл проблеманың ресейлік банктерге салынған соңғы санкцияларға байланысты екенін айтты. Сонымен қатар елшілік АҚШ азаматтарын балама төлем құралдарын иеленуге шақырған. Ал Мемлекеттік департамент америкалықтарға Ресейге бармауға кеңес беріп отыр.

Украина Премьер-Министрі Денис Шмигал жексенбі күні таңертең Twitter-де: "Достарымызға... бірнеше ресейлік банкті SWIFT-тен шығару міндеттемесі үшін рахмет айтамыз", – деген жазба қалдырды.

РЕСЕЙ ӘСКЕРІ ЕКІНШІ ІРІ ҚАЛА – ХАРКОВЬКЕ КІРДІ

Путин жұма күні соғысқа үзіліс жасау туралы бұйрық бергеннен кейін, оның әскерлері қайтадан "барлық бағытта" шабуылға көшкен. Украина үкіметі үзілістің болмағанын мәлімдеп отыр.

"Біз жаудың шабуылына төтеп бердік және сәтті тойтарыс беріп жатырмыз. Ұрыс жалғасып жатыр", – деді Зеленский Киев көшелерінен әлеуметтік желі арқылы жариялаған видео үндеуінде.

Бүгін түскен мәліметке қарағанда, Ресей ракетасы Киев маңындағы жанармай депосына соққы беріп, ауаға улы зат тарап жатыр. Сонымен қатар орыс жауынгерлері Ресей шекарасынан 20 шақырым жерде орналасқан Харковьке кірген. 1.4 миллион тұрғыны бар қала көшелерінде қазір атыс жүріп жатыр. Осы шабуыл барысында Ресей әскері газ құбырын жарды деген ақпарат бар.

Украина дағдарысы НАТО әскери альянсын күшейтті. Ол өзінің шығыс қапталын нығайту үшін бірқатар қадамдар жариялап отыр. НАТО Украинаға әскер орналастырмайтынын айтқанымен, оның бірқатар елдері Киевке әскери көмек жіберіп жатыр.

АҚШ Президенті Джо Байден елінің қару-жарақ қорынан Украинаға 350 миллион доллардың арсеналын жіберуді мақұлдаса, Германия соғыс аймақтарына қару экспорттамау туралы баяғы саясатын айналып өтіп, Украинаға танкке қарсы қару-жарақ пен "жер мен көк" сыныбындағы зымырандарын беретін болды.

УКРАИНА "IT АРМИЯ" ҚҰРЫП ЖАТЫР

Украина вице-премьер-министрі Михайло Федоров Мәскеуді кибершабуылдар үшін айыптап, үкіметінің "IT армиясын" құратынын жариялады. Киев қазірдің өзінде ресейлік күштермен соғыста астыртын хакерлерді көмекке шақырып отыр, деп хабарлайды Reuters.

"Біз IT армиясын құрып жатырмыз", – деп жазды Федоров Telegram хабар алмасу қосымшасында ресейлік танымал веб-сайттардың тізімін жариялай отырып.

"Барлығына тапсырмалар беріледі. Біз кибермайданда күресті жалғастырамыз", – деді өзге бір сөзінде вице-премьер.

Telegram арнасында 31 ірі ресейлік бизнес пен мемлекеттік ұйымдардың, соның ішінде энергетикалық алпауыт "Газпромның", Ресейдің екінші ірі мұнай өндірушісі "Лукойлдың", үш ірі банктің және бірнеше үкіметтік мекеменің веб-сайттары көрсетілген.

Кремльдің және  Путин кеңсесінің ресми веб-сайты Kremlin.ru, сенбі күні істен шықты. Оған хакерлік шабуыл жасалды деген болжам бар.

Федоров, сондай-ақ, сенбі күні SpaceX компаниясының басшысы, миллиардер Илон Маскты Украинаға Starlink спутниктік кең жолақты байланысын ұсынуға шақырды. Маск Twitter-де: "Енді Украинада Starlink қызметі белсенді. Жолда әлі талай терминал бар" деп жауап берген.

44 миллион халқы бар демократиялық Украина 1991 жылы Кеңес одағы құлағаннан кейін Мәскеуден тәуелсіздік алып, НАТО мен ЕО-ға қосылуға ұмтылып келеді. Ресей Киевтің бұл талабына әлбетте қарсы.

Путин Украинаны өз шығысындағы орыстілділерді геноцидке ұшыратты деп айыптап, кішірек көршісінен Ресейге қауіп төнгеніне шағымдпнып соғысқа кірісті. Алайда Киев пен оның Батыстағы одақтастары мұның бәрін өтірік деп, өздеріне тағылған кінәні мойындамай отыр.

Киев мэрі Виталий Кличко ел астанасында ресейлік ірі әскерилер жоқ, бірақ диверсанттық топтар белсенді жұмыс істеп жатыр деп мәлімдеді. Бокстан ауыр салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы кейінірек Германияның Bild таблоидына қаланың "толықтай дерлік қоршауға алынғанын" айтты.

Тағы бір айта кететін жайт, Украина билігі тұрғындарға мыңдаған автомат таратып, жанармай бомбаларын жасауды бұйырды.

МЫҢДАҒАН ҚҰРБАН, ЖҮЗДЕГЕН МЫҢ БОСҚЫН

Осы уақытқа дейін кемінде 198 украиналық қаза тапты. Құрбандардың үшеуі – балалар. Тағы 1115 адам жараланды, деп хабарлайды "Интерфакс" Украинаның Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Кейін "Интерфакс" Украинаның шығысындағы Донецк облыс әкімшілігіне сілтеме жасап, ресейліктер оқ жаудырғанда, 17 бейбіт тұрғынның мерт болып, 73-і жараланғаны жайлы ақпарат таратты. Дегенмен Мәскеу азаматтық нысандарға соққы бермеуге тырысып жатқанын ескертіп келеді.

Украина президентінің кеңесшісі 3 500-ге жуық ресейлік сарбаздың қаза тапқанын немесе жараланғанын хабарлады. Батыс елдерінің өкілдері де барлау мәліметтеріне жүгініп, Ресей әскерінің болжамдағыдан әлдеқайда көп шығынға ұшырап, алға жылжуы бәсеңдегенін айтып отыр.

Ресей болса, зардап шеккендер мен құрбандар санын жарияламады.

"Біз Ресей күштерінің, әсіресе, солтүстікте прогреске қол жеткізе алмағанын білеміз. Олар өте табанды қарсылықты көріп, түңіліп кетті", – дейді АҚШ әкімшілігінің бір өкілі Reuters агенттігіне берген сұқбатындп өз сөзіне ешқандай дәлел келтірместен.

Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі өкілі Филиппо Грандидің дерегінше, 150 мыңнан астам украиналық көрші елдерге өтіп кеткен. Олардың жартысы Польшаға, көбі Венгрия, Молдова және Румынияға қашып барды.

Ресей Қорғаныс министрлігі өз күштерінің Украинаның оңтүстік-шығысындағы 150 мың тұрғыны бар Мелитополь қаласын басып алғанын хабарлады. Украина бұған қатысты түсініктеме бермеді, ал Ұлыбританияның күмәні бар.

Еуропаның бірқатар елдері, соның ішінде Ресейдің Балтық жағалауындағы көршілері – Литва мен Латвия да өздерінің әуе кеңістігін ресейлік ұшақтар үшін жауып жатыр. Сонымен қатар Германия да осындай қадамға дайындалып жатқанын хабарлады.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу