Ресей қазақ жауынгерінің жеңісін ұрлап алды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3872

Өткен демалыс күндері Ресейде АСВ турнирі өтіп, онда Арман Оспанов осы елдің спортшысы Алексей Полпудниковпен айқасқан болатын.

Ресей қазақ жауынгерінің жеңісін ұрлап алды

Бұл бұрын "ережесіз төбелес" деп аталатын, аралас жекпе-жектің бір түрі еді. АСВ (Absolute Championship Berkut) деп аталатын промоутерлік компанияның ұйымдастырып жүрген турнирі. "Бүркіттің абсолютті чемпионы" деген мағынаны білдіреді. 2014 жылы Ресейдегі "Беркут" (Бүркіт) клубы құрған.

Осы промоутерлік компанияның турнирлеріне қазақтың жүрегінің түгі бар жігіттері де қатысып, небір қарулы спортшыларды жеңе бастады. Бұған ресейліктердің өздері де таңданып жүр. Енді тіпті жеңісті қазақ жігіттеріне бермей, көпе-көрнеу бұра тартуға да кіріскендей.

Бұлай дейтін себебіміз, Мәскеуде өткен АСВ-77 турнирінің ең басты жекпе-жегінде "Алаш Прайд" клубының серкесі Арман Оспанов (8-1) және ресейлік Алексей Полпудников (24-4-1) айқасты. Шектен тыс шиеленісті өткен, үш раундқа созылған жекпе-жекте қазақ жауынгері басым түскен еді. Бірақ төрешілер 4:1 есебімен жеңісті өз жерлестеріне берді.

Сол-ақ екен, осы жекпе-жекті тамашалауға келген көрермендер улап-шулап, залды басына көтерді. Әрине, олардың көбісі жергілікті жанкүйерлер болатын. Бірақ олар да әділеттікті талап етті. Микрофон жеңімпаз ретінде Алексей Полпудниковке берілгенде, көрермендер айқайға басып, оны тыңдамай қойды.

Ресей спортшысы көрермендер сабасына түскенде, "сіздер шулай беріңіздер, бірақ бұл шешімді шығарған – мен емес, төрешілер" деп ақталды. Содан соң Арманға алғыс айтып, "үшінші рет жекпе-жекке шығып, бәріне нүкте қояйық" деп салды. Үшінші рет дейтін себебі, 2013 жылы екеуі Сочиде кездесіп, 28 жастағы Арман 25-тегі Полпудниковті жекпе-жектің 58-секундында нокаутқа түсірген болатын.

Төрешілер де, шешімдерін өзгерткілері келмей, "екеуі үшінші рет кездессін, бұл жекпе-жек Қазақстанда" өтсін" деп отыр. Ал АСВ промоушенін құрған Майрбек Хасиев Мәскеудегі шулы жекпе-жекті бүге-шігесіне дейін талдап, жалпы есеп 29:28, Арман жеңді" деп ашығын айтты. Ал "Алаш Прайд" клубы Оспановты жақтап, әділеттік орнауын талап етуде...

Қалай десек те, АСВ промоутерлік компаниясы өздерінің беделдеріне нұқсан келтіріп алғандай. Бірақ жеңісті қайтарып берер емес. "Қаласаңыздар, екеуі қайтадан кездессін, сонда кім жеңгені белгілі болады" деп түлкібұлаңға салып отыр.

Арман жекпе-жектен қашпас-ау. Бірақ спорттық карьерасына тағы бір жеңіліс қосылғаны қиындау болып тұр. Бұған дейін сегіз рет жеңіске жетіп, жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген еді. Алайда биыл, 9 қыркүйек күні Алматыда Бразилия тарланы Тьяго Бонифасио Сильвадан бірінші рет ұтылып қалды. Енді міне, Ресей промоушені тағы бір жеңілісті жамап беріп отыр...

Айтпақшы, осы кеште тағы бір жігітіміз сегізбұрышқа шыққан болатын. Әлі ешкімнен жеңіліп көрмеген Асылжан Бақытжанұлы жетінші жеңісіне қол жеткізді. Ол ресейлік Муслим Махмудовты екінші раундта нокаутпен жеңді. Ауыр соққыларымен бас көтертпей ұрып, қарсыласуға мұршасын келтірмеді. Төрешілерді осындай таза жеңісімен жер қылды.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу