Ресей депутаты Қазақстанды қосып, бір мемлекет құру идеясын қолдайды

8470

Евгений Федоров Ресейде қазақтарды орыс халқының бір бөлігі деп есептейтінін және ол Қазақстанды сепаратистік территория деп санайтынын айтты. 

Ресей депутаты Қазақстанды қосып, бір мемлекет құру идеясын қолдайды

РФ-ның Мемлекеттік думасы депутаты әрі елдегі ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы Евгений Федоров Ресей мен Қазақстанды қосып, бір мемлекет құру идеясын қолдайтынын "Голос Отечества" деп аталатын Youtube каналында жариялады.

"Біз біртұтас мемлекетті қалпына келтіруді қолдаймыз. Яғни  қазақстандықтарды біздің халық ретінде қарастырамыз", – деді Федоров тікелей эфирде.

Ол тіпті өзін "қазақпын" деп айтып, айды аспаннан шығарды.

"Мен қазақпын, себебі мен орыс халқының өкілімін. Ал орыс халқының құрамына қазақ, башқұрт, күрд, татар және басқа да ұлттар кіреді. Ресей 140 ұлттан құрылды. Сондықтан біз қазақ лигасының мұрагерлеріміз. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ұстанымы жағдайды түбегейлі өзгертуде. Америкалықтар Қазақстанды тартып алып, Беларусь, Грузия, Украина, Армения, Әзербайжан сияқты оны да Ресейге қарсы қоюға тырысып жатыр. 30 жыл бойы ештеңе деп айтқан жоқ. 30 жыл бойы бұл жағдайды Ресейден жалға алу ретінде қарастырды. Бұл бізге не үшін керек? Қазақстанды қосып, біртұтас мемлекетті қалпына келтіру үшін құқықтық негіз болу керек, сол үшін. Қазақстан тұрғындарына Ресей немесе кеңес азаматтығын және Бресттен Владивостокқа дейінгі отанды ұсыну үшін керек. Оларды ешкім ешқайда қуып жібермейді. Керісінше, олар Қазақстанның мәртебесін үлкен мемлекет мәртебесіне дейін көтереді. Бұл логиканы түсіну керек", – деді депутат.

Оның айтуынша, Кеңес Одағы теория жүзінде құлдыраса да, одан қалған жер ешқайда кетпеген.

"Ол жердің иесі бар. Ол –Ресей Федерациясы. Ал сіздер (қазақстандықтар) бұл жерді жалға алдыңыздар. Кеңес Одағы өмір сүруін тоқтатты деген не сөз? Осыдан кейін тонаумен айналысу керек деген сөз бе? Неліктен Кеңес Одағы өмір сүруін тоқтатты деп ойлайсыз? Кеңес Одағының органдары, яғни Үкімет, парламент, Жоғарғы Сот өз жұмысын тоқтатты және бұл заңсыз тұрғыда жүзеге асты. Ал Кеңес Одағы одақ ретінде өмір сүруін тоқтатқан жоқ. Барлық мүшесі одан шықса, олар заңды түрде шығуы керек" – дейді "Единая Россия" депутаты.

Әзірге Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Федоровтың бұл сөзіне қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Еске сала кетсек, 10 желтоқсанда Ресейдің "Первый канал" деп аталатын арнасының эфиріне шыққан "Большая игра" бағдарламасында Ресей Думасының Білім және ғылым жөніндегі комитетінің басшысы, саясаттанушы әрі тарихшы Вячеслав Никонов: "Қазақстан бұрын болмаған. Солтүстік Қазақстанға мүлде халық қоныстанбаған еді. Олардың өмір сүргені рас. Бірақ қазіргіден әлдеқайда оңтүстікке қарай қоныстанған болатын.  Қазақстанның аумағы – Ресей мен Совет одағының үлкен сыйлығы", – деген еді. Біздің Сыртқы істер министрлігі сол бойда Ресей тарабына дипломатиялық нота жолдады. Ведомство басшысының орынбасары Марат Сыздықов Ресей Федерациясының Уақытша сенімді өкілі Александр Комаровты шақыртып, Вячеслав Никоновтың сөзіне қатысты түсініспеушілігін білдірді

Қос депутаттың мұндай мәлімдемелер жасауына Владимир Путиннің  21 маусымда "Россия 1" телеарнасында көрсетілген "Мәскеу.Путин.Кремль" бағдарламасында: "Мынадай сұрақ туындап тұр: бірқатар республика Кеңес Одағының құрамына кіріп, ресейлік жерлерді, оның тарихи территорияларын өздеріне алды. Бірақ Одақ құрамынан шығамын деп шешкен кезде, сол келген күйі, яғни қалай келді, солай кетпеді. Олар орыстар берген сыйлықты арқалай кетпеу керек еді", – деген сөздері батылдық дарытқан болуы керек.

Келесі күні, яғни 22 маусымда президенттің ресми өкілі Дмитрий Песков оның сөзін:

"Ресейдің көршілерге аумақтық мәселеге қатысты айтар талабы жоқ. Ол сыйлықтар туралы айтқан жоқ. Ол Конституцияда бұрын жіберілген жүйелік қателіктер туралы айтты. Құжатта бірқатар жағдайлар қарастырылмаған", -деп түсіндірді.

Табиғат Нұрболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу