АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты тоқтату үшін Мәскеуді Киевпен келісімге келуге шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап.
"Ресей келісімге келуі керек", – деп атап өтті ол G7 саммиті аясында.
Сондай-ақ Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездескенін және онымен тағы бір жүздесу жоспарланғанын растады.
АҚШ президенті Таяу Шығыстағы қақтығысты тоқтату жөнінде келісімге қол жеткізілгеннен кейін қайтадан Украина мәселесімен айналысатынын айтты. Ақ үй басшысы Путинге бағытталған үндеуінде соғыстағы адам шығынының көптігіне назар аударды.
"Ресейде де, Украинада да адам шығыны көп", – деді АҚШ президенті.
G7 елдері Ресейге қысымды күшейту қажет деген ортақ ұстанымда екені белгілі болды. АҚШ та қазір қолайлы сәт екенін біліп отыр. Себебі Украина дрондарды сәтті қолданып, нәтижесінде Ресей әскері майданда тығырыққа тірелді.
"Украина қазір бұрынғыдан да мықты позицияға ие. Ресей бұл соғыста әскери жолмен жеңіске жете алмайды. Бұған қоса, оның экономикасы да әлсіреп жатыр", – деді Германия канцлері Фридрих Мерц.