Ресей чемпионатына жол ашыла ма?

4071

Еуразиялық экономикалық одақ мүшелері елдердің спортшылары Ресейде легионер болып саналмауы мүмкін.   

Ресей чемпионатына жол ашыла ма?

Осыған дейін бірнеше мәрте қоғамдық талқыда болған бұл мәселеге күні кеше тағы бір мәрте кеңеске салынды. Ресей Федерациясы Спорт министірлігі заңға өзгеріс енгізіп, енді Экономикалық одаққа мүше елдердің кейбір спортшылары Ресейде легионер ретінде саналмайтындай қылмақшы.  Нақты айтқанда ол бүкіл спортшыларға емес, бірнеше спорт түрлеріне ғана қатысы бар. Олар: футбол, волейбол, баскетбол, гандбол, хоккей, су добы, көгалдағы хоккей. Міне, осы спорт түрлерінде өнер көрсететін спортшылар Ресейде сырттандар қатарына жатпайтындай болатын сыңайлы.

Бұл заңнаманың, әсіресе, футболға қатты өзгерістер алып келетіні анық. Мысалы, Қазақстанның азаматы саналатын футболшылар енді Ресей чемпионатында емін-еркін ойнай алады. Осы қазір Ресейдің "Ростов" және "Сочи" футбол клубтарында екі бірдей Қазақстан футболшысы ойнап жүр. Енді Бахтиер Зайнутдинов пен Акмаль Бақтияровтардың қатарынан өзге де футболшылар келіп қосылуы ықтимал. Демек қазақ футболшыларына бұл тек қана пайдалы деген сөз. Себебі Ресей біріншілігінде сырттан келген ойыншыларға деген шектеу бар. Сондықтан да лимиттің аясында Ресей премьер-лига клубтары деңгейі жоғары, сапалы шетелдік сырттандарға жүгінеді. Демек Қазақстан чемпионатында көзге түсіп жүрген мықты футболшылар заң қабылданып, күшіне енсе Ресей клубтарына жаппай ауысуы да мүмкін.

Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтхожиннен осы мәселеге байланысты пікірін сұраған едік.

"Қабылданғалы жатқан заңнама дұрыс деп есептеймін. Қазір біздің екі футболшымыз Ресейде легионер болып саналады. Енді алдағы уақытта олар легионер болмаса, одан өзге де футболшыларымызға жол ашылар еді. Демек, түбінде Қазақстан ұлттық құрамасына зор пайдасын тигізеді. Ресей біріншілігінде ойнайтын футболшыларымыздың деңгейі артатыны анық. Сондай-ақ Белорусь, Армения елінде жүрген талантты футболшылар да өздерін көрсететін мүмкіндік алатын еді", – дейді Азамат Серікұлы.

Бұл мәселеге байланысты біз футболшылардың да ойын білдік. Мысалы, осыған дейін де шетелдік клубтар тарапынан ұсыныс түсіп жүрген қақпашы Алмат Бекбаев енді солтүстіктегі көрші елге кетуге жол ашылғанын айтады.

"Бұл заң шыққаннан кейін,  қазақ футболшылары Ресейде легионер саналмаса, онда біразымызға сонда ойнауға жол ашылады. Ресейдің тек премьер-лигасы емес екінші лигасының өзінің деңгейі әжептәуір. Сондықтан да, бұл Қазақстан футболшыларына тиімді дер едім. Мысалы, Қазақстан құрамасында ойнап жүрген көптеген футболшы Ресей чемпионатындағы клубтардың негізгі құрамында ойнай алады деп ойлаймын. Бұл заң аясында егер Қазақстанда да Экономикалық одақтың футболшылары легионер болып саналмайтын болса, онда ол бізге зиянын тигізеді. Қазақстан премьер-лигасына Белорус, Ресей, Армения елдерінің футболшылары келіп сырттан болмай ойнаса онда Ұлттық құрамамыз бұдан зардап шегеді", – дейді "Жетісу" командасының қақпашысы Алмат Бекбаев.  

Қазір Ресей премьер-лигасында Еуроазиялық экономикалық одаққа мүше елдердің 10 аяқдопшысы өнер көрсетіп жүр. Ресей жоғарғы чемпионатында легионерлерге шектеу бар. Әр клуб сапында міндетті түрде 5 ресейлік футболшы ойнауға тиіс.

РПЛ-дегі ЕАЭС ойыншылары:

"Зенит" - Дмитрий Прищепа* (Беларусь),
"Арсенал" - Максим Володько (Беларусь),
"Оренбур" - Михаил Сиваков, Андрей Климович (Беларусь),
"Ростов" - Бақтиер Зайтудинов (Қазақстан), Владимир Медведь* (Беларусь), 
"Урал" - Вараздат Ароян (Армения), Денис Поляков (Беларусь),
"Сочи" - Акмаль Бахтияров (Қазақстан), Александр Карапетян (Армения),
"Уфа", "Крылья Советов", "Динамо", "Рубин", "Ахмат", "Спартак", ЦСКА, "Краснодар", "Локомотив", "Тамбов" - 0. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу