Ашығын айтуымыз керек, биыл "Барыстың" құрамы өте мықты. Өйткені Құрлықтық хоккей лигасында Қазақстан клубына легионер саны жағынан шектеу жоқ. Құрамын тек легионерлермен жасақтаса да – өз еркі. Ресей лигасы оған ешқандай қарсылық білдірмейді. Есесіне, өздерінің хоккейшілерінің деңгейін көтеру үшін өз клубтарына шектеу қойған.
Нақтырақ айтқанда, ҚХЛ-дағы Ресей клубтарындағы ойын хаттамасына тіркелетін легионерлер саны бес хоккейшіден аспауы керек. Ал "Барысқа" ойдай шектеу қоймайды. Сондықтан, биылғы маусымның басында Астана клубының жүйесінде 8 легионер және біздің елдің азаматтығын алған Ресей, Канада, АҚШ және Швеция елдерінің 11 ойыншысы болды.
Әрине, тәжірибелі легионерлері көп "Барыс" көсіле шапты. Нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп жүр. Негізі, мұндай құраммен ҚХЛ-да қарсылас шақ келтірмесе керек еді. Бірақ суырылып алға шыға алмады. Әйтсе де, "Шығыс" конференциясындағы Чернышев дивизионында көш бастауға қабілеті де, әлеуеті де жетіп-ақ тұр. Бірақ...
Бірақ, сөздің ашығы, аталмыш лиганың отаны, яғни көрші ел ҚХЛ-дағы төрт дивизионның бірінде шетелдік клубтың көш бастағанын қаламайтын секілді. Чернышев дивизионында әзірше Омбының "Авангард" клубы бірінші орында тұр. "Барыс" олардың өкшесін басып, соңынан бір елі де қалмай келеді. Бірақ алдын орап кетуге "асықпайтын" секілді.
Мәселен, екеуінің ұпайлары бірдей. Алайда "Барыс" омбылықтардан төрт ойын кем өткізген. Яғни, осы төрт ойыннан тым болмаса, бір ұпай алса болды. Чернышев дивизионында көшбасшысы ретінде "Шығыс" конференциясында екінші орынға шығады. Міне, гәп қайда?! Осыны көршілеріміз көпсінетін секілді.
Соңғы аптада "Барысқа" ақпараттық тұрғыда "шабуыл" жасалып, психологиялық тұрғыда жүйкелеріне тию басталған сияқты. Бірінші, Ресей басылымдары "Барыстың" ең үздік ойыншыларының бірі, тасқамал қорғаушысы Даррен Диц "келесі жылы "Авангард" сапына ауысады екен" деген дақпырт шығарды.
Әрине, бұған Қазақстан жанкүйерлері ду ете қалды. "Бұл қалай, оның Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құрама сапында ойнайтыны қайда" десті. "Барыс" клубы "Дәурен" Дицтің атынан мәлімдеме жасап, оның ешқайда кетпейтіндігін ресми түрде мәлімдеді. Келісімшартының 2020 жылға дейін екендігі де көлденең тартылды.
Іле-шала қазақстандық басылымдардың бірі де "Авангардтың" сұрмерген шабуылшысы Илья Михеев "келесі маусымда "Барыс" сапында ойнайтын болыпты" деп, "жауап" қатты. Мұны ресейліктердің өздері ақпараттық "айтыс" деп жазды. Алайда мұның бәрі түк емес екен, қызықтың көкесі осыдан кейін шықты.
Қазақстан клубы кезекті ойындарын өткізу үшін Мәскеу мен Петерборға барғанында Ресей басылымдары "Барыс" хоккейшілерінен сұхбат алған. Соның бірі sport24.ru сайтында жарық көрді. Онда "Барыстың" канадалық шабуылшысы Кёртис Волк көрші елдің басылымына берген сұхбатында "қармаққа" түсіп қалған.
Ол "қымыз ішіп көрдіңіз бе" деген сұраққа "Знаете, я как-то купил молоко в магазине, я думал, что это молоко, но оказалась какая-то гадость. Ха-ха. Наверное, это был кумыс", – деп жауап берген-мыс. Бәлкім, дәл осылай "гадость" демеген де болар. "Қышқылтым екен" деуі әбден мүмкін. Қалай десек те, "Барыстың" үздік шабуылшысының бірі жаза басты...
Әрине, "Барыс" бірден Кёртис Волктың атынан түсініктеме беріп, оның сөздерінің дұрыс аударылмағандығын жариялады. Канада шабуылшысы "нағыз қымыз енді менің күнделікті ішетін сусыныма айналады" , – деп ақталды да. Бірақ содан кейінгі екі ойында аталған шабуылшыны мұзайдынға шығарған жоқ...
Кеше түнде "Барыс" өз айдынында Петербордың СКА командасын қабылдап, 2:3 есебімен ұтылып қалды. Осы ойынның басында Астана клубының ең үздік сұрмергені Патрис Кормье матч соңына дейін мұзайдыннан аластатылды. Әрі Астана клубы "Авангардтан" әлі үш ойын кем өткізген.
Маруан Түсіп