Ресейдің тағы бір лауазымды тұлғасы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қазақстанның территориялық тұтастығына наразылық білдірді. Жергілікті "Первый канал" арнасындағы "Большая игра" бағдарламасына қатысқан Вячеслав Никонов Ресей Думасында Білім және ғылым жөніндегі комитетті басқаратын көрінеді.
"Қазақстан мүлде болмаған. Солтүстік Қазақстанға мүлде халық қоныстанбаған еді. Олардың өмір сүргені рас. Бірақ қазіргіден әлдеқайда оңтүстікке қарай қоныстанған болатын. Қазақстанның аумағы – Ресей тарапының Совет одағынан бөліп берген үлкен сыйлығы", - деген болатын Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптес елдің депутаты.
Бұл хабар әлеуметтік желіге шыққан бойда одақтас елдің оспадар саясатына қарсы уәждер қарша борады. Әуелде Қазақстаның Сыртқы істер министрлігі бұл мәселе бойынша өзін барынша бейтарап ұстайтын кейіп танытқан. Кейін министрдің орынбасары Марат Сыздықов Ресей Федерациясының Уақытша сенімді өкілі Александр Комаровты шақыртып, Вячеслав Никоновтың сөзіне қатысты "түсініспеушілік" білдірген көрінеді. Министрліктің ресми сайтында осындай мәлімет жарияланды.
"Кейбір ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты арандатушылық әрекеттерінің жиілеп кетуі мемлекеттеріміз арасындағы одақтастық қатынастарға айтарлықтай нұқсан келтіретіні атап өтілді. ҚР СІМ Ресей тарапының мұндай мәлімдемелерге тиісті баға беруін күтуде және Ресей Федерациясының мемлекет қайраткерлерінен мұндай мәлімдемелерге жол бермеу үшін шаралар қабылдауға шақырады. Ресейлік дипломатқа ҚР СІМ ұстанымы көрсетілген нота табысталды", - деп жазылған ресми ақпарда.
Мұндай ұшқары мәлімдемені Ресей Думасының өкілі өз білермендігімен айтты дегенге сену қиын. Өйткені Қазақстанның мемлекеттілігіне қатысты кереғар ойды барынша дөрекі формада алғаш болып мәлімдеген Владимир Путин болатын. 2014 жылдың 29 тамызында елдегі жастармен кездескен Ресей Президенті Қазақстанның сол кездегі басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты мақтай келіп, атышулы мәлімдемесін жеткізген еді.
"Ол ерекше нәрсе жасады. Ол ешқашан мемлекет болмаған аумақта мемлекет құрды. Қазақтарда ешқашан мемлекеттілік болмаған",- деген болатын Ресей басшысы.
Бір қызығы, ол кезде ресми Астана да, СІМ де қарсы нота жарияламақ түгіл, ләм-мим деп үн қатқан жоқ. Есесіне 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы ретінде кең ауқымда тойланды.
Есімжан Нақтыбайұлы
Фото duma.gov.ru сайтынан алынды