Ресей азаматы бола тұра Шымкентте басқарма басшысы болған қызметтен кете ме?

Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарып келген Олег Почиваловқа қатысты тағы дерек шықты.   

Ресей азаматы бола тұра Шымкентте басқарма басшысы болған қызметтен кете ме?

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Әли Көмекбаевтың айтуынша, шешеунік қазір ақысыз еңбек демалысында. Және ол қалалық Полиция департаментіне қатысты сотқа шағым түсіріпті. Ол аталған құзырлы орган берген мәліметті жоққа шығармақ ниетте.

"Бүгін біздің қолымыздағы мәліметті алатын болсақ, Почивалов мырза сотқа арызданған екен. Ресми түрде сәйкес құжат қолымызда. Бұл – бір. Екінші айтып өтейін дегенім, ия, расында да ол бүгінгі таңда қызметкер болып есептеледі. Біздің қолымызда мысалға бары, тағайындау шешімі бар әкімдіктің. Ал, бұйрықтың астында арнайы тексерістен өткендігі көрсетіліп отыр", – деді Әли Көмекбаев.

Оның қызметтен босатылуы не босатылмауына қатысты нүкте тек сот шешімінен соң қойылады. Себебі заң сондай. Өйткені Олег Почивалов қызметке тағайындалмас бұрын уәкілетті органның арнайы тексерісінен өтіпті. Сонымен қатар Әли Көмекбаев өткен жылдың күзінде қаладағы спорт мектебі қызметкерлері атынан мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментіне ұжымдық шағым түскенін жеткізді. Кейіннен оның қос азаматтығына да қатысты ақпарат келіпті. Осыдан кейін департамент құзырлы органдарға мәліметті нақтылау үшін хат жіберген.

Шымкент қалалық Полиция департаменті көші-қон басқармасы шенеуніктің азаматтығынан айыру жайтының тіркелгенін ресми түрде растап отыр.

"Көші-қон басқармасының қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізу барысында 1974 жылы ьуылған азамат Почивалов Олег Владимировичке ҚР Азаматтық туралы Заңның 21 бабының 5 тармағының талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру жайты тіркелді", – деді Шымкент қалалық ПД көші-қон басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Нысанбаева.

Спорт басқармасы басшысының баспасөз хатшысы  Олег Почиваловтың ресми мәлімдемесін жеткізді.  

"Кейбір қоғам белсенділері мені қос елдің азаматы деген мәлімет таратып жатқанынан біраздан бері хабардармын. Бірақ тағы ресми түрде мәлімдеймін, мен тек Қазақстан Республикасының азаматы болып табыламын.

Менің екіжақты азаматтығым туралы мәліметті ұсынған Шымкент қаласының Полиция департаментіне қатысты мен 2021 жылдың 22 қаңтарында сотқа арыз жолдадым. Арыз қабылданып, азаматтық іс қозғалды. Мен өзімнің абыройым мен құқығымды  қорғайтын боламын" делінген мәлімдемеде.

Ал елімізге танымал адвокат Абзал Құспан қос азаматтығы болып, Қазақстан азаматтығынан айырылғандарды елден шығару керек деп есептейді. Алайда біздің Көші-қон туралы заңымызда мұндай шара қарастырылмаған екен. Ал елге оралған этникалық қазақтарға Қазақстан азаматтығын алу аса қиын әрі арман.

"Мұндай жағдайда өкінішке орай қызметтен босату шарасы ғана қарастырылған. Қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған, мен ондайларды елден шығару керек, өзге елдің азаматының мұндай  қызметте отыруын Қазақстанға қауіпті деп есептеймін. Онымен қоса шетелдің азаматын жұмысқа алған жұмыс берушінің де мәселесі қаралу керек деп ойлаймын. Бәлкім қазір сот шешімін күтеміз (автор: Олег Почивалов Полиция департаментінің үстінен сотқа арызданған) деп қызметінен алып тастай алмаймыз дейтін шығар. Бірақ, айтар едім, оны жұмысқа алған қала әкімі Әйтеновтің шенеунікті артылған сенімнің сарқылуымен байланыстырып жұмыстан босатуына құқығы бар. Өйткені бұл абайсызда жасалынған дүние емес, қасақана екі азаматтығы болып тұр. Өзге елдің азаматы біздің елде ынта-шынтасымен еңбек етеді дей алмаймын", – деді адвокат.

Ерекше айта кетерлігі, біздің елде  қос азаматтыққа тыйым салынған.  Егер шенеунік Олег Почиваловтың тиісті заң аясында Қазақстан азаматтығынан шығарылғаны сотта дәлелденсе, ол осы уақытқа дейін Қазақстан мемлекетінен алып келген жалақысын қайтаруға міндетті ме?

Бұл сауалға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қалалық департамент басшысы нақты жауап бере алмады. Себебі өзінің тәжірибесінде мұндай жайт алғаш рет орын алып отыр екен және сотта жалақысына қатысты қандай шешім шығады, соны жүзеге асырамыз деп отыр. Ал адвокат Абзал Құспан заңсыз қызмет етіп, алып келген жалақы міндетті түрде елге қайтарылуы керек деп есептейді.

Еске салсақ, Олег Почивалов Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасына қызметке өткен жылдың маусымында келді. 

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу