Ресей ғылымы "киргиз-кайсак" ұғымын қайта тірілтіп жатыр – Әбіл Еркін

6867

"Конституциялық эволюциямыз "Алаш" автономиясынан басталады". 

Ресей ғылымы "киргиз-кайсак" ұғымын қайта тірілтіп жатыр – Әбіл Еркін

"Ақжол" демократиялық партиясы "Қазақ республикасына 100 жыл. "Алаш" қайраткерлерінің оны құрудағы рөлі" атты бейнеконференция өткізіп жатыр. Алғашқы баяндаманы жасаған Мемлекет тарихы институтының директоры Әбiл Еркiн Қазақ автономиясының құрылуына 100 жыл толғанын желеу етіп, өткенді шовинистік тұрғыда бұрмалау белең алып бара жатқанын айтып дабыл қақты.

"Қазір Асанов сияқты кейбір ғалымдардың еңбегін саралап қарасақ, Ленин кезеңіндегі солақай саясатты ақтау науқаны қарқынды түрде жүріп жатқанын көре аламыз. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ даласында болған саяси оқиғаларды руаралық қатынастар ретінде ғана сипаттап, Алаш қозғалысының рөлін кемітіп көрсету белең  алып тұр. Ал ресейлік  ғалымдар "киргиз-кайсак" қайтадан тірілтуге тырысып бағуда. Негізі бұл мәселеге байланысты ғылыми эмпирикалық зерттеулер  қазақ элитасы аталмыш кезеңде жеткілікті түрде жаңарып, заманауи қоғам құруға талпынғанын баяғыда-ақ айқын дәлелдеп тастаған", деген ғалым 1920 жылы жарияланған Қазақ автономиясының қазіргі Қазақстанның конституциялық эволюциясына қалай әсер еткеніне тоқталды.

"Аманжолова сияқты ғалымдар Қазақстан тарихы ғылымында бүгінге дейін диполярлық көзқарас бар екенін айтып жүр. Қазіргі шекарамыз туралы әңгіме болғанда Ленин мен Назарбаев кезеңін ғана насихаттап, "Алаш"  қайраткерлерінің еңбегін ескермейтін зерттеулер де бар. Біздің ойымызша, қазақ мемлекетінің шекарасын қайта бекітуде Лениннің еңбегін асыруға да, кемітуге де болмайды. Осыдан 100 бұрын құрылған Қазақ республикасы қазіргі Қазақстанның конституциялық эволюциясына тікелей әсер етті.  Мұны ситуативтік саясат тұрғысынан да қарауға болады. Конституциялық эволюциямыз 4 кезеңнен тұрады. Біріншісі – 1917 жылы "Алаш" автономиясының жариялануы. Екіншісі – 1920 жылы Қазақ автономиясының жариялануы. 1936, 1977 жылғы кеңестік республика құрамындағы өзгерістер үшінші кезең болса, 1990 жылғы Егемендік туралы декларация нәтижесінде қол жеткізген тәуелсіздік эволюцияның төртінші кезеңі болды",  деді Әбіл Еркін.

Есжан Ботақара


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу