Әнді тамылжыта сөзбен жеткізетін қазақ, домбыраның пернесімен күйді төгетін де қазақ.
Заман талабына сай күйлері де бар. Әр кезеңнің өз үні, өз ерекшелігі де бар. Бүгін әңгімемізге арқау болып отырған ол, жүрегі қазақ деп соққан Ресейдегі қандасымыздың қазақтың маңдайға біткен жұлдызы Димаш Құдайбергенге арнап шығарған күйі "Димаштың Байжұмасы" болып отыр.
Күйдің авторы - Ресейдің Алтай өлкесіндегі Қосағаш ауданындағы қандасымыз Жанайдар Нұрсалиев. Күйді орындаушы оның ұлы - 12 жастағы Нұрдәулет Нұрсалиев.
"Жалпы әр күйді бір тұлғаға арнағанда Байжұма деген тіркес болған. Құрманғазының Байжұмасы, Динаның Байжұмасы деген. Сондықтан да күйді "Димаштың Байжұмасы" деп атадым. 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың басында Байжұма атты күйші өмір сүрген. Бізге жеткен туындысы "Қарт Байжұма" күйі. Байжұманың осы шығармасын күйдің ерекше түрі ретінде түсініп, соған еліктеген күйшілер Құрманғазы, Дәулеткерей, Түркеш, Дина, Науша, Орыншалар өз Байжұмаларын шығарған", - дейді алтайлық автор.
Жанайдар Нұрсалиев қазіргі таңда Қосағашта домбыра мектебінде сабақ береді. РФ, Алтай Республикасының еңбек сіңірген әртісі, бірнеше әндер мен күйлердің авторы. 2022 жылы Отандастар қорының Тараз қаласында ұйымдастырған шетелдегі дарынды қандас өнерпаздарға арналған Қасиетті Қазақ елі шығармашылық фестиваль сайысының күй номинациясы бойынша жүлдегері.
"Шығармамды өзіме дәріс берген ұстазым Орынбай Дүйсеновке жібердім. Тыңдап оң бағасын берді. Қазақ еліне де ұнайды деген ойдамын. Жүректен шыққан күй жүрекке жетеді деген сенімдемін. Осы орайда, екі араға дәнекер болып, өнерімізге көңіл бөліп, қолдап жүретін атажұртымыз Қазақстанға, сонымен қатар "Отандастар қорына" алғысымыз шексіз", - дейді Жанайдар.
Димашқа видео сәлемдеме жолдаған Нұрдәулет болса, Ресейдегі "Белый Пароход" фондының солисті. Әнші, әрі күйші. Естеріңізге сала кетсек, жуырда Астанада "Euro Stars" ІІІ Халықаралық өнер байқауында гран-приді жеңіп алған болатын.