Ресей енді Түркияға тәуелді болып қалды

11974

Түріктің Hürriyet газетінің жазуынша, Ресей жаһандық нарыққа, соның ішінде Еуропаға бұдан былай тек Түркия арқылы ғана шыға алады.

Ресей енді Түркияға тәуелді болып қалды Фото: www.slobodenpecat.mk

Ресей өз газын магистральды құбырлармен, сондай-ақ Қытайға және Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдап жатыр. Бірақ бұл транзит бағыты бір елмен шектелген.

Hürriyet 2025 жылғы қаңтардан Украина арқылы ресейлік газдың транзиті тоқтатылғалы Ресей үшін Еуропаға жеткізілімдердің жалғыз ғана қауіпсіз баламасы қалғанына назар аудартты. Бұл – Түркия.

Түрік лидері Режеп Тайып Ердоған біраз жылдан бері Түркияны "халықаралық газ хабына" айналдыруға күш салып келеді. Түрік сарапшыларының мәліметінше, бұған Мәскеу барынша, жан-жақтан кедергі жасаумен болды. Мысалы, Түрікменстанға Каспий түбінен құбыр тартып, онымен көгілдір отынын Әзербайжанға әрі қарай Түркияға жеткізуіне мүмкіндік бермепті.

Сондай-ақ "Оңтүстік Кавказ бағытын" дамытуға, соның ішінде "Баку-Тбилиси-Эрзурум" магистральды газ құбыры арқылы әзербайжандық газдың Грузияға және Түркияға жеткізілуіне түрлі тосқауыл жасалыпты.    

Trend.Az ақпарат агенттігі 2012 жылдан бері бұл газ құбырының бірнеше рет жарылғанын, жарылыстар түріктің Карс провинциясы аумағындағы құбыр телімінде, Бакудің Сангачал терминалында және басқа да телімдерінде тіркелгенін жазады.

"Баку-Тбилиси-Эрзурум" бағдарының бағы бертінде ашылды. Онымен тасылатын газдың көлемі 2022 жылдан кейін 20 миллиард текше метрге дейін жеткен. 2024 жылдың қыркүйегіндегі дерек бойынша Әзербайжан дәл осы құбырмен газын бірден 10 елге – Түркияға, Грузияға, Италияға, Грекияға, Болгарияға, Румынияға, Венгрияға, Сербияға, Словенияға, Хорватияға жеткізуде.

Басқаша айтқанда, "Газпромнан" босаған нарықтарға әзербайжандар жіберілді.

Түркиялық басылымдардың мәліметінше, Анкара әртүрлі елдердің көгілдір отынын өз аумағында жинап, оны басқа елдерге экспорттай алады.

Ресейлік "Газпромның" хабарламасында айтылғандай, "Нафтогаз Украины" ұлттық акционерлік компаниясымен арадағы ұзақ жылғы келісім мерзімінің аяқталуына байланысты ол енді газды Украина территориясы арқылы транзиттеу мүмкіндігінен айрылды. Сондықтан биылғы 1 қаңтардан бастап украиналық газ-тасымал жүйесімен ресейлік газды беру жүзеге асырылмайтын болады.

Hürriyet сарапшыларының байламынша, "Ресей және Украина арасында қалыптасқан бұл жағдай жақсы балама ретіндегі Анкараның позициясын одан бетер нығайтты" және Түркияның халықаралық газ хабына айналуына Мәскеу енді тосқауыл қоя алмайды.  

"Түркия газ тасымалдаудың халықаралық қауіпсіз бағдары ретінде көрнекті орынға – төрге шықты. Бұған еліміздің географиялық ұтымды орналасуы, сондай-ақ газ инфрақұрылымының жетілдірілуі де септеседі. Түркияның өзі Қара теңізде төл газын өндіруде. Ал, еліміздің аумағы арқылы магистральды құбырлар мен қалқымалы құрылымдар, танкерлер өтеді", – деп жазды түрік басылымы.

Онда келтірілгендей, Түркияда көгілдір отынды Еуропа нарықтарына бұдан былай көп көлемде экспорттау әлеуеті пайда болды. Бұл жерде әртүрлі елдердің газын сату мүмкіндігі болғандықтан бағасы да тартымды болады.

Қазіргі кезде Ресей жаһандық нарыққа газын тек "Көгілдір ағын" ("Голубой поток") және "Түрік ағыны ("Турецкий поток") құбырларымен Түркия арқылы ғана жеткізе алады. Еуропаға тікелей шығатын бірінші және екінші "Солтүстік ағын" құбырлары соғыс барысында жарып жіберілді. Украинаның батыстық серіктестерін жазалау үшін Мәскеудің өзі олармен газ жеткізуді доғарған болатын.

Түркия сондай-ақ TANAP және басқа газ құбырлары арқылы Әзербайжанның және Иранның газын алады. Өз кезегінде Анкара ол көгілдір отынды Болгарияға, Венгрияға, Македонияға, Молдова мен Румынияға сатып отыр.

"Delfi" басылымының мәліметінше, Украинаның өз жері арқылы ресейлік газды транзитпен өткізуден бас тартуынан бәрінен көп зардап шеккендер анықталды. Бұлар – ресейлік "Газпром" және Молдовадағы әлем мойындамаған "Преднестровье".

Ресейлік және бірқатар қазақстандық (мысалы, "Казинформ") ақпарат агенттіктері Украинаның Ресей газын тасымалдаудан бас тартуы халықаралық нарықта осы отын бағасын ең жоғарғы деңгейлерге дейін аспандатқанын жазды. Бірақ сарапшылар бұл деректі жоққа шығарды.

Мысалы, "Profinance.ru" сарапшылары 2022 жылғы соғыстың бастапқы кезеңінде Еуропадағы газдың құны 1 000 текше метрі үшін 3 800 долларға дейін шарықтағанын еске салды. Биылғы жылдың басында баға шамалы құбылды, әйтсе де, TTF (Нидерланды) хабында 1 000 текше метрі үшін 520-530 доллар айналасында құбылуда. Салыстырсақ, 2023 жылдың қазанында бұл көрсеткіш 540 доллардан асқан еді.

"Украиналық транзиттің тоқтауы Еуроодақ тұтынушыларына арналған газ бағасына еш ықпал етпеді. Өйткені Еуропаға келетін ресейлік газдың негізгі жеткізілімдері 2022 жылы күрт доғарылған болатын. Сонда бұл бағалардың рекордтық өсуіне, еуропалық тауарлар мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін жоғалтуына, тұрмыс құнының артуына соқтырған еді. 2024 жылғы 30 желтоқсанда газ фьючерстерінің құны мегаватт үшін 50,53 еуроға жетті. Бұл сан 2023 жылғы қараша деңгейінен бәрібір көп емес", – деп түсіндірді Reuters.

Еуропада Украина арқылы жеткізілетін ресейлік газды тұтынушылар арасында Словакия мен Австрия қалған еді. Олар бүгінде өзге елдерден баламалы жеткізілімдерді жолға қойды. Венгрия Ресей газын Түркия арқылы алуға көшетін болды.

"Сонда бұл оқиғадан "Газпром", сондай-ақ Молдовадан іс жүзінде бөлініп шыққан ресейшіл өңірі Приднестровье ғана салмақты зардап шекті. Толығымен ресейлік транзитке тәуелді бұл өңір барлық дерлік өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысын тоқтатты. Жергілікті билік үйлерге жылу және ыстық су беруді ағытып тастады. Жергілікті "Тирастеплоэнерго" энергетикалық компаниясы тұрғындарды жылы киінуге, есік пен терезелерді көрпе-одеяломен қымтауға, электр жылытқыштарды пайдалануға шақырды", – деп хабарлады Reuters.

Агенттік сарапшыларының дерегінше, Украина арқылы газ жеткізілімдерінің тоқтауы кесірінен ресейлік мемлекеттік "Газпром" жыл сайын табатын 5 миллиард доллар табысынан айрылып отыр. Ол Австрия мен Словакия нарығын жоғалтты.

Мысалы, Словакияның газ операторы SPP Ресейдің "Газпромын" бірден BP, Eni, ExxonMobil, RWE және Shell сияқты батыстық жеткізушілермен алмастырды.

Ал, Украина транзиттік алымнан жинап келген жыл сайынғы 900 миллион доллардай табыстан қағылды. Бірақ одан көп қолдау қаржыны Киев Батыс серіктестерінен және халықаралық ұйымдардан алады. Сондықтан қарсыласының экономикасын қаусатуға үлес қосатын бұл қадамның шығыны ол үшін сонша көп, төтенше емес болса керек.  

Reuters кезінде Кеңес одағы ұшантеңіз газын әлемге сату үшін қаптаған газ құбырларын төсеуге, Еуропа нарығын жаулауға жарты ғасырды жұмсағанын еске түсірді. Ол істі Ресей жалғастырды. Осы арқылы бүкіл еуропалық нарықтың шамамен 35%-ын "Газпром" бір өзі иемденді.

2018 жылы Ресейден Еуропаға өткізілген құбырлық газдың көлемі рекордтық 201 миллиард текше метрге жеткен. Оның басым көпшілігі Украина газ тасымал жүйесіне тиесілі болды. 2022 жылы бәрі өзгерді. Мәскеу Еуропаны қыста қатыру үшін газ жеткізілімін күрт тоқтатты. Еуропалық Одақ Қатар, Норвегия және АҚШ-тан (сұйытылған табиғи газ) тасуға көшті. Оған бертінде Әзербайжан қосылды.

Ақырында, 2023 жыл қорытындысында Ресейдің Украина арқылы Еуропаға өткізген көгілдір отыны небәрі 15 млрд текше метрді құрады. Енді ол да жоқ.

Бұдан былай ресейлік газ Еуропаға – Болгария, Сербия және Венгрияға Қара теңіз арқылы өтетін "Түрік ағыны" құбырымен ғана жеткізілетін болады. Алайда оның өткізу қабілеті шектеулі – 31,5 млрд текше метр. Оның жартысы Түркияның өзін газбен жабдықтау үшін резервтелген.

Қос "Солтүстік ағынның" тағдыры белгілі. Ал, кеңес кезінен болған, Беларусь арқылы тікелей Еуропаға бағыт алатын "Ямал-Европа" газ құбырын Польша жауып тастады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу