Ресей футболшылары келесі әлем чемпионатына да қатыспайтын болды

УЕФА жеребе тарту рәсіміне көрші елдің құрамасын қоспады.  

Ресей футболшылары келесі әлем чемпионатына да қатыспайтын болды Фото: RT

Бұған спортшыларға салынған санкция себеп болып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жыл соңында футболдан 2026 жылы Америка құрлығында өтетін әлем чемпионатының (Еуропа аймағы бойынша) іріктеу кезеңінің жеребесі тартылады. Жеребе тарту рәсіміне Ресей құрамасы қатыспайды. 

УЕФА ресми құжатында іріктеу кезеңінде 192 матч болатынын хабарлап отыр. Демек, жеребеге 54 құрама қатысады. 

Жеребе 13 желтоқсанда Швейцарияның Цюрих қаласында өтеді деп жоспарланған. Еуропадағы іріктеу турнирі 2025 жылдың наурыз айында басталып, 2026 жылдың дәл осы кезіне дейін жалғасады.

Еске салайық, 2022 жылдың көктемінде ФИФА мен УЕФА Халықаралық Олимпиада комитетінің ұсынысын ескеріп, Ресей құрамасын, сондай-ақ барлық ресейлік клубты осы ұйымдар бақылайтын жарыстарға қатысудан шеттету туралы шешім қабылдаған еді. Яғни, көрші ел құрамасы Катарда өткен әлем чемпионатына, Германиядағы Еуропа біріншілігіне қатыспады.

Басты себеп – Ресей әскерінің Украинаға басып кіруі, басқыншылық соғыс жүргізуі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу