Ресей азаматы Шымкентте басқарма басшысы болған

Шымкент қалалық  дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почиваловтың Қазақстаннан бөлек Ресей Федерациясының да азаматы екенін анықталған.  

Ресей азаматы Шымкентте басқарма басшысы болған

ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің берген мәліметінше, қалалық Полиция департаментінен Олег Почиваловтың РФ азаматы екені және Қазақстан азаматтығынан айыру жайты тіркелгендігі туралы ақпарат келіп түскен. Ал еліміздің "Мемлекеттік қызметі туралы" Заңына сәйкес мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің Қазақстан азаматтығының жоғалтуы мемлекеттік қызметті тоқтатуына негіз болады.

Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айының ортасында бірқатар әлеуметтік желі парақшаларында шымкенттік шенеунік Олег Почиваловтың  Ресей елінің азаматы екені туралы ақпарат тарап, тіпті кейбір құжатының көшірмесі жария етілді. Онда Олег  Почиваловтың тұрғылықты жері Мәскеу  екені, ал "азаматтық" бағанында "Ресей Федерациясы" деп жазылғанын көруге болады. Алайда спорт басқармасының өкілі бұл ақпаратты теріске шығарды.

"Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почивалов Қазақстан Республикасының азаматы екенін хабарлаймыз", – деді спорт басқармасының баспасөз хатшысы Малика Жалилова. 

Еске салсақ, Олег Почиваловтың есімі бұған дейін де шыққан. Өткен жылдың қазан айында №3 Олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінін нұсқаушысы өзіне спорт басқармасының басшысы қол жұмсады деп тіпті құзырлы органға арыз түсірген болатын. Оқиға Почивалов пен қала әкімі орынбасарының спорт мектебіне барған жұмыс сапары кезінде орын алған. Сол кезде жәбір көрдім деген мектеп қызметкері ұялы телефоны сынып, қолы қайырылғанын да айтқан еді.

Олег Почивалов Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы қызметіне 2020 жылдың маусым айында тағайындалды.

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу