"Ресей Қазақстанға оккупациямен қауіп төндіреді деу арандатушылық және ақымақтық"

1666

Жаңаөзенде басталған бейбіт шеру Алматыда асқынып, терроризмге ұласады деп ешкім ойлаған жоқ. Өкініштісі елге төтенше жағдай енгізіліп, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесіне мүше-мемлекеттердің әскері келді. Бейбіт тұрғындар, әскери қызметкерлер, балалар қайтыс болды. 

"Ресей Қазақстанға оккупациямен қауіп төндіреді деу арандатушылық және ақымақтық"

Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі тарихында тұңғыш рет мүше-мемлекеттің аумағында әрекет етіп, көмек көрсетуге көшті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Алматыдағы тәртіпсіздікке қатысушыларды "наразылық білдірушілер" деп атаудың қажеті жоқ. Біз банданы, тонаушыларды, басбұзарларды, экстремистерді, бұзақылар мен арандатушыларды көрдік. Оларды ұйымдастырушылар мен үйлестірушілер бар екенін білдік. Мен бұл бассыздыққа Әблязовтың қатысы бар екеніне күмәнмен қараймын. Бұл жерде сахнаға көлеңкелі қылмыстық-радикалды топтар шығып отыр. Біз қылмыскерлердің спортшылармен, діни экстремизм өкілдерімен және ұлттық популизмнің қолдаушыларымен қосылып кеткенін көргенбіз. Маргиналданған жастар көлеңкелі саясаттың қолшоқпарына айналды", – деп жазды саясаттанушы Данияр Әшімбаев әлеуметтік желідегі парақшасына. 

Біз пікір иесіне хабарласып, түсініктеме беруді сұрадық. 

"Бейбіт шеру демократиялық, әлеуметтік наразылық шеңберінен шығып кетті. Алаңға ашық ұрысты, талқандауды, төңкеріс жасауды мақсат еткен адамдар шығып, тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызға қауіп төндірді. Содырлар террористік акт жасады. Дәл қазір нақты әрі кесімді пікір білдіруге толық негіз болатын дерек жоқ. Дегенмен Алматы көшелеріне мыңдаған содырлардан құралған, ұйымдасқан көлеңкелі экстремистік ұйым өкілдері шыққаны белгілі", – деді Данияр Әшімбаев.

Саясаттанушының сөзінше, содырларды қалаға кіргізу, орналастыру бойынша жоспарлы әрі ауқымды жұмыс жүргізілген.

"Билікті күшпен тартып алуға әрекет жасалды. Мұның артында салафиттік және қылмыстық ұйымдар тұр деген болжам бар. Өкінішке қарай дін мен қылмыстың бірігуі қазіргі заманның шындығына айналып кетті. Алматыда бейберекетсіздікке шет мемлекеттен келген адамдардың да қатысқаны белгілі болып жатыр", – деді Данияр Әшімбаев. 

Оның айтуынша, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінен көмек сұрау мәжбүрлі әрі қажетті шара болған. 

"Елде терроризмге қарсы операция жүріп жатыр. Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің әскері бізге қолдау көрсетуде. Қазақстандықтар Ресей әскері бізде ұзақ уақытқа қалып қояды деп күдіктенеді. Бұлай болмайды. Ресей ең алдымен көршілерінің тұрақтылығына мүдделі. Қазір бізге террористермен күресу қажет. Ресей Қазақстанға оккупациямен қауіп төндіреді деу  арандатушылық және ақымақтық", – деп қорытты сөзін саясаттанушы. 

Айбын Асқарұлы
Фото Данияр Әшімбаевтің әлеуметтік желідегі парақшасынан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу