"Ресей Бахмут қаласын тастап шығуға әзірленуде"

6616

Халықаралақ сарапшылардың пікірінше, РФ жарты жылда басып алған территорияға тең аумақты Украина 5 аптада азат етті.

"Ресей Бахмут қаласын тастап шығуға әзірленуде" Фото: delfi.lt

Бахмут қаласының маңында қарқынды, қиян-кесті шайқастар жүруде. Таяу арада РФ армиясы Бахмутты тастап шығуға дайындалып жатыр. Бұл туралы Украина Сыртқы барлау қызметінің бұрынғы басшысы, армия генералы Николай Маломуж хабарлады. 

Генерал осыны айғақтайтын маңызды нышандарға нұсқады. Оның айтуынша, Бахмут қаласы бүгінде оперативті қоршауда қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Вагнерліктердің орнын басқан ресейлік десантураны және басқа да тұрақты армия құрылымдарын Украина Қарулы күштері қос қанаттан ығыстырды. Нәтижесінде, бүгінде үйіндіге айналған Бахмутты украиналық гаубицалар да, зымырандық кешендер де "көмкеріп" жатыр. Жер бетінде бас сауғалайтын орын таппаған ресейліктерге қала ішінде терең блиндаждар қазуға тура келген.  

Николай Маломуждың мәліметінше, Мәскеу мақтануын жалғастыруы үшін қаланың қирандысын қорғаған ресейлік әскерлер "жыларман халде".   

"Бірден айталық, Бахмут қаласын жаудан босату үшін біз тікелей шабуылдамаймыз. Оның орнына қапталдан қысып, қанаттарда қарқынды операциялар жүргізе береміз. Бұл стратегия бүгінде өрістетілуде. Нәтижесінде, Бахмуттағы қарсылас оңтүстік пен солтүстіктен қоршалды. Мұндағы ең бастысы, Украина әскері тек алға жылжумен ғана шектелген жоқ, ол биіктіктерді өзіне кері қайтаруда. Бұл жаудың жартылай қоршауда қалғанын білдіретін бірінші нышан", – деді Украина Сыртқы барлау қызметінің бұрынғы басшысы Н.Маломуж.

Оның байламынша, ресейліктер қаладан кететінге ұқсайды, себебі оны ұстап тұру күн өткен сайын қиындады. 

"Басқыншының рухы басылып қалды. Ол қаланы кез келген жолмен ұстап қалуға, әлдебір тәсілдермен сонда бекінуге тырысып жатыр. Бірақ біз олардың нақты бір бағыттардан тартып жатқан резервтерін жою тактикасын меңгеріп алдық. Қазіргі кезде осы бағытта жұмыс жасаудамыз. Тактикалық деңгейдегі контршабуыл операциялары өткізілуде, сол арқылы Бахмут, Марьинск, Лиман, Авдеев бағыттарында дұшпанның назарын өзімізге аударудамыз", – деді Николай Маломуж.

Бахмут РФ әскерлері және техникалары бораған оқтың, үстемелеткен соққының астында тып-типыл етілетін келесі "Чернобаевкаға" айналып барады. 

"Жау ақырына дейін шыдап бағады. Өйткені Бахмут (Ресей оны кеңестік атауымен Артемовск атайды) – оккупанттардың қандай да бір жетістігінің символына айналды. Бірақ енді ол жерде біз оны жаппай жайратып жатырмыз. Әр күн ресейліктерді Бахмуттан айрылып қалуға жақындата түседі. Олардың қаладан қашатынын, оны тастап шығатынын алғашқы барлау деректері растап отыр", – деді Украинаның бұрынғы бас барлаушысы. 

Өз кезегінде Ұлыбритания барлау қызметі де ресейлік оккупанттардың Бахмуттағы стратегиялық қорғанысында "үлкен проблемалар басталғанын" жариялады. Әрине, қаланың өз ішінде әзірге көше шайқастары жүріп жатқан жоқ. Украинаға оның қажеті де болмай қалуы мүмкін. Себебі, Украина Қарулы күштері қаланың солтүстік және оңтүстік қанаттарында табысты ілгері жылжып келеді. 

Алда шаһарды толық қоршауға таяса, онда қала ішіндегі РФ әскеріне не қол көтеріп, берілу, не бәрін тастап, жедел шегіну қалады. 

Украиналық қолбасшылық кейбір күндері бірден бір шақырымға дейін ілгерілеу мүмкін болып отырғанын мәлімдеді. Егер бұл шындық болса, онда ресейліктердің қашуы басталды деген сөз. 

Мысалы, Украина армиясы Клещиевка селосының ауданындағы үстемдік етуші биіктіктерді өз қолына көшіргенін басты жетістіктерінің бірі ретінде атады. Бұдан біраз бұрын Бахмуттың оңтүстік-батысындағы бұл биіктіктерде бекінген жау тоқтаусыз атқылап, Бахмутта қорғанған украиналық жауынгерлерге оқ-дәрі, азық-түлік, әскери техника жеткізуге мүмкіндік бермепті. Бұл Украина әскерлерін осы қаладан кетуге мәжбүр еткен факторлардың бірі болды. 

Енді жағдай 180 градусқа өзгеріп отырғанға ұқсайды. Клещиевкадағы биіктіктерден Бахмут қаласының бүкіл оңтүстік бөлігі алақанға салғандай көрінеді. 

Сол себепті Ресей де оны қайтарып алуға жан салуда. Осыдан 5 күн бұрын ресейлік әскери корреспонденттер өз әскерлерінің Клещиевканы тастап кетуге мәбжүр болғанын жарыса жеткізді. РФ қорғаныс министрі бұл деректі дереу жоққа шығарды: Клещиевка селосының өзі ресейлік жақтың бақылауында қалған. 

Кеше бұл ақпаратты Шешенстанның басшысы Рамзан Қадыров та нықтады. Оның айтуынша, "Ахматтың" және "ЛНР" екінші армиялық корпусының 4-ші бригадасының жауынгерлері 5 украиналық солдатты сол маңда тұтқынға түсіріпті. 

Ал украиналық командирлер ол аумақта "Ахмат" жауынгерлерін ұшырастырмағандарын мәлімдеді. Бұл сөзге Қадыров жатта кеп ашуланды. Ол өз телеграм-арнасында бұған зілдене жауап қатып, "Украина қарулы күштерінің солдаттарының көру қабілетіне қатысты салмақты проблемалары бар" деп айыптады. Оның дерегінше, "Ахмат спецназ" жауынгерлері керісінше, украиналық солдаттарды көреді. 

Соғысты зерттеу институтының (ISW) сарапшылары ресейліктердің жарты жылда басып алғанына тең аумақты Украинаның қорғаныс күштері 5 апта ішінде босатып алғанын жария етті. 

Институт өз есебінде ресми мәлімдемелерге сілтеме жасай отырып, украиналық қорғаныс күштерінің Бахмутты және оның айналасындағы ресейлік байланыс желілерін "атыс бақылауына" алғанын хабарлады.  

Жалпы, тек украиналық қана емес, ресейлік дереккөздер де Бахмут маңында, оның оңтүстік-батыс қанаттарында Украинаның бекіністерді басып алып жатқанын растады. РФ әскерилері украиналықтардың әсіресе, биіктіктерді шабуылдап, алдымен бағындыруға барын салатынына назар аудартты. Бұл оларға атқылауда артықшылық пен үстемдік әпереді. 

Биылғы 4 маусымда Украина контршабуылға шықты. Содан бері ISW институтының төл есептемелері бойынша украиналық әскерлер шамамен 253 шаршы шақырым территориясын азат еткен. Сонымен бірге Украина шабуылға даярлаған күштерінің басым көпшілігін әлі іске қоспай, тізгінді тарта ұстап отыр.

Негізгі шабуыл, халықаралық және украиналық сарапшылардың болжамынша, күзде басталуы мүмкін. Сол кезге дейін оккупацияланған украиналық Херсон, Запорожье, Донецк, Луганск облыстарындағы және Қырым автономиясындағы Ресейдің бекіністері әуеден шабуылданып, қиратылады. Күзде тіпті Украинаға Батыс авиациясын да беріп қалуы ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу