Ресей қазақстандық астықты Орталық Азия нарығынан ығыстыруға кірісіп жатыр

6385

Мәскеудің Украинадағы "астық келісімінен" шығуының шын себебі жария болды.

Ресей қазақстандық астықты Орталық Азия нарығынан ығыстыруға кірісіп жатыр Фото: Серікжан Қобыланбаев

Қазақстанда парадоксты жағдай қалыптасты. Бір жағынан, елде бидай бағасы құлдырап, қатты арзандады. Екінші жағынан, ұн арзандау орнына, қымбаттап барады. Сарапшылар бұл "қазақстандық феноменге" делдалдарды айыптайды.

Ұн тартушылар болса, тасымалдаушылардың тарифті көтергенін алға тартып, бағаны түсіретін емес. Ақыр соңында екі ортада халық пен егіншілер зардап шеккелі тұр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Республиканың ішкі нарығында бидай бағасының төмендеу үрдісі жалғасуда. Бұған екі ірі фактор әсер етіп отыр.

Біріншіден, логистикалық проблемалар туындап, жаңа астықты тасымалдау үлкен проблемаға айналды. Диқандар бидайдың бір бөлігі сыртта жатқанын, оны сақтайтын жер қалмағанын айтып, дабыл қағуда. Ал астық тасығыш вагондар (зерновоз) "даладағы элеваторға" айналып кеткен: оларды ілгері сүйрейтін локомотивтер тапшы, әрі теміржолдардың өткізу қабілеті шамалы, кептелістер туған. 40 элеватор бидай қабылдауын тоқтатқан. Ұн өндіруші кәсіпорындар да шамадан тыс жүктелген. Фермерлер бұл жағдайда тек ірі холдингтер және жоғарыда тірегі бар аграрлық компаниялар ғана ұтып, ұпайын түгендеп жатқанын айтады.

Eldala, сияқты АӨК саласына маманданған порталдар РФ Астық экспорттаушылар одағына сілтеме жасап, Ресейдің Қазақстанды Орталық Азия нарығынан ысырып шығаруға білек сыбана кіріскенін жариялады. Жалпы Ресей онсыз да қазақ елін жаһандық астық нарықтарынан айырды. Бұрын қазақ астығы ұзын-сонар әрі үздіксіз заманауи "керуендермен" Ресей аумағын кесіп өтіп, Еуропаға, тіпті Америкаға бағыт алатын.

Бірақ он жылдай бойы тоқтаусыз рекордтық астық жинаумен келе жатқан РФ теміржол вагондарын қазақстандық трейдерлерге бермей қойды. Аста-төк өз астығынан аспайды. Бұған қоса, өз жері арқылы транзитпен өтетін қазақстандық астық үшін алым-салықты арттырды. Салдарынан, құны қымбат қазақ бидайын алыс нарықтардағы клиенттер сатып алуды доғарды. Соның кесірінен Қазақстанға Орталық Азия, Ауғанстан, Иран нарығымен шектелуге тура келді. Енді одан да қол үзуі ықтимал. Басқыншылығы үшін дамыған елдердің санкциясына тап болып, тұйықталған Ресей Азияға бет бұрды. Бұл ретте кезекті рекордтық көлемдегі ылан-ойран астығын қайда жіберерін білмей дағдарған Ресей демпинг жасап, оны үлкен жеңілдікпен сатып жатыр. Мысалы, Нью-Йорк тауарлық биржасында (NYMEX) бидайдың 1 тоннасы 306 доллардан жоғары саудалануда. Ал Ресей оны 200 доллардан ұсынады. Қазақстандық диқандар жоғары шығынын өтеп, азын-аулақ табыс табу үшін ең құрығанда 250 долларға (120 мың теңге) сатқысы келеді.

"Қазіргі уақытта Қазақстан Тәжікстан мен Өзбекстанның бидай импортын 90% қамтып отыр. Алайда Ресей осы нарықтарды белсенді игеруге кірісті. Бүгінде Ресей аймақ елдері үшін бәсекелі ұсыныстар әзірлеуге даяр", – деді Ресей Астық экспорттаушылары одағының басшысы Эдуард Зернин Тәшкентте өткен форумда.

Орталық Азия нарығы перспективті саналады: аймақ елдерінде халық саны қарқынды өсуде, нан жейтін ауыз көбейді, ал құрғақшылық пен қуаңшылық арта бастаған. Сарапшылар алдағы 2-3 жылда аймақтағы бидайға деген сұраныс үштен бірге ұлғаяды деп күтіп отыр. 

Бұл ретте дәстүрлі түрде қазақ елінен алып келген бидайдан бас тартып, оның орнына ресейлікті алуға Тәжікстанның ықыласы ауды. Ол бидайдың жалпы импортын 2021 жылғы 1,1 млн тоннадан 2024 жылы 1,4 миллион тоннаға дейін арттыруды жоспарлауда. Яғни, бұл нарық үшін күрес қызады. Форум қатысушылары "Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктері төмендеп жатқанына, тіпті Қазақстанның өзі болашақта бидай импортына тәуелді болып қалуы ықтимал екеніне" назар аудартыпты. Өйткені су тапшылығының ушығуы және астық шығымдылығының 2030 жылға қарай 40%-ға төмендеуі салдарынан, Қазақстанда бидай өндірісі 8 млн тоннаға дейін құлдырауы мүмкін. Ал бұл сол кезде Қазақстан халқын асырауға да жетпейді. 

Қырғызстанның Ұлттық статистикалық комитетінің хабарлауынша, Алатаудың ар жағындағы көрші қазақ бидайын сатып алуды биыл бірден 20 есеге азайтты. Оның орнын Ресей басты. 2022 жылғы 8 айда қырғыздар ресейлік бидай импортын 2,3 есеге арттырған. Нәтижесінде, осы мерзімде Ресей Қырғызстанға 117,2 мың тонна бидай сатты. 2021 жылғы қаңтар-тамызда 50,9 мың тоннасын ғана өткізе алып еді. Бұған қоса, қырғыздардың өзі жақсы астық жинады. Қырғызстан Қазақстаннан импорттайтын бидайды былтырғы 72,9 мың тоннадан осы жылы 3,7 мың тоннаға дейін 20 есеге азайтты. Соның өзінде қырғыздар малға арналған жемазық бидайды алыпты: биылғы 8 айда Қырғызстан Қазақстаннан бірде бір келі азық-түліктік бидайды сатып алмады. 

Қазақстан Ресейге тасымал саласында да ұтылатыны әшкереленді. Астық ору науқаны басталғалы отандық теміржол желісі тасымалды үдемелі түрде арттыруды қамтамасыз ете алмай, жеткізілімдер тізбегінің бұзылуына жол берді. Жалғыз бидай ғана емес, ұн, майлы және басқа дақылдарды жөнелтуде үлкен кідірістер пайда болды. Мұның бәрі, сарапшылардың мәлімдеуінше, Қазақстанды сенімді серіктес статусынан айырады. Халықаралық нарық Қазақстандағы былыққа телміріп, оның түзетілуін күрсіне күтіп отырмайды, келесі экспорттаушыға жалт бұрылып кетеді.

 

"Біз қалыпты экспортты да жолға қоя алмай жатырмыз. Бізге сенім артқан Орталық Азия мен Ауғанстандағы контрагенттеріміз қаңырап бос тұрған қоймаларымен қалды. Осы кезде Ресей алдымызды орап, аймақты тұрақты жеткізілімдермен қамтамасыз ететінін және Қазақстанды ығыстырып шығаруға дайын екенін мәлімдеді. Өңірдегі серіктестеріміз әзірге біздің теміржолмен байланысты проблеманы шешуімізді күтіп отыр. Егер мәселені таяу уақытта еңсере алмасақ, онда олардың төзімі таусылады. Алда қытымыр қыс келеді. Олар Ресей астығына ден қоюға мәжбүр болады", – деді Қазақстанның Астық одағының ресми өкілі, сарапшы Евгений Карабанов.

Оның түсіндіруінше, теміржолдағы тығырықтың бір себебі – пандемиядан кейін Қытайдың Еуропаға тасымалы көлемінің еселеп артуы болған. Транзиттік тариф ішкі тарифтен екі еседей жоғары, сондықтан өз теміржолдарымызда қазақстандық тауарларды қытайлық тауарлар шетке шығарып жатқанға ұқсайды.  

"Нәтижесінде, Қытайдың транзиттік контейнерлік пойыздары Қазақстанның бүкіл территориясымен тәулігіне 1000 шақырым жылдамдықпен зулап өтеді. Осы жылдамдықты қамтамасыз ету үшін оларға басымдық береді, біздің пойыздар өтіп кетуін күтіп тұрады. Сондай-ақ магистралді локомотивтер соларға қызмет етеді. Ал біздің отандық экспорт жүрелеп қалды. Үкімет таңдау жасауы қажет. Не көршінің бизнесін қолдайды, не өзіміздің бизнеске басымдық береді", – деп ұсынды Евгений Карабанов.

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы қалыптасқан күрделі жағдайдың себептері ретінде жалғасып жатқан жөндеу жұмыстарын атады, сондай-ақ еліміз бойынша көмірді, дизелді және басқа да стратегиялық тауарларды басымдықты түрде жеткізу қажеттілігімен түсіндірген еді. Қысқы жылыту маусымы басталған 15 қазаннан кейін жағдай қалыпқа келетінін айтқан. Әйткенмен трейдерлер ахуалдың түзелгені байқалмайды дейді.

"Бізде мысалы, Смирново станциясында 4 күннен бері бос вагондар қаңтарылып тұрды. Олар жүк тиеуге апаратын маневрлік локомотивті күтті. Содан соң жүк тиелген вагондарды алып кетуі үшін оны тағы да біраз күтуі қажет болады. Үшінші кезеңде вагондар елдің солтүстігінен оңтүстігіне бағыт алады, оған 12–14 күн кетеді. Жалпы алғанда, жүк жеткізілімінің мерзімі екі есе ұзарып кетті", – деді Е.Карабанов.

Айтқандай, жексенбі күні Мәскеу Украинамен арадағы бидай келісімінен шығатынын мәлімдеді. Оның алдында белгісіз дрондар мен суасты катер-камикадзелер Севастопольда айлақта тұрған РФ кемелеріне шабуыл жасады. Кейбір мәліметтер бойынша 29 қазан түніндегі соққы барысында "Адмирал Макаров" фрегаты қатты зардап шеккен. Бұл алып кеме биылғы сәуірде "Мәскеу" крейсері батып кеткеннен кейін соның орнын басып, Черномор флотының флагманына айналған еді.

Түнгі шабуылға жауабы ретінде РФ Түркияның араағайындығымен қол жеткізілген, 1 тамыздан бері Украинаға астығын, ауыл шаруашылығы өнімдерін және тыңайтқыштарын Қара теңіз арқылы әлемдік нарыққа тасуына жол ашқан "астық келісімі" тоқтатылатынын жариялады.

Оның қарсаңында Түркия Үкіметі тамыздан бері Украинадан теңіз арқылы 9 миллион тонна ауыл шаруашылығы жүктері әкетілгенін мәлім етті. Осының арқасында Украина барлық ірі нарықтардан Ресейді ығыстырып шығара бастаған еді. Демек, сарапшылардың байламынша, жалған сылтаумен астық келісімінен шығу арқылы Мәскеу әлемде қайтадан астық тапшылығын туындатып, ресейлік ауыл шаруашылығы өнімдерін күштеп тықпалаудың жолын қарастырып жатқанға ұқсайды.

Ал әзірге Ресей орталықазиялық және қазақстандық нарықта өз одақтасымен жағаласудан тайынбады. Ресейлік бидайдың Қазақстандағы құны бір тоннасы үшін 95 мың теңгеге дейін түсті. Қазақстандық бидай 115-117 мың теңге тұрады. Көрші елден арзан астықтың тасқындауы ішкі нарыққа қатты қысым көрсетуде. Отандық диқаншылар шығынға батпау үшін тым төмен бағаға сата алмайды. Оларға кредиттерін өтеу, лизинг бойынша қарызын төлеу, жұмысшыларына жалақы беру, басқа шығындарын жабу, келесі көктемгі егіс науқанына дайындыққа кірісу қажет.

Мемлекет отандық өндірушілерге көмек көрсетуге тырысты. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы бидайды әр тоннасын 121-125 мың теңгеден сатып алды. Астықшылар одан 120 мың теңгеден қосымша көлемді сатып алуды сұрап отыр. Себебі корпорация нарықтан 1,5 миллион тонна астықты алған. Ал ресейлік астықтың ағындауы салдарынан тағы 3 миллион тонна бидай артылып қалатын көрінеді.

Тағы бір жаңалық. Ресей тәліптер басқаратын Ауғанстанға 2 миллион тонна бидайды гуманитарлық мақсатта беретінін мәлімдеп, тиісті келісім бекітті. Foreign Policy ауған қарулы күштері мен қауіпсіздік қызметтеріндегі дерекөздеріне сілтеме жасап, Мәскеу Ауғанстаннан бұрынғы биліктің әскерилерін (коммандос) ерікті ретінде жалдап, Украинадағы соғысқа тартуға күш салып жатқанын хабарлады. Оған қол жеткізе ме, жоқ па, белгісіз. Бір белгілісі, 2 миллион тонна тегін астық Ауғанстанға жетсе, бұл ел Қазақстаннан астық сатып алмауы мүмкін.

Қиындықтарға қарамастан, Қазақстан биылғы жыл басынан бері Орталық Азияға бидай экспортын былтырғыдан 33,7% арттыра алды. Export.gov.kz тelegram-арнасының хабарлауынша, Қазақстан 8 айда ОА-ға бидай экспортынан 702,9 млн доллар табыс тапты. Бұл 2021 жылғы ұқсас кезеңдегіден 177,3 млн долларға немесе 33,7%-ға көп (былтыр 525,6 млн доллар болған).

QazTrade дерегінше, биылғы 8 айда Қазақстан бүкіл әлемге бидай сатудан 1 млрд 096,4 млн доллар табысқа кенелді. Былтырғы 8 айда 812,1 млн доллар табыс тапқан еді. Яғни ақшалай түсім 35%-ға артты. Жалпы бидайды алыс шетел нарығына сату әлдеқайда пайдалы. Өнім қымбат бағаланады. Қазақ бидайын тұтынушы елдер қатарында дәстүрлі ОА өңірі – Ауғанстан сыртында, ТМД мемлекеттері, Иран, Италия, Түркия, шағын көлемде алатын Ұлыбритания, Норвегия, Латвия, Ливан, Тунис, Швейцария, Моңғолия, Польша бар.

Қорыта айтқанда, шенеуніктер мол астыққа тағы дайын болмай шықты. Оны ысырап етіп жатса, табиғат та кешірмеуі мүмкін. Ташкенттегі форумда айтылғандай, Қазақстан осы күніне зар болып қалмаса, жақсы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу