Inbusiness.kz редакциясына инсайдерлік дереккөзден Шымкент қаласы әкімінің өкімімен қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Олег Почиваловтың жұмысынан босатылғаны туралы құжаттың көшірмесі келіп түсті. Ондағы мәліметке сәйкес, шенеуніктің "ҚР Мемлекеттік қызметі туралы" заңының 61-бабы, 1-тармағының 10-1 тармақшасына сәйкес жұмысынан босатылғаны көрсетілген.
"Шымкент дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Владимирович Почивалов шет мемлекет азаматтығының болуына байланысты 2021 жылғы 25 ақпанынан бастап жұмысынан босатылсын" деп жазылған өкімде.
Бұл мәліметті қала әкімінің баспасөз хатшысы Бекен Қоныс та растады. Айтуынша, басқарма басшысы қазіргі таңда жұмыс орнында емес.
Біз бұған дейін Олег Почиваловтың қос азаматтығы туралы жазған болтынбыз. Алайда шенеуніктің баспасөз хатшысы бұл мәлметті ресми түрде жоққа шығарған еді. Кейінірек басқарма басшысының Қазақстан азаматтығынан айырылғаны белгілі болды.
Ақпан айының басында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Әли Көмекбаев шенеуніктің Қазақстан азаматтығынан айырылғаны туралы ақпарат қалалық Полиция департаментінен келіп түскенін мәлімдеген еді. Кейінірек қалалық Полиция департаменті көші-қон басқармасы бұл мәліметті былайша түсіндірді:
"Көші-қон басқармасының қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізу барысында 1974 жылы туылған азамат Почивалов Олег Владимировичке ҚР Азаматтық туралы Заңның 21-бабының 5-тармағының талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру жайты тіркелді", – деді Шымкент қалалық ПД көші-қон басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Нысанбаева.
Бірақ көп ұзамай Олег Почивалов Полиция департаментінің үстінен сотқа шағым түсірді. Алайда Әл-Фараби аудандық соты Олег Владимировичтің шағымын қанағаттандырмады.
"Сот Почивалов Олег Владимировичтің РФ азаматтығын алғанын және тиісті паспорты болғанын анықтады. №1 көшірме бұл мәліметті растап тұр. Аталмыш факт Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің хатымен де, РФ ІІМ жауабымен де дәлелденді. Почивалов пен оның өкілдері сотқа бұл деректерді жоққа шығаратын дәлелдер ұсынған жоқ. Осылайша сот полиция департаментінің азаматтықтан айыру әрекетінен ешқандай заң бұзу анықтаған жоқ", – деді судья Нұрғали Исмайылов.
Еске салсақ, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметшілерге жазаны қатаңдату керектігін айтқан болатын.
"Қазақстан қос азаматтыққа тыйым салынған көптеген елдердің тобына кіреді. Тиісті норма Конституциямызда да бар. Дегенмен, соңғы уақытта тіпті мемлекеттік қызметшілерде қос азаматтықтың бар екендігі туралы фактілерді жиі тіркеп жүрміз. Бұған белгілі себептермен жол беруге болмайды. Бұл өте байыпты мәселе. Өйткені, ұлттық қауіпсіздігімізге қатысты. Мұндай фактілердің жолын кесу қажет", - деген Мемлекет басшысы өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметшілерді, квазимемлекеттік ұйымдардың басшыларын лауазымды қызметінен босату туралы тапсырма бергендігін атап өтті.
Жансая Тәуекелқызы