Ресей Таулы Қарабақтан әскерлерін шығарып жатыр

7399

Ресейдің Оңтүстік Кавказдан кететінін былтырғы 2023 жылғы 3 қыркүйекте Армения Премьері Никол Пашинян болжаған еді.

Ресей Таулы Қарабақтан әскерлерін шығарып жатыр Фото: dzen.ru

Ресейлік бітімгершілердің өңір түгіл, Лашын дәлізін бақылаудан айрылып қалғанын алға тартқан Пашинян: "Бірде біз оянып, бұл жерде енді Ресейдің жоқ екенін көреміз!" ("Однажды мы проснемся и увидим, что России здесь нет", ресейлік РБК телеарнасының аудармасы) деп мәлімдеді.

Бұл туралы Армения лидері La Repubblica газетіне сұхбатында айтты.

"Ресейдегілер айтады: Батыс елдері Оңтүстік Кавказдан Мәскеуді ығыстырып шығаруға бағытталған шаралар қабылдауға Армения Үкіметін итермелеуде деп. Бірақ керісінше, әрекетсіз қалу немесе теріс әрекеттерге бару салдарынан Ресейдің өзі біздің өңірден кетуге қадамдар жасап жатқанын көріп отырмыз", – деген армян көшбасшысының сөзін келтірді Armenpress.

Енді міне, әлемдік ақпарат құралдары Ресейдің Таулы Қарабақ өңірінде қалған әскерилерін жаппай әкетіп жатқанын хабарлауда.

"Бұл ақпарат алғаш рет Әзербайжанның және Арменияның ақпарат құралдарында пайда болды. Артынша Кремль ресейлік контингентті Таулы Карабахтан шығару басталғанын растады. Әзербайжандық АПА агенттігінің дерегінше, ресейліктердің бірінші бөлімшелері өңірді тастап шықты. Армян және азербайжан БАҚ-ының хабарламаларын РФ басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков растады: "Ия, бұл шынында да солай!" – деп қысқа қайырды ол журналистердің тиісті сұрағына жауабында. Песков басқа егжей-тегжейін айтудан бас тартты", – деп жазады германиялық Deutsche Welle.

Ресей армиясы контингенттерінің Таулы Карабақтан 16 сәуірден кете бастағанын азербайжандық АПА агенттігі әлемге жария етті.

Оның мәліметінше, олар Келбаджар (Kəlbəcər) ауданындағы Худаванг храмының территориясындағы барлық мүлік-мүкәммалын жиып, аумақты бос қалдырып кеткен.

Бұл – ресейліктердің жеке құрамы мен әскери техникасының бірінші легі болды. Үрдіс жалғасқан.

Анонимді дереккөзіне сілтеме жасап, армянның News.am басылымы да ресейлік әскерлердің өңірден түпкілікті кетіп жатқанын мәлім етті. Оның дерегінше, ресейлік бітімгершілер түп көтеріліп емес, бірте-бірте шығарылады.

Сарапшылар осылайша, орыс бітімгершілерінің тұтас бір ғасырлық тарихы тәмамдалғанын қаперге салды. Қалайша? Өйткені бұл өңірде Ресей бітімгершілері 1920 жылдардан бері тұрған. Тек кеңес одағы ыдыраған соң, орнын РФ басты.

Ресейлік академик, профессор, ғалым, жазушы Юрий Помпеевтің жазуынша, Әзербайжан территориясы саналатын, бірақ армян диаспорасы шоғырлана тұратын Таулы Карабақта ХХ ғасырдың басында да бірнеше рет, 1905-1907 және 1918-1920 жылдары қан-қасап қырғын, қақтығыстар жүрді. Азшылық саналатын әзербайжан тұрғындар қатты зардап шеккен.

Тарихи дерекке сәйкес, Ресей империясы күйреген соң, 1918-1920 жылдары Таулы Қарабаққа Әзербайжан Демократиялық Республикасы (ӘДР) да, Армения Республикасы да өз бақылауын орнатуға күш салды. Тарихшы сепаратизмнің сол кезде басталғанына назар аудартады. 1918 жылғы 22 шілдеде Шуша қаласында армяндардың бірінші съезі Таулы Карабақты "тәуелсіз әкімшілік-саяси бірлік" деп жариялады және "халықтық үкіметін" сайлады.

ӘДР әскерилері мен сепаратистік қарулы жасақтар арасындағы тайталас Әзербайжанда кеңес билігі орнағанға дейін жүрген. 1920 жылғы сәуір-маусым аралығында РККА-ның (жұмысшылар мен шаруалардың қызыл армиясы) 11-ші армиясы әзербайжандық әскерилермен бірге Қарабақ, Зангезур, Нахичеван территориясын басып алды. Сөйтіп, осы аумақты тәуелсіз Әзербайжан мемлекетін жақтаушылардан да арылтты, армян қарулы жасақтарын да тізе бүктірді.

Содан бері Таулы Қарабақ өңірінде кеңестік әскер орныққан болатын. Тарихшы-ғалымның жазуынша, кеңестер сепаратизмді түпкілікті тұншықтырмады, оны азаттықты аңсаған әзербайжандарды тұсаулап ұстайтын тетік ретінде қолданды. Мысалы, 1923 жылдың шілдесінде Әзербайжанның армян диаспорасы шоғырлана тұратын өңірлерін – Шуша, Джебраил, Джеваншир, Зангезур уездерін Әзербайжан КСР-інен бөліп алып, АОНК (Таулы Карабах автономды облысы) автономиясын құрды.

Салдарынан, мәселе қасақана шешілмегендіктен, кеңес одағы құлауға бет алған тұста, өткен ғасырдың соңында қанды қырғын қайта ушықты.

Бертінде Таулы Қарабақтағы кеңестік әскердің орнын "ресейлік бітімгершілер" басты.

"Би-Би-Си" жазуынша, олардың жаңа мәртебесі ХХІ ғасырдың үшінші жартысында бекітілді. 2020 жылғы күзде, шиеленістің кезекті рет өршуі салдарынан Ресей, Әзербайжан және Армения үш жақты келісімге келді. Оған сәйкес, "ресейлік бітімгершілік контингент" Таулы Карабақта ресми түрде қалды.

Мәскеу орнатқан бұл тәртіпті оның Украинаға соғысы бұзды. РФ-тың Украинадан басқаға мойын бұруға шамасы жоқтығын түсінген Әзербайжан 2023 жылдың қыркүйегінде Таулы Қарабақты қайтарып, "конституциялық құрылымды қалпына келтіру" операциясын бастады.

Түрлі соғыстарда ысылған түркиялық генералдардың қолбасшылық кеңес-көмегіне сүйенген, түркиялық әскери инструкторлардың жан-жақты даярлығынан өткен, заманауи ең озық техникамен мұздай қаруланған Әзербайжан әскері артиллерия мен дрондардан үстемелете соққы беріп, әлем мойындамаған "Таулы Карабақ республикасының" қарулы жасақтарын бір тәулік ішінде жайратып салды. Бұл ретте ресейлік бітімгершілер араласпай, сырттай бақылаумен шектелді.

Бакудың сауатты, сұрапыл әскери операциясы нәтижесінде тұтас ғасыр шешілмеген сепаратизм проблемасының тамырына балта шабылды, Әзербайжанның егемендігі мен территориялық тұтастығы қалпына келтірілді. Таулы Қарабақта тұрып келген 120 мыңдай армян Арменияға қоныс аударды. Олардың басшылары қамауға алынды.

Содан бері Әзербайжан мен Армения Ресейдің араласуынсыз, Батыс пен Түркияның араағайындығымен өзара қарым-қатынастарды реттеу бойынша келіссөздерді бастады.

Мысалы, көрші екі ел арасындағы ауқымды бейбіт келіссөздер Германияның шақыруымен 2024 жылғы 28 ақпанда Берлинде жүрді. Мюнхенде Ильхам Әлиев пен Никол Пашинян кездесті. Жүздесу жабық өтті. Дегенмен, Германияның Сыртқы істер министрі Анналена Бербок тараптардың бір-біріне қарай "өте батыл қадамдар" жасағанын жариялады.

Сөйтіп, "екеуі бейім тұрғанда, үшінші кейін тұрадының" кері келіп, Ресей бітімгершілерінің өңірде ары қарай қалуына еш негізі қалмады.

Айтқандай, келіссөздерден кейін Армения НАТО-ға бақталас ретінде Мәскеу құрған әскери блоктағы – ҰҚШҰ-дағы мүшелігін уақытша тоқтатты. ҰҚШҰ аясында өтетін әскери жаттығуларға бұдан былай Армения қатыспайды, оның шараларын өз территориясында өткізбейді. Бұл аз болса, армян саясаткерлері Еуразиялық одақтан да шығып, Еуропалық Одаққа кіру бастамасын көтеруде.

Бұл енді Ресейдің бүкіл Оңтүстік Кавказдан айрыла бастағанын білдіреді. Өйткені Әзербайжан НАТО мүшесі Түркиямен одақ құрды. Олардың армиялары да ортақ саналады.

Мәскеу тек Арменияға ықпалын сақтап қалуға күреседі. Ереван болса, өз әуежайларынан ресейлік шекарашыларды қуып шығып жатыр. Армения билігі 2024 жылғы наурызда Кремльге жолдаған ресми хатында бұдан былай "Звартноц" әуежайында тек армян шекарашылары қызмет ететінін мәлімдеді.

Бұл туралы Арменияның Қауіпсіздік қызметінің хатшысы Армен Григорян жария етті.

Әзербайжандық Haqqin.az басылымының шолушысы Илькин Шафиев Ресейдің Оңтүстік Кавказдан айрылғанын жазды.

"Былтырғы қыркүйекте Әзербайжан Карабақтың бүкіл территориясына қатысты толық егемендігін қалпына келтірген соң осы өңірде орналасқан бітімгершілердің болашағына қатысты мәселе туындады. Оны Баку мен Мәскеу екіжақты келіссөздерде талқылай бастады. Осы кезде әлдекімдер: "бітімгершілер 2025 жылдың қарашасынан ерте, ешбір жағдайда өңірді тастап шықпайды, тіпті басқа статуста ары қарай қалуы мүмкін" деген қауесет таратып, спекуляция жасады. Алайда ондай болжамдар ақталмады. Ресей мен Әзербайжанның жоғарғы басшылығының бірлескен шешімімен бітімгершілер өңірден қазірден кетіп жатыр", – деп хабарлады Haqqin.

Арменияның көшбасшысы Никол Пашинян бұл істе барынша сарабдалдық, саяси көрегендік танытуда. Ол РФ бітімгершілерінің Карабақтан әкетілуіне қатысты мәлімдеме де жасаған жоқ.

Қазіргі билікті тақтан тайдыруға тырысқан, бірақ халықтан қолдау таппай, саяси аренадан кеткен оппозициялық альянстың лидері, Арменияның бұрынғы премьер-министр Вазген Манукянның пікірінше, Ресей Оңтүстік Кавказдан кеткен соң, бұл өңірде түркілер үстемдік етеді.

Ол бұл байламын РФ Мемдумасының депутаты, теріс көзқарасы үшін Қазақстанда "персона нон грата" атанған Константин Затулинге хатында білдірді.

"Украинадағы соғыспен байланысты Ресейдің проблемаларын білеміз. Арменияның басында сауатсыз адам отырғаны да белгілі. Осылардың бәрін ескергеннің өзінде, Мәскеудің 2020 жылдан бергі әрекетін түсіну қиын және ол одақтас ұғымына сәйкес келмейді. Украинадағы текетірес немен аяқталатынына қарамастан, Ресей сіздер үшін әлдеқайда маңызды басқа соғыста қазірден жеңіліп қалды. Сол арқылы Оңтүстік Кавказда пантүркілік қозғалысқа шабыт бердіңіздер. Бұл Ресейдің де түбіне жетіп тынады", – деп жазды экс-премьер Вазген Манукян.

Арменияның Демократиялық партиясының төрағасы Арам Саркисян Арменияның Мәскеуден теріс айналып, Батысқа бет бұрғанын қаперге салды.

Оның пікірінше, Карабақтан әскерін шығару арқылы Ресейдің өңірдегі мүдделері қорғансыз қалды.

Билікке оппозициядағы Саркисянның айтуынша, Армения да, Ресей де енді Қарабаққа орала алмайды, "бұл мәселені түпкілікті жабылды деп санауға болады".

Оның мәліметінше, Ресей Таулы Карабақта бітімгершілерін орналастыруға және ұстап тұруға кем дегенде 2,5 миллиард доллар шығын шығарды. Енді оның бәрі "желге ұшты".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу