Ресей қазақ экспортының әр қадамын спутникпен бақыламақ

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5541

РФ президенті қабылдаған жарлыққа сәйкес, Қазақстан әлемдік, соның ішінде батыстық нарыққа жеткізілімдеріне ГЛОНАСС-пломбасын орнатуға міндеттелді.

Ресей қазақ экспортының әр қадамын спутникпен бақыламақ

Түсіндіре кетсек, ГЛОНАСС (Глобальная навигационная спутниковая система) дегеніміз – америкалық GPS-тен тәуелсіздік алу үшін құрылған ресейлік навигациялық спутниктік жүйе болып табылады.

Ал ГЛОНАСС-пломба – RFID, GPRS және GPS-технологиялар көмегімен жүк көліктерін және контейнерлердің қозғалысын қадағалауға арналған электронды қорғаныш пломбалары болып келеді.

Айта кетер жайт, Ресей үкіметі 2019 жылдың 1 маусымынан бастап, өз аумағы арқылы Украинаға және үшінші елдерге қазақстандық жеткізілімдерге шектеу қойып тастады. Бұл ретте мұнай, мұнай коксы, битум, этан, бензол, толуол және басқасының экспортына толық тыйым салынды. Ал көмір, кокс, бензин, дизельді отын, пропан, сұйытылған газды жеткізу үшін қазақстандық кәсіпкерлер РФ экономикалық даму министрлігінің рұқсатын алуға тиіс. Алайда солтүстік көршінің бұл ведомствосы рұқсат бермек түгіл, соны рәсімдер тиісті құжатты да әзірлемей отыр.

Салдарынан, Қарағандыдан Украинадағы тұтынушыларға бет алған, көмір тиелген 426 қазақстандық вагон шілде айының басынан бері ресейлік-украиндық шекарада қаңтарылып тұр. Олардың сол бойы ары қарай өте алмағанын "Қазақстан темір жолы" растады. Ұлттық компания тіпті вагондарын елге кері қайтарып та ала алмауда. Себебі, олар ресейлік санкцияға іліккен.

Бұл ретте келісімшарттың орындалмауына байланысты салынар айыппұлдарды есептемегеннің өзінде, отандық жүк жөнелтушілердің тәулік сайынғы шығындары 5 миллион теңгеден асатынын бұған дейін "Атамекен" ұлттық палатасы хабарлаған болатын.     

Ресей тарапы бұл мәселе бойынша екі елдің ведомстволары өзара келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады.

"Біздің Үкіметтің қаулысымен Ресей арқылы жүк транзитінің тәртібі өзгерді. 1 маусымнан бастап, барлық елдер, соның ішінде Қазақстан да Ресей Федерациясы арқылы тауар алып өту үшін квота, яғни экономикалық даму министрлігінің рұқсатын алуы керек. Бірақ тиісті құжаттар уақытылы даяр болмады. Қазақстандық вагондар министрліктер мен федералдық кеден қызметінің (ФКҚ) өзара үйлесімді әрекет етпеуі кесірінен шекарада тосылып тұрып қалды. Министрліктен рұқсат болмай, ФКҚ қазақстандық жүктерді сыртқа шығармайды. Салдарынан, биылғы мамырда тиелген жүктердің өзі тек маусымдағы квотамен өте алды. Ресей темір жолдары ("РЖД") жай ғана тасымалдаушы, біз бұл ахуалға ықпал ете алмаймыз", – дейді "РЖД"-ның фирмалық көліктік қызмет көрсету орталығының сауда басқармасының халықаралық тасымалдар бөлімі бастығының орынбасары Павел Жабин.

Дегенмен, оның айтуынша, "Ресей темір жолдары" РФ экономикалық даму министрлігіне хат жолдап, қалыптасқан жағдайды баяндап, дағдарысты шешуді сұрапты. Өз кезегінде министрлік бұл мәселені кеденмен бірлесіп, шешіп жатқанын мәлімдеген.

Қос мекеме ресейлік-украиндық шекарада бөгелген қазақстандық вагондарға қосымша квота беру жайын қарастыруда екен. Содан кейін ғана вагондар одан әрі қозғалысын жалғастыра алады.

Бизнесмендер Ресейде бұл жерде бюрократия деген шырқау шегіне жеткенін айтады. Біздің кәсіпкерлер Ресей арқылы халықаралық нарықтарға шығу үшін осы елдің аталған министрлігінен квота-рұқсат алады, ол квотаны ФКҚ қарап, бекітуі керек. Содан кейін "РЖД"-ның фирмалық көліктік қызмет көрсету орталығының өңдеуіне кімнің қандай жүктеріне квота берілгені туралы ақпарат түседі. 

Тек содан соң ғана Ресей аумағын кесіп өтетін транзиттік тасымалдар бойынша келісім жасалып, олардың жолы ашылады.

Мұндай сорақылық тіпті сұрапыл моңғол шапқыншылығы кезінде де болмаған. Осыдан кейін "Жаңа Жібек жолы" секілді Қазақстан арқылы өтетін жаһандық транзит ағыны жайындағы арманды ұмытуға да болатындай.   

Павел Жабиннің түсіндіруінше, көршінің шенеуніктері квотаны Ресей мен Украина арасындағы тауарайналым көлеміне қарай есептелген. Тиісінше, онда Қазақстанның осы елдер арқылы өтетін транзиті ескерілмей қалыпты. Және бұл қателіктің қашан түзетілері де беймәлім.

"Бұл расында да ақылға сыймайды, қисынға келмейді. "РЖД" федералдық кеден қызметіне осы қайшылықты нұсқап көрсетті. Бірақ ол органнан келген жауапта "тасымал" ұғымына транзиттің де кіретіні айтылған", – дейді ол.

Жаңа талаптар тауардың қай елде жасалғанына қарамастан, Ресей жерін басып өтетін барлық транзиттік жүктерге таралады. Бұл шектеу алдымен құрлықта қамалған ел болып табылатын Қазақстанға соққы болып тиді. Қытай жағы құрлықтық тасымалдарына тоспаны теңіз жеткізілімдерімен өтеуде.

Отандық бизнес үшін бұл шынымен күрделі іс, күйзеліс болып тұр. Елімізден жаһандық нарыққа жол тартатын экспорттың негізгі бөлігі де осы көршінің жері арқылы өтеді.  

"РЖД" шектеулер енгізілгенімен, Қазақстан тарапынан түсіп жатқан өтініштер ауқымы келісім берілген квотадан асып түсіп жатқанын білдірді. Демек, шекарада тосылар вагондар саны өсуі де ықтимал. 

"ҚТЖ – Жүк тасымалдары" АҚ-ы ақпарат құралдарына қазақстандық вагондарды Ресейдің тоқтатып тастауы "тосын сый" болғанын хабарлады: себебі компания Қазақстан мен Ресейдің уәкілетті органдары бекіткен тауарлар тасымалының келісілген көлемін сақтауда екен.

"Біз "РЖД"-дан тасымалдау ережелерінң өзгергені туралы жеделхатты тек 4 шілдеде ғана алдық. Бұл кезде Қарағандыдан жүк тиелген вагондар Кривой Рогқа қарай жөнеліп те кеткен болатын. Сондықтан олар рұқсаты болмай шекарада тұрып қалды. Біз оларды кері әкете алмай отырмыз, себебі, клиенттер келтірілген шығынды өтегілері келмейді. "ҚТЖ – Жүк тасымалы" басшылығы еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне өтініш жолдады. Бүгінде олар осы проблеманы ресейлік экономикалық даму министрлігімен бірлесіп, шешуге тырысуда", – деді салалық "Гудок" басылымына берген түсініктемесінде "ҚТЖ – Жүк тасымалы" бас директоры орынбасарының міндетін атқарушы Мұхтар Махамбет.

Өз кезегінде "Атамекен" КҰП РФ президентінің жарлығына сәйкес, 1 шілдеден бастап, санкцияға іліккен тауарларды тасымалдау шарттары өзгергенін еске салды. Жарлық бойынша осы тізімдегі қазақстандық тауарлар Ресейдің мемлекеттік шекарасындағы белгілі бір өткізу бекеттерінен ғана өте алады және оларды тасымалдайтын автомобиль және темір жол көліктеріне ГЛОНАСС-пломбасы орнатылуға тиіс. Бұған қоса, автокөлік жүргізушілері қолында тіркеу талоны бар болуы қажет.

Сорақысы сол, халықаралық транзиттік авто және темір жол тасымалдарын жүзеге асырудың жаңа тәртібі және өткізу бекеттерінің тізімі РФ үкіметінің жеке шешімімен анықталады.

Шілде аяқталуға таяды, ал РФ үкіметінің Қазақстан зарыға күткен шешімі әзірге қабылданған жоқ.

Осыған байланысты "Атамекен" палатасы отандық кәсіпкерлерді Ресей арқылы тасымал жасау кезінде тауарлардың тосқауылға ұшырауы мүмкіндігін есте сақтауға және оған жол бермеу шараларын қарастыруға шақырады.

Сондай-ақ РФ үкіметі тасымалдауға қатысты жаңа талаптарын анықтайтын құжатты ресми жариялай салысымен, ұлттық палата да төл сайтында өзінің ресми түсініктемелерін беретінін мәлімдеді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу