Ресей астығын әлем қомақты жеңілдікпен де алмай жатыр

4619

Солтүстік көрші ұзақ жыл бойы рекордтық көлемде астық жинап келді. Бұл оларға "әлемді асырап отырмыз" деп кеуде қағуға негіз болды. Енді астығын сата алмауда. Бұдан Қазақстан ұтуы мүмкін. 

Ресей астығын әлем қомақты жеңілдікпен де алмай жатыр

Астық өндіру жөнінен Ресей көп жыл бойы нағыз державаның қарым-қабілетін танытып келді. Бидай жинау жөнінен алдымен 2017 жылы, содан соң, 2018 жылы, одан кейін 2019 жылы рекорд орнатылды. 128 млн тоннадан көп астық қамбаға құйылған. 2020 жылы әр гектардан 30,3 центнерден айналып, 133,5 миллион тонна астық орды.

Салыстыру үшін айтсақ, КСРО барлық республикаларды, тіпті әскерилерді жұмылдыра отырып, бұдан әлдеқайда аз жинайтын. 1978 жылғы рекорды 127 млн тоннаны құрады.  

2021 жылы Ресей өңірлерін жайлаған алапат өрт және қуаңшылық салдарынан егін шамалы азайып, таза салмақта 120,7 млн тонна астық жинады. Солтүстік көршінің жыл құрғатпай мол астық алуы Қазақстанға кесір болды: әлемнің көптеген елдеріне бидай жеткізуден бас тартуға тура келді. Себебі РЖД вагондардың өз экспорттаушыларына жетпей жатқанын алға тартып, қазақстандық экспорттаушылардың өз тауарымен жаһандық нарыққа әрі өтуіне мүмкіндік бермеді. Сөйтіп Қазақстан көбіне посткеңестік елдермен, Орталық Азия, Ауғанстанмен шектелген

Аста-төк астық Ресейдегі империяшыл күштердің кеудесін тіптен күмпите түсті. Бұл кез келген жағдайда, соның ішінде аса ауыр санкциялар және соғыс болса да, Ресей халқының тамақтан еш тарықпайтыны туралы "аңызды" тудырды, оны пропагандистер ары қарай өршітіп, қапысыз сенетін, дәлелдеуді еш қажет етпейтін аксиомаға айналдырды.

Алайда басқыншылық соғыс мұның шындыққа жанаса қоймайтынын дәлелдеді. Мәскеу амалсыз, 15 наурызда астықты шетелге экспорттауға тыйым салды. Дәнді дақылдардың көпшілік түрін (бидай, қарабидай, арпа, жүгері және басқасын) шетелге тасымалдауға тыйым 30 маусымға, яғни жаңа астық алынатын кезге жақын мерзімге дейін енгізілді.

Сондықтан көршінің аграршылары әлемдік биржада астықты шілдеде жеткізу үшін алдын ала сатуға талаптануда. Алайда олардың серіктестерінің көбі енді "бүлінгеннен бүлдіргі алма!" қағидасын ұстанатыны белгілі болды. Тіпті ең үлкен дисконтпен де қызықтыра алмады. Халықаралық іскерлік басылымдардың дерегінше, бүгінде Ресей бидайының 1 тоннасы үшін жеңілдік 70 долларды құрайды. Бұл осы биржалық тауар үшін абсолютті рекорд саналады.

Ресейлік астық экспорттаушылар Мәскеудің басқыншылығы кесірінен басқа да "қырсыққа" кезікті. РФ астық одағының басшысы Аркадий Злочевскийдің мәлімдеуінше, ресейлік бидай трейдерлері шетелге жөнелтілетін астықтың әр тоннасынан тағы 70 доллар жоғалтады.

Бұл немен байланысты?

"Өйткені соңғы кездері жеткізілім тәуекелдері күрт артты. Логистикаға байланысты көптеген проблема туындауда. Фрахт, контейнер жалдау, тасымалды сақтандыру құны ресейлік компаниялар үшін еселеп өсті. Тек осы факторлардың өзі ресейлік астықты сатып алушылар үшін тәуекелдің күшеюіне соқтырды. Мұндай масқара жағдай ел тарихында болмаған. Ресейлік астық сатушылардан барлық сатып алушылар америкалық және еуропалық бидай бағасымен салыстырғанда орасан зор дисконт талап етеді. Оған барсақ, шетелге астық сатудан еш пайда келмейтін болады", – деп шағымданады Аркадий Злочевский.

Әрине, Ресей рекордтық астығы арқасында бұрын да жақсы дисконт ұсынып, баға демпингін ұйымдастырып, шетелдік бәсекелестерін нарықтан аяусыз ысырып шығаратын. Кремль бидайдың жаһандық нарығын басыбайлы жаулау міндетін қойды. Бірақ соның өзінде РФ 1 тоннасы үшін 10-нан 20 долларға дейін ғана жеңілдік ұсына алатын. Енді сатып алушылар одан 7 есеге көп жеңілдікті де азсынады.

Атап өткен жөн, Батыс және оның әріптестері бидайға қатысты санкция енгізген жоқ. Оның үстіне РФ астық одағының басшысы "ресейлік бидайға дүниежүзіндегі көптеген елдер аса зәру екенін, соған қарамастан, оны сатып алғысы келмейтінін" айтады. Демек өзге мемлекеттер, импорттаушылар агрессорға қатысты өз бетінше шешім қабылдағанға, ала жіпті аттатпайтын "моральдық шектеу" белгілегенге ұқсайды. Ресейдің дәстүрлі серіктестері де одан теріс айнала бастады.

Мысалы, Египет Ресей астығының ең ірі сатып алушысының бірі болды. Мысырдың GASC мемлекеттік компаниясы жыл сайын тендер ұйымдастырып, онда тек ресейлік бидай жеткізушілерді таңдайтын. Ол нарықтан өзгемен бірге Қазақстан да айырылды. Енді Мысыр басқа елдерге қайта бағдарлануда. Бүгінде тек египеттік бірнеше ұсақ жеке компания алапат арзандаған ресейлік астыққа тапсырыс беріпті.

Ресей бидайының басты импорттаушысы саналып келген GASC алдымен 24 ақпан күні өтуге тиіс тендерді тоқтатты, себебі сол күні Ресей Украина жеріне баса-көктей енді. Ол тендерде 11-12 жеткізілетін ірі партияның жеңімпазы анықталуға тиіс еді.

Египет наурыз айына жоспарланған аукционнан да бас тартты. Небәрі 2 ұсыныс қана түскен. GASC Франциядан әр тоннасын 429-438 доллардан, сондай-ақ ұзақ жылғы үзілістен кейін алғаш рет АҚШ-тан – тоннасын 517 доллардан сатып алу туралы үсыныс алды. Екеуі де кедей ел үшін өте қымбат болып шықты. Қазақстан, мысалы, өз клиентеріне әр тоннасын 160 мың теңгеден (шамамен 350 доллардан) сатады.

Ресейден өзге сатып алушылары да бас тартты, олар Еуропа, Аргентина, Австралия және АҚШ бидайына қайта бағдарланып жатыр.

Осылайша, ресейлік астық экспорты дағдарысқа ұшырады. РФ Бидай экспорттаушылар одағының басқарма төрағасы Эдуард Зерниннің мәліметінше, ресейлік банктерге, теңіз және құрлық тасымалына қарсы енгізілген санкцияларға логистикалық қиындықтар қосылып, ресейлік астыққа деген сұранысты нөлге теңестірді. Тек Қазақстан ғана шамалы көлемін сатып алыпты. Демек тыйым алып тасталғаннан кейін де көрші былтырғы мол астығын алатын клиент таппауы ықтимал.

Қазақстанның өрісі кеңеюі мүмкін

Осы орайда Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы (IOFS) KazGrain Бидай экспорттаушылар одағына шығып, Мысырға қазақ астығын жеткізуге мүдделі отандық компаниялардың тізімін беруді сұрады. "IOFS-ке Египет Араб Республикасынан Қазақстаннан 500 мың тонна бидай жеткізу мүмкіндігіне қатысты сұрау түсті. Осыған байланысты бағасын және техникалық сипаттамаларын қоса алғанда, жеткізудің ықтимал шарттары туралы мәліметтерді бағыттауды сұраймыз", – делінген ол хатта. Қазақстан тарапы бұл ұсынысты зерделеуде.

Қазақстандық трейдерлер Египет нарығын қайтадан игеру үшін оған Ресейді айналып өтіп, жетудің маршруттерін қарастырып жатыр. Ол бағыттар Каспийдегі теңіз порттарымыз арқылы Әзербайжанға жетіп, ары қарай өзге елдерге, Грузияның теңіз порттарына шығуды көздейді.   

Дегенмен биылғы 15 сәуірден бері Қазақстанның өзі бидай экспортына шектеу енгізді. 15 маусымға дейін астықшылар шетелге тек 1 миллион тонна бидайды ғана экспорттай алады. Оның барлығы дерлік алдын ала сатып жіберілген.

Әлемдегі қолайлы ахуалды пайдалана алмай, бармақ шайнаған отандық астықшылар Ауыл шаруашылығы министрлігін шабуылдап, шектеуді алғызып тастауға тырысуда. Үкіметті түсінуге болады: ұн тартушылар шикізаттың тапшылығы туындағанын айтып, дабыл қақты. Қазіргі қиын шақта ең алдымен өз халқымыздың ашықпағаны маңызды. Сонымен бірге экспорттаушыларға сенсек, былтыр жинаған 16,6 миллион тонна бидай және бұршақ дақылдары елдің тұтынуына да, экспортқа да артығымен жетеді. Ішкі қажеттілік 3 млн тоннадай ғана екен.

Жалпы бір-бірімен сұрапыл соғысып жатқан Ресей мен Украина әлемдік нарықтағы бидай сұранысының қырық пайызға дейінгісін өтейтін. Олардың орнының ойсырап қалуы солтүстік Африкада аштық туғызуы ықтимал. Украина астығын тартып, Таяу Шығыс елдерін асырап келген Түркия диірменшілері де астық жетіспеушілігіне тап болған.

Санкция тұқымды тапшы етуі мүмкін

Айтқандай, астық болашақта Ресейдің өзіне де жетпейтін түрі бар. Себебі пестицид, гербицидтерді айтпағанның өзінде, тұқымның басым бөлігін шетелден импорттайтыны анықталды. Ресейлік сарапшылардың мәліметінше, қазіргі кезде Ресей әртүрлі дақылдар бойынша тұқымның 20%-дан 99%-ға дейінгісін шетелден әкеледі. Бұл хабарды биік мінберден РФ Федерация кеңесінің, яғни Сенаттың басшысы Валентина Матвиенко жариялағанда, ұзақ жыл пропагандаға риясыз сеніп келген ресейліктер естен тана жаздады. Ғаламтордағы іздеу жүйелерінде "Почему Россия закупает импортные семена?" деген сұрау көбейген.

Ресейлік селекционер Татьяна Терешкованың түсіндіруінше, бұған 90-шы жылдар себеп. Сол кезеңде Ресей кеңес кезінен қалған барлық дерлік ірі селекциялық институттарын жауып тынды. Аграршылар елге шетелден лап қойған тұқымдардың әралуандылығына мас болды.

"Отандық өндіріс көптеген салада қуатты бәсекелестікке шыдамай, тоқырады. Бұдан тек фермерлер ұтты. Олар шетелден тұқым импорттау тиімді екенін түсіне қойды. Қазір бәрін тақырдан тұрғызып, нөлден бастауға тура келеді. Егер мемлекет шын қаласа, тұқым шаруашылығын қайта жандандыруға болады. Мамандарымыз бар. Бұған шамамен 2-3 қажет болады", – дейді ғалым.

Қазіргі кезде Ресейдің біраз өңірінде көктемгі егіс жұмыстары басталды. Ерте қамданып, тұқымдарын соғысқа дейін сатып алғандар ұтты. Тұқым жеткізу тоқырағандықтан, қалғандары техникаларын қаңтарып қойды. Бұл ретте санкциялар ресейлік егіншілердің ауыл шаруашылығы техникасымен қамтылуына да кері әсер етеді деп күтілуде.

Соған қарамастан, әзірге Ресей үкіметі биыл да рекордтық астық жинаудан үміттеніп отыр. Бірақ Кремль қанды соғысын тоқтатпаса, Киевпен бітімге келмесе, ол астығы босқа шіруі ғажап емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу